Конституциялық кепілдіктерден бизнесті қорғауға дейін: ШҚО Кәсіпкерлер палатасында Халық Кеңесінің рөлі талқыланды
Қазақстанның жаңа Конституциясында қоғамдық диалогты дамыту мен азаматтардың мүдделерін қорғаудың қосымша тетіктері қарастырылған. Осындай институттардың бірі – құрамына ШҚО Кәсіпкерлер палатасының өкілі енген Қазақстан Халық Кеңесі.
Шығыс Қазақстан облысының Кәсіпкерлер палатасында Қазақстан Республикасы жаңа Конституциясының негізгі ережелерін түсіндіруге арналған ақпараттық-түсіндіру кездесуі өтті. Іс-шараға Әділет департаментінің өкілдері қатысты. Жиын барысында кәсіпкерлік еркіндігінің кепілдіктері, жеке меншікті және бизнестің заңды мүдделерін қорғау, сондай-ақ қоғам мен мемлекеттің өзара іс-қимылының жаңа тетіктері талқыланды.
Кездесуде Қазақстан халқының мүдделерін білдіретін жоғары консультативтік орган – жаңа конституциялық институт Қазақстан Халық Кеңесіне ерекше назар аударылды.
Конституцияның 70 және 71-баптарына сәйкес, Халық Кеңесіне мемлекеттің ішкі саясатының негізгі бағыттары бойынша ұсыныстар мен ұсынымдар әзірлеу, Құрылтайға заң жобаларын енгізу, сондай-ақ жалпыхалықтық референдум тағайындау туралы бастама көтеру өкілеттіктері берілген.
Шығыс Қазақстан үшін Қазақстан Халық Кеңесінің құрамына ШҚО Кәсіпкерлер палатасының Ұлан ауданы бойынша филиалының директоры Әсел Құсметованың енуі ерекше маңызға ие. Оның Кеңес жұмысына қатысуы өңірлік бизнестің жүйелі мәселелерін жалпыұлттық деңгейде талқылауға қосымша мүмкіндіктер ашады.
Кездесуде сөз сөйлеген Әсел Құсметова конституциялық кепілдіктер кәсіпкерлердің күнделікті қызметінде нақты көрініс табуы тиіс екенін атап өтті.
«Қазақстан Халық Кеңесінің мүшесі ретінде мен өз міндетімді мазмұнды диалогты дамытуға ықпал ету, кәсіпкерлер қауымдастығының ұсыныстарын жинақтау және өз өкілеттіктерім шеңберінде жүйелі мәселелерді көтеру деп білемін», – деді Әсел Құсметова.
Бұл әсіресе жер қатынастары, әкімшілік кедергілер, меншік құқығын қорғау және мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл барысында түрлі қиындықтарға тап болатын ауыл кәсіпкерлері үшін өзекті.
Кездесу барысында ШҚО Әділет департаментінің өкілдері бизнеске қатысты негізгі конституциялық кепілдіктерді де түсіндірді. Атап айтқанда, Конституцияның 29-бабында кәсіпкерлік қызмет еркіндігі бекітілген, 8-бабында меншіктің барлық нысандарын тең қорғау көзделген, ал 12-бабында сот арқылы қорғалу құқығына кепілдік берілген.
ШҚО Кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Айжан Жангирханова бұл нормалардың Негізгі Заңда бекітілуі ғана емес, олардың іс жүзінде сақталуы да маңызды екенін атап өтті. Өйткені құқықтық айқындық, мемлекеттік органдар шешімдерінің ашықтығы және құқықтарды қорғаудың тиімді тетіктері бизнестің дамуына қолайлы жағдай қалыптастырады.