416 тәлімгер: «Атамекен» болашақ мамандарды даярлауға қалай көмектесіп келеді?

03.11.2026
416 тәлімгер: «Атамекен» болашақ мамандарды даярлауға қалай көмектесіп келеді?

2018 жылдан бері Алматы қаласының Кәсіпкерлер палатасы жанында Тәлімгерлік мектебі жұмыс істейді. Осы уақыт ішінде мұнда 416 адам білім алды. Олар – жастардың мамандық меңгеруіне және еңбек жолындағы алғашқы қадамдарын жасауына көмектесетін кәсіпорындар мен кәсіптік білім беру жүйесінің мамандары.

29-30 қазанда Алматыда «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасының ұйымдастыруымен Тәлімгерлік мектебі аясында кезекті оқыту семинары өтті.

 

Изображение

Бөлісуге тұрарлық тәжірибе

Кездесуді ашқан Алматы қаласы «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасы директорының құқықтық мәселелер жөніндегі орынбасары Еркебұлан Бейімбет білікті кадрлар даярлауға мүдделі кәсіпорындар үшін тәлімгерліктің маңызын атап өтті.

 

Изображение

«Тәлімгерлік бірден бірнеше маңызды міндетті шешуге көмектеседі: жаңа қызметкерлерді оқытуға және жұмысқа бейімдеуге, олардың әлеуетін ашуға, сондай-ақ кәсіпорындарда кадрларды тұрақтандыруға мүмкіндік береді. Алайда бұл үшін өз ісінің тәжірибелі маманы болу жеткіліксіз, біліміңді өзгелерге жеткізе білу де қажет», - деді ол.

Тәлімгерлік, кәсіптік білім беру және еңбек нарығының нақты қажеттіліктері арасындағы байланыс туралы Алматы қаласы «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасының адами капиталды дамыту бөлімінің басшысы Толқын Әбілдаева айтып берді.

 

Изображение

«Бүгінде технологиялар мен мамандықтарға қойылатын талаптар өте жылдам өзгеріп жатыр. Білім беру жүйесі бұл өзгерістерге әрдайым ілесе бермейді. Соның салдарынан түлектердің дипломы болғанымен, практикалық дағдылары жеткіліксіз болып жатады. Біздің міндетіміз - білім беру саласы мен бизнестің ортақ тіл табысуына ықпал ету. Сонда жас мамандар жұмыс берушілерге шын мәнінде қажет білім мен дағдыларды меңгереді», - деп атап өтті ол.

Толқын Әбілдаева кәсіпорындардың сұраныстарына сәйкес кәсіптік стандарттар мен білім беру бағдарламаларын үйлестіруге мүмкіндік беретін Ұлттық біліктілік жүйесінің дамуына да тоқталды. 2026 жылғы мамырда Қазақстанда өндіріс орнында оқытуды ұйымдастыруға қойылатын талаптарды айқындайтын «Жұмыс орнындағы тәлімгерлік» кәсіптік стандарты бекітілді.

 

Изображение

Мамандықты болашақ жұмыс орнында меңгеру

Колледж түлегі дипломын алып, кәсіпорынға жұмысқа келгенде, нақты өндірістегі жұмыстың оқу кезінде елестеткенінен өзгеше екенін жиі байқайды. Осы алшақтықты азайтуға дуальды оқыту көмектеседі: студенттер теориялық білімді колледжде алып, практикалық дағдыларды тәжірибелі мамандардың жетекшілігімен тікелей өндірісте меңгереді.

Бұл жерде көп нәрсе тәлімгерге байланысты. Ол болашақ маманды кәсіптің қыр-сырымен таныстырып қана қоймай, ұжымға бейімделуіне, алғашқы қиындықтарды еңсеруіне және өз күшіне сенуіне көмектеседі.

 

Изображение

Алайда өз ісінің шебері болу мен жақсы тәлімгер болу - екі бөлек нәрсе. Тіпті тәжірибелі маманның өзі күнделікті дағдыға айналған жұмыстың қыр-сырын жаңадан үйреніп жүрген адамға түсіндіруде қиналуы мүмкін. Сондықтан «Атамекеннің» Тәлімгерлік мектебінде кәсіби білімді жеткізумен қатар, әр үйренушінің тілін табуға да үйретеді.

Оқыту барысында шақырылған сарапшылар қатысушылармен өздерінің практикалық тәжірибелерімен бөлісті.

Алматы технологиялық колледжі директорының ғылыми жұмыс жөніндегі орынбасары, «Үздік педагог - 2023» атағының иегері Айжан Темірбекова тәлімгерлерді даярлау тәсілдері туралы баяндады.

Bistro 130 итальян мейрамханасының бас аспазы, 2025 жылы Алматы қаласының үздік тәлімгері атанған Артём Евдокимов студенттерді тікелей жұмыс орнында оқытуды ұйымдастыру тәжірибесімен бөлісті.

Халықаралық коучинг және менторинг бизнес-мектебінің негізін қалаушы Жанар Қайранова көшбасшылық, командада жұмыс істеу және тиімді қарым-қатынас орнату мәселелеріне тоқталды.

 

Изображение

Қатысушылар педагогика мен психология негіздерімен, кәсіби білімді жеткізу әдістерімен және өндірісте оқытуды ұйымдастыру жолдарымен танысты.

Курс аяқталғаннан кейін қатысушыларға сертификаттар беріліп, оларды Қазақстан Республикасының «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы жанындағы тәлімгерлер тізіліміне енгізу көзделген.

416 тәлімгер - олардың әрқайсысының артында болашақ мамандар тұр

Алматы қаласының Кәсіпкерлер палатасы үшін тәлімгерлікті дамыту - кадр даярлау бағытындағы жүйелі жұмыстың бір бөлігі. «Атамекен» кәсіпорындар мен оқу орындары арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға көмектеседі. Бұл жастардың сұранысқа ие мамандықтарды меңгеруіне, ал бизнестің қажетті мамандармен қамтамасыз етілуіне мүмкіндік береді.

 Сегіз жыл ішінде Тәлімгерлік мектебінде 416 адам білім алды. Алайда бұл санның артында тәжірибелі шеберлердің көмегімен кәсіби жолын табатын әлдеқайда көп жас маманның болашағы тұр.

Кәсіпорындар үшін бұл – өз кадрларын даярлау мүмкіндігі, колледждер үшін – өндірістің нақты қажеттіліктерін тереңірек түсіну, ал студенттер үшін - кәсібін тек оқулықтан емес, көпжылдық тәжірибесі арқылы меңгерген мамандардан үйрену мүмкіндігі.

Жақсы тәлімгер тек білім мен кәсіби дағдыларды ғана бермейді. Ол адамның өзіне деген сенімін арттырып, болашақта өз ісінің нағыз шебері болып қалыптасуына жол ашады.