CBAM жағдайында экспортты қалай сақтап қалуға болады: «Атамекен» ҰКП-да бизнесті қолдау шаралары талқыланды
«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасында ҰКП Төралқасы жанындағы Экология комитетінің отырысы өтіп, онда қазақстандық экспорттаушылардың Еуропалық одақтың көміртегін шекаралық реттеу тетігінің (CBAM) талаптарына бейімделу мәселелері талқыланды. Отырысқа Экология және табиғи ресурстар министрі Әлібек Қуантыров, Құрылтай депутаттары, бейінді министрліктердің өкілдері, Комитет мүшелері, халықаралық сарапшы, салалық бірлестіктер мен сарапшылар қауымдастығының өкілдері қатысты.
Жиынды «Атамекен» ҰКП Төралқа Төрағасы Қанат Шарлапаев кіріспе сөзбен ашты.
«Бұл тетіктің қаржылық кезеңі басталғаннан кейін экологиялық талаптар экспорттың бәсекеге қабілеттілігіне тікелей әсер ететін факторға айналады. Металлургия және химия өнеркәсібі үшін бұл қосымша шығындардың артуы, экспорттық түсімнің азаюы және өндірісті жаңғыртуға қажетті қаражаттың басқа мақсаттарға жұмсалу қаупін тудырады», - деді Палата басшысы.

Өз кезегінде министр мемлекеттің басты міндеті қазақстандық өндірушілердің сыртқы нарықтарға шығуына қосымша кедергілер туындамауы үшін шығарындыларды верификациялау, есепке алу және мониторинг жүргізудің ұлттық жүйесін жаңа талаптарға дайындау екенін атап өтті. Оның айтуынша, министрлік бекітілген жол картасы аясында Қазақстанның шығарындылар саудасы жүйесін еуропалық тәсілдермен үйлестіру бағытында жұмыс жүргізіп жатыр және көтерілген мәселелерді бірлесіп пысықтауға дайын.
«CBAM талаптарына бейімделу – мемлекет пен бизнестің ортақ міндеті. Кәсіпорындар қойылатын талаптарды түсініп, өз өнімдерінің көміртегі ізін бағалап, өндірісті технологиялық жаңғырту жұмыстарын жоспарлауы қажет», - деді Әлібек Қуантыров.

Отырыс барысында Құрылтайдың Аграрлық мәселелер, экология және табиғи ресурстар комитетінің төрағасы Серік Егізбаев жиынды ұйымдастырғаны үшін «Атамекен» ҰКП-ға алғыс білдіріп, қажетті шараларды бірлесіп әзірлеуге дайын екенін жеткізді. Сондай-ақ ол өзекті мәселелердің шешімін табу үшін күш біріктіруді ұсынды. Сонымен қатар, Қанат Шарлапаев қазақстандық экспорттаушыларға қатысты CBAM тетігін қолдану жөніндегі еліміздің ұстанымдарын әзірлеу қажеттілігі туралы Премьер-министр Олжас Бектеновтің атына депутаттық сауал жолдаған Құрылтай депутаты Шынасыл Ерназардың бастамасына ерекше тоқталды.

Бұдан кейін қатысушылар көміртегі шығарындыларын реттеудің практикалық мәселелерін талқылады. Ірі өнеркәсіп кәсіпорындары – Eurasian Resources Group (ERG) және «ҚазАзот» АҚ өкілдері бизнесті алаңдатып отырған бірқатар мәселеге назар аударды. Атап айтқанда, есептілікті дайындау, шығарындыларды верификациялау және 2027 жылдан бастап экспорттаушыларға түсетін қаржылық жүктеменің артуы мәселелері көтерілді. Осы мәселелерді шешу үшін кәсіпорындар қазақстандық верификаторларды Еуропалық одақта тану, жаңартылатын энергия өндірушілерімен жасалатын шарттарға қатысты мәселелерді реттеу, есептілікті ұсыну мерзімдерін үйлестіру және бизнесті қолдау шараларын кеңейту жөнінде ұсыныстар енгізді. Бұдан бөлек, ERG ынталандыру шараларының бірі ретінде CBAM талаптары қолданылатын тауарлардың импортына көміртегі бажын енгізуді, сондай-ақ қаражатты кейіннен көміртегі шығарындыларын азайту мақсаттарына бағыттау үшін арнайы көміртегі қорын құруды ұсынды.

Верификация инфрақұрылымын дамыту мәселесін Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігі Техникалық реттеу және метрология комитетінің төрағасы Жанна Есенбекова жалғастырды. Ол валидация және верификация органдарының құзыреттілігіне қойылатын қажетті талаптар халықаралық стандарттармен үйлестірілген ұлттық стандарттарда бекітілгенін атап өтті. Сонымен қатар, Комитеттің Ұлттық аккредиттеу орталығымен бірлесіп, сәйкестікті бағалау инфрақұрылымын дамытуға, оның ішінде валидация және верификация органдарын бағалайтын мамандардың біліктілігін арттыруға жәрдемдесуге дайын екенін жеткізді.
Отырыс соңында Ұлттық палата басшысы көтерілген бастамаларды одан әрі пысықтау үшін Комитет жанынан жұмыс тобын құруды ұсынды. Қатысушылар жұмыстың негізгі бағыттарын айқындап, ортақ шешімдер әзірлеу жолындағы бірлескен жұмысты жалғастыру қажеттігін қолдады.