Көлік дәліздерінен қорғалған инвестицияларға дейін: «Атамекен» Орталық Азиядағы ынтымақтастықтың басым бағыттарын айқындады
Жаңа көлік бағыттары өндіріс орындарын ашуға, сауданы дамытуға және капитал тартуға мүмкіндік беруі тиіс. Екінші Тянь-Шань форумында «Атамекен» ҰКП инфрақұрылымды дамытуды, инвесторларға қолдау көрсетуді және бизнестің құқықтарын қорғауды біріктіретін тәсілін ұсынды.
2–3 қараша күндері Алматыда тұрақты өзара байланыстарды нығайтуға және сапалы инвестицияларды тартуға арналған Орталық Азиядағы экономикалық ынтымақтастық жөніндегі Екінші Тянь-Шань форумы өтуде. Іс-шараны Орталық Азия өңірлік экономикалық ынтымақтастық институты (ОАӨЭЫИ) мен Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика министрлігі ұйымдастырды. Форумның стратегиялық серіктесі – Азия даму банкі.
Форум қатысушыларына ОАӨЭЫ институтының директоры Чарымухаммет Шаллыев пен Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалды құттықтау сөз сөйледі. Ашылу салтанатында Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин, Қытай Халық Республикасының қаржы министрі Лань Фоань, Пәкістанның инвестициялар министрі Кайсер Ахмед Шейх және Азия даму банкінің Оңтүстік, Орталық және Батыс Азия бойынша вице-президенті Ян Инмин сөз сөйледі.

Мемлекеттік органдар, халықаралық қаржы институттары мен іскерлік қоғамдастық басшыларының қатысуы форумда көтерілген мәселелердің стратегиялық маңызын көрсетеді. Олардың қатарында сауда дәліздерінің сенімділігі, энергетикалық қауіпсіздік, цифрлық инфрақұрылым және жаңа өндірістерді қаржыландыру мәселелері бар.

Инвестиция тарту және қаржыландыру көздерін әртараптандыру жөніндегі панельдік пікірталаста қазақстандық бизнестің ұстанымын «Атамекен» ҚР ҰКП Басқарма төрағасының орынбасары М. М. Маханов таныстырды. Оның сөзіндегі басты мәселе – өңірлік стратегиялар мен мемлекетаралық келісімдердің нақты жұмыс істейтін кәсіпорындар мен құқықтық тұрғыдан қорғалған инвестицияларға айналуына қажетті жағдайлар.
«Мұндай кездесулердің шынайы құндылығы – олардың практикалық пайдасында. Бұл – ауқымды өңірлік стратегиялар мен мемлекетаралық келісімдерді нақты келісімшарттарға, қорғалған инвестицияларға және жұмыс істеп тұрған кәсіпорындарға айналдыратын іскерлік көпір», – деп атап өтті Маханов

Жаһандық жеткізу тізбектері қайта құрылып жатқан кезеңде Орталық Азияның Еуразия саудасындағы рөлін нығайтуға мүмкіндігі артып келеді. Жаңа жолдар, логистикалық тораптар мен энергетикалық байланыстардың экономикалық тиімділігі көбіне іскерлік ортаның сапасына, рәсімдердің ашықтығына, реттеу талаптарының болжамдылығына және серіктестердің сенімділігіне байланысты.
«Инвестор өндірістің нақты жағдайын, контрагенттің құқықтық мәртебесін жан-жақты бағалап, шешім қабылдайтын тұлғалармен тікелей байланыс орната алуы қажет. Сондықтан біз алғашқы келісімге қол қоймай тұрып-ақ «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасымен диалог орнатуға кеңес береміз», – деп атап өтті ҰКП Басқарма төрағасының орынбасары.

Бұл бағыттағы жұмыста Палата өңірлік желісінің, салалық қауымдастықтар мен одақтардың, сондай-ақ Қазақстанның Сыртқы сауда палатасының мүмкіндіктерін біріктіреді. Өңірлік палаталар жобаларды орналастыруға қолайлы алаңдарды таңдауға көмектеседі, бейінді бірлестіктер салалық сараптама ұсынады, ал Сыртқы сауда палатасы экспорттық-импорттық операциялар мен халықаралық кооперацияға қолдау көрсетеді. Мұндай тәсіл инвесторлардың сұраныстарын нақты өңірлер мен кәсіпорындардың мүмкіндіктерімен ұштастыруға жол ашады.
Инвестициялық сенімнің ең маңызды негіздерінің бірі – бизнестің құқықтарын қорғау. 2025 жыл мен 2026 жылдың бірінші жартыжылдығында «Атамекен» кәсіпкерлердің 70,8 млрд теңге көлеміндегі мүліктік құқықтарын қорғады. 2 433 өтініш бойынша оң нәтижеге қол жеткізілді. Бұл көрсеткіштердің артында күшін жойған айыппұлдар мен өсімпұлдар, жойылған заңсыз әкімшілік кедергілер, сақталып қалған компания активтері мен қаржы қаражаты тұр. Сонымен қатар 2025 жылы Палата 371 сот ісіне қатысып, оның 210-ы кәсіпкерлер мен инвесторлардың пайдасына шешілді.
Құқықтық қорғау шаралары реттеу жүйесінің сапасын жақсартуға бағытталған жүйелі жұмыспен толықтырылады. Аталған бір жарым жыл ішінде «Атамекен» нормативтік құқықтық актілердің жобалары бойынша 4 700-ден астам сараптамалық қорытынды дайындады. Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау жөніндегі кеңестер мемлекеттік органдарға жолдаған 1 138 ұсынымның 84%-ы ресми түрде қолдау тауып, қабылданды.
ОАӨЭЫ күн тәртібі аясында Палата инвесторлармен және даму жөніндегі серіктестермен ынтымақтастықтың үш басым бағытын белгіледі.

Бірінші бағыт – Орта дәліздің тиімділігін арттыру. Бұл шекара маңындағы инфрақұрылымды жаңғыртуды, навигациялық пломбаларды енгізуді, көлік кептелістерін жоюды және кедендік рәсімдерді цифрландыруды қамтиды. Бизнес үшін бұл жеткізу мерзімдерінің болжамдылығын арттырып, шығындарды азайтуға мүмкіндік береді.
Екінші бағыт – қосылған құны жоғары бірлескен өндірістер құру. Дамып келе жатқан көлік желісі өнеркәсіптік кооперацияны, өнімді қайта өңдеуді және кәсіпорындардың сыртқы нарықтарға шығуын ынталандыруы тиіс.
Үшінші бағыт – таза энергиямен жабдықтауға, жаңартылатын энергия көздеріне және электр желілерін жаңғыртуға инвестиция салу. Бұл жұмыс істеп тұрған кәсіпорындардың тұрақты қызметін қамтамасыз етуге және жаңа өндірістерді іске қосуға негіз болады.
«Атамекен» инвесторлар мен халықаралық қаржы институттары үшін жүйелі B2B-диалог ұйымдастыруға, жергілікті серіктестер мен өндірістік алаңдарды бастапқы тексеруге жәрдемдесуге, сондай-ақ жобаларды консультациялық, ұйымдастырушылық және құқықтық тұрғыдан сүйемелдеуге дайын екенін білдірді.
Ұлттық палата үшін өңірлік ынтымақтастықтың басты нәтижесі – жаңа кәсіпорындардың ашылуы, тұрақты өндірістік байланыстардың қалыптасуы және қазақстандық бизнестің халықаралық қосылған құн тізбектеріне қатысуының кеңеюі. Инвесторға алғашқы өтінішінен бастап жобаны жүзеге асыруға және оның құқықтарын қорғауға дейін қолдау көрсету – осы мақсаттарға қол жеткізудегі «Атамекеннің» нақты үлесі.