Құрылыстағы камералдық бақылау: бизнестің ұсыныстары ІМАК-пен талқыланды
«Атамекен» ҰКП мен ҚР Қаржы министрлігі Ішкі мемлекеттік аудит комитетінің (ІМАК) өкілі камералдық бақылау жүргізудің жаңартылған қағидаларын қолдану мәселелерін талқылады.
Палата бұл бағыттағы жұмысты биылғы қыркүйек айынан бері жүргізіп келеді. Өзгерістер қабылданғаннан кейін көп ұзамай «Атамекен» ҰКП Басқарма төрағасының орынбасары Назира Үсенованың қатысуымен ІМАК өкілдерімен алғашқы талқылаулар өткізіліп, кәсіпкерлік қоғамдастық жаңа талаптарды қолдануға қатысты ескертулері мен өзекті мәселелерін ортаға салды.
«Камералдық бақылау талаптарының біркелкі әрі дұрыс қолданылуын қамтамасыз етіп, бизнес үшін негізсіз кедергілерді болдырмау маңызды. Жаңа тетіктер түсінікті әрі тиімді болуы тиіс», - деді Назира Үсенова.
Қыркүйектегі кездесудің қорытындысы бойынша ІМАК жаңа талаптарды қолдану мәселелері жөнінде аумақтық ішкі мемлекеттік аудит департаменттерімен түсіндіру жұмыстарын ұйымдастырды. Дегенмен бизнес үшін өзекті болып отырған бірқатар мәселе қосымша талқылауды қажет етті.
29 қазанда өткен кездесуде құрылыс саласындағы кәсіпкерлердің ескертулерін туғызған № 28 және № 29 тәуекел бейіндеріне ерекше назар аударылды. Атап айтқанда, кәсіпкерлер орындалған құрылыс-монтаждау жұмыстарының актілерін тексеру, тапсырыс берушілер мен мердігерлердің жауапкершілігін ажырату, сондай-ақ анықталған бұзушылықтардың орындалған жұмыстарға ақы төлеуге ықтимал әсері жөніндегі мәселелерді көтерді.
Талқылау барысында ІМАК өкілі кәсіпкерлердің бұзушылықтарды анықтау, хабарламаларды жолдау және олардың орындалу тәртібіне қатысты ұсыныстарын тыңдады. Сонымен қатар бизнес өкілдері № 28 тәуекел бейінін камералдық бақылау жүргізу қағидаларынан алып тастауды ұсынып, оны қолдану кезінде туындайтын қиындықтарды атап өтті.
Комитет өкілі аумақтық ішкі мемлекеттік аудит департаменттерімен жұмыстың жалғасып жатқанын хабарлап, келіп түскен ескертулерді қосымша пысықтауға дайын екенін білдірді. Оның ішінде кәсіпкерлерге қиындық туғызатын жекелеген талаптарды қайта қарау мүмкіндігі талқыланды. Камералдық бақылау хабарламаларын қарау және орындау мерзімдерін ықтимал қысқарту мәселесіне ерекше назар аударылды.
«Атамекен» ҰКП-ға камералдық бақылау жүргізу қағидаларына өзгерістер енгізуді көздейтін бұйрықтың жаңа жобасы да келіп түсті. Палата барлық мүдделі кәсіпкерлер мен бизнес-қоғамдастық өкілдерін құжат жобасымен танысып, өз ескертулері мен ұсыныстарын a.mukhamejanova@atameken.kz электрондық мекенжайына жолдауға шақырады.
Ұлттық палата қағидаларды қолданудың бірыңғай тәсілдерін қалыптастыру және тәжірибеде туындайтын даулы мәселелерді шешу мақсатында уәкілетті органмен және кәсіпкерлік қоғамдастықпен бірлескен жұмысты жалғастырады.