Президент Жолдауы: басымдықтар бизнес өкілдерімен талқыланды

03.11.2026
Президент Жолдауы: басымдықтар бизнес өкілдерімен талқыланды

Ақтөбеде Мемлекет басшысының «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Қазақстан халқына Жолдауында белгіленген міндеттер мен бастамалар кәсіпкерлердің қатысуымен талқыланды. «Атамекен» кәсіпкерлер палатасында өткен кездесуге ҚР Құрылтай депутаты Лаура Қарабасова, ҚР Энергетика вице-министрі Ілияс Бақытжан және Қазақстан Халық кеңесінің мүшесі Сағынғазы Құрманалин қатысты. Ашық диалог алаңына өңірдің 100-ге жуық кәсіпкері жиналып, бизнесті дамытуға қатысты өзекті мәселелерді көтерді.

Кездесуді жүргізген Өңірлік кәсіпкерлер кеңесінің төрағасы Асхат Айтжанов Жолдауда кәсіпкерлік саласына қатысты маңызды міндеттер айқындалғанын атап өтті. Оның ішінде әкімшілік кедергілерді азайту, салық заңнамасын жетілдіру, мемлекеттік сатып алуда отандық кәсіпкерлердің мүмкіндіктерін кеңейту және бизнесті қолдау мәселелері бар.

Оның айтуынша, мұндай кездесулердің басты мақсаты – мемлекеттік деңгейде қабылданып жатқан бастамаларды кәсіпкерлермен бірге талқылап, олардың нақты ұсыныстары мен күнделікті жұмыста кездесетін проблемаларын тиісті мемлекеттік органдарға жеткізу.

Құрылтай депутаты Лаура Қарабасова өңірлерге жұмыс сапарын Ақтөбеден бастағанын айтып, кәсіпкерлермен тікелей жүздесудің маңыздылығына тоқталды.

-"Мемлекет басшысы 28 қазанда «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Жолдауын жариялады. Бұған дейін елімізде ауқымды саяси өзгерістер мен жаңару үдерістері жүзеге асты. Ендігі міндет – осы реформалардың нәтижесін нақты экономикалық шешімдер арқылы көрсетіп, халықтың тұрмыс сапасын арттыру. Бұл ретте кәсіпкерлік қауымдастықтың рөлі ерекше. Сіздер өңірдегі ахуалды, бизнестің тыныс-тіршілігін және шешімін күткен мәселелерді жақсы білесіздер. Сондықтан бүгінгі кездесуде ең алдымен сіздердің пікірлеріңіз бен ұсыныстарыңызды тыңдауға мүдделіміз", – деді депутат.

Кездесуде шағын және орта бизнесті дамыту, цифрлық экономиканы қалыптастыру және кәсіпкерлер үшін тұрақты әрі қолайлы іскерлік орта құру мәселелері де сөз болды.

Лаура Қарабасова кәсіпкерлікке қатысты заңнамалық бастамаларға да тоқталды. Атап айтқанда, 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап шағын және орта бизнес субъектілерін тексеруге жаңа мораторий енгізу мәселесі қарастырылуда. Қазіргі уақытта бұл бағыттағы тетіктер Үкіметпен бірлесіп пысықталып жатыр.

Сонымен қатар 2027 жылдың соңына дейін жаңа Азаматтық кодексті әзірлеп, қабылдау жоспарланған. Салық кодексіне де бизнес өкілдерінің ұсыныстары мен пікірлерін ескере отырып, қажетті өзгерістер енгізу көзделіп отыр. Депутат кәсіпкерлер көтерген мәселелерді тиісті комитеттер деңгейінде қарастыруға және олардың ұсыныстарын заңнамалық жұмыс барысында жеткізуге дайын екенін жеткізді.

Изображение

Бизнес үшін маңызды жаңалықтардың бірі – ғылымға инвестиция салуға арналған салықтық ынталандыру шаралары. Кездесуде биыл 1 қаңтардан бастап күшіне енген «Ғылым және технологиялық саясат туралы» заң аясында ғылыми зерттеулер мен әзірлемелерді қаржыландыратын кәсіпорындарға берілетін жеңілдіктер түсіндірілді. Атап айтқанда, ғылымға бағытталған шығындардың үш еселенген мөлшерін салық салынатын кірістен шегеру мүмкіндігі қарастырылған. Бұл кәсіпорындардың ғылыми жобаларға инвестиция салуына, өндірістік үдерістерге жаңа технологияларды енгізуіне қосымша серпін беруге тиіс.

ҚР Энергетика вице-министрі Ілияс Бақытжан энергетика саласындағы басым міндеттер мен инфрақұрылымды жаңғырту мәселелерін қозғады. Экономиканың дамуы мен жаңа өндірістердің іске қосылуы үшін сенімді энергетикалық база қажет. Осыған байланысты өндірістік қуаттарды арттыру, инвестиция тарту, энергиямен жабдықтау жүйесін жетілдіру және кәсіпкерлік нысандарын тұрақты энергия көзімен қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстардың маңыздылығы атап өтілді.

Қазақстан Халық кеңесінің мүшесі Сағынғазы Құрманалин қоғамдық келісім, ел бірлігі және азаматтық жауапкершілік мәселелеріне назар аударды. Оның пікірінше, экономикалық реформалардың нәтижелі болуы қоғамдағы тұрақтылық пен өзара сенімге тікелей байланысты. Ал кәсіпкерлердің жаңа жұмыс орындарын ашып, өңірдің әлеуметтік дамуына үлес қосуы – осы жауапкершіліктің маңызды көрінісі.

Кездесудің негізгі бөлігі кәсіпкерлермен ашық пікір алмасуға арналды. Өңір бизнесі өкілдері энергетика, сұйытылған газ, шетелдік жұмыс күшін квоталау, агроөнеркәсіп кешеніндегі субсидиялау және өзге де салаларға қатысты мәселелерді көтерді. Сонымен қатар қолданыстағы заңнаманы жетілдіру, мемлекеттік қолдау шараларын тиімді пайдалану және кәсіпкерлік қызметке кедергі келтіретін түйткілдерді шешу жөнінде ұсыныстарын ортаға салды.

Кездесу барысында айтылған пікірлер мен ұсыныстар бизнес пен мемлекеттік органдар арасындағы байланысты нығайтуға, өңір кәсіпкерлерін толғандырған мәселелерді тиісті деңгейде қарастыруға негіз болды.

ИзображениеИзображение