Халықтық құрылыс: бизнес Президент бастамаларын қолдайды және оларды іске асыруға дайын
Бұл туралы құрылыс саласының өкілдері «Атамекен» ҚР ҰКП Президиумының Құрылыс және тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық комитетінің отырысынды мәлімдеді. Отырыс барысында құрылыс саласын дамытудың өзекті мәселелері және 2027 жылдың «Жалпыхалықтық ауқымды құрылыс жылы» болып жариялануына байланысты алдағы міндеттер қаралды.
Отырысқа ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің өкілдері, құрылыс саласындағы салалық қауымдастықтар мен одақтар, сондай-ақ еліміздің барлық өңірінен келген құрылыс саласының салалық кеңестерінің өкілдері қатысты.
Қатысушылар мемлекеттік органдар мен бизнес арасындағы тиімді өзара іс-қимылды қамтамасыз ету, салалық рәсімдердің ашықтығын арттыру, отандық компаниялардың инфрақұрылымдық және өнеркәсіптік жобаларды іске асыруға қатысуын кеңейту мәселелеріне назар аударды.
Отырысты ашқан «Атамекен» ҚР ҰКП Президиумының Құрылыс және ТКШ комитетінің төрағасы Талант Омарбеков Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауында 2027 жылдың «Жалпыхалықтық ауқымды құрылыс жылы» болып жариялауына байланысты алдағы кезеңнің құрылыс саласы үшін ерекше маңызға ие екенін атап өтті.
Мемлекет басшысы атап өткендей, әңгіме жекелеген жобалар туралы емес, еліміздің барлық өңірінде ауқымды құрылыс жұмыстарын бастауды көздейді. Осы міндеттерді іске асыру үшін елеулі қаржылық бағдарлар белгіленген: 2029 жылдың соңына дейін инфрақұрылымды жаңғыртуға Ұлттық қордан шамамен 6,5 трлн теңге бағыттау жоспарланып отыр.

«Мемлекет басшысы белгілеген ауқымды құрылыс пен инфрақұрылымды жаңғырту бастамалары өңірлердің дамуына, азаматтардың әл-ауқатын арттыруға және кәсіпкерлік белсенділікті жандандыруға қуатты серпін береді. Кәсіпкерлік үшін бұл ауқымды құрылыс бағдарламасы отандық кәсіпорындардың өнімдері мен қызметтеріне – жобалаудан және құрылыс материалдарын өндіруден бастап, тасымалдау, жабдық жеткізу және пайдалануға берілген нысандарға қызмет көрсетуге дейін – сұраныс қалыптастырады», – деді Талант Омарбеков.
Мемлекет басшысының Жолдауында қажетті материалдық-техникалық базасы мен кәсіби тәжірибесі бар жергілікті шағын және орта бизнесті тартуға ерекше мән берілген. Сондай-ақ отандық құрылыс материалдарын, металл конструкцияларын және инженерлік жабдықтарды өндіруді дамыту басымдық ретінде белгіленген.
«Ауқымды құрылыс жұмыстары болжамды сұранысты, дайындалған құрылыс алаңдарын және нысандардың инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз етілуін талап етеді. Бизнес үшін мемлекет нені, қай жерде және қандай мерзімде салуды жоспарлап отырғанын, сондай-ақ қаржыландырудың қалай қамтамасыз етілетінін алдын ала білу маңызды», – деді «Атамекен» ҚР ҰКП Президиумының Құрылыс және ТКШ комитеті төрағасының орынбасары Ирина Манжанова.

Нарық өкілдерінің пікірінше, мемлекет іске асыру жоспарланған жобалардың ашық тізбесін қалыптастыруы қажет. Онда құрылыс мерзімдері, қаржыландыру көздері мен көлемдері, сондай-ақ негізгі материалдар мен жабдықтарға деген қажеттілік көрсетілуі тиіс.
Бұл құрылыс компанияларына өндірістік жүктемесі мен кадрлық қажеттіліктерін алдын ала жоспарлауға, ал отандық өндірушілерге болашақ сұранысты бағалап, қажетті өнім шығаруға дайындалуға мүмкіндік береді.
Бұдан бөлек, қаржыландыру көлемі мен қысқа мерзімдер жобаларды алдын ала дайындауды талап етеді. Қаражат бөлу жер учаскелерінің дайын болуымен, сапалы жобалау-сметалық құжаттаманың әзірленуімен және инженерлік желілерге қосылу мәселелерінің шешілуімен қатар жүруі қажет. Әйтпесе мерзімдердің кейінге шегерілуі, құрылыс құнының қайта қаралуы және бюджет пен мердігер ұйымдар үшін қосымша шығындардың туындау қаупі бар.
«Мемлекеттік келісімшарттарды орындау шарттарына да ерекше назар аудару қажет. Мердігерлердің тұрақты жұмыс істеуі үшін сатып алу рәсімдерінің уақтылы өткізілуі, құрылыс мерзімдерінің шынайы белгіленуі, жұмыстар құнының негізді болуы және төлем кестесінің болжамды болуы маңызды. Тапсырыс берушінің дайындалған алаңды, бастапқы деректерді уақытылы ұсыну және жобаларды қаржыландыру жөніндегі жауапкершілігі мердігердің сапа мен мерзімге қатысты жауапкершілігі сияқты нақты айқындалуы тиіс», – деп есептейді «Атамекен» ҚР ҰКП Басқарма мүшесі – Басқарма төрағасының орынбасары Назира Үсенова.

Отырысқа қатысушылар мұндай ауқымды міндеттерді іске асыру тек қаржылық ресурстарды ғана емес, құрылыс сапасы мен нысандарды уақытылы пайдалануға беруді қамтамасыз ете алатын сенімді жобалау және мердігерлік ұйымдарды да талап ететінін атап өтті.
Осыған байланысты ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі қараша айының соңына дейін енгізуді жоспарлап отырған Лицензиаттардың автоматтандырылған тізілімі ерекше өзектілікке ие.
Ұлттық палата лицензиаттардың автоматтандырылған тізілімінің жоқтығы мәселесін уәкілетті орган алдында бірнеше рет көтерген болатын. Себебі құрылыс саласындағы қолданыстағы лицензиялау жүйесі негізінен лицензия беру кезеңіне бағытталып, лицензиаттардың біліктілік талаптарына нақты сәйкестігін тұрақты бақылауды қамтамасыз етпеді.
«Нәтижесінде нарықта лицензияларды формалды түрде пайдалану және іс жүзінде қайта сату тәжірибесі кең таралды. Бұл құрылыс нарығындағы адал қатысушыларға кері әсерін тигізіп, тең емес бәсекелестік жағдайларын қалыптастырады әрі құрылыс-монтаж жұмыстарын орындауға қажетті кадрлық, техникалық және қаржылық ресурстары жоқ компаниялардың қатысуына жол ашады», – деп атап өтті Назира Үсенова.
Отырысқа қатысушыларға лицензиаттардың белгіленген талаптарға сәйкестігін автоматты түрде бақылауды, бұзушылықтарға ден қою тетіктерін және жүйені енгізудің күтілетін нәтижелерін қамтитын «Лицензиаттардың автоматтандырылған тізілімі» цифрлық жүйесі таныстырылды.

«Алдағы уақытта Тізілім әрбір құрылыс ұйымының цифрлық бейініне айналады. Онда ұйымның кадрлық және техникалық әлеуеті, жобаларды іске асыру тәжірибесі, мемлекеттік бақылау нәтижелері, анықталған бұзушылықтар және салынған нысандардың сапасы туралы мәліметтер қамтылады. Осылайша, лицензияның болуы мердігердің сенімділігін бағалаудың жалғыз өлшемі болмайды. Ұйымның нақты мүмкіндіктері, тәжірибесі мен қызметінің нәтижелері шешуші мәнге ие болады», – деді ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитеті төрағасының орынбасары Мұрат Рысдавлетов.
Нарық өкілдері мұндай тізілімді жүргізудің қажеттігін атап өтті. Сонымен қатар жаңа жүйеге көшу мұқият ұйымдастырушылық және техникалық дайындықты талап ететінін жеткізді. Деректердің дұрыстығына, оларды тексеру және түзету тетіктеріне, сондай-ақ тізілімге енгізілген лицензиаттарға қатысты шешім қабылдау негіздерінің ашықтығына ерекше назар аудару қажет. Өйткені бұл шешімдер құрылыс компанияларының қызметіне тікелей әсер етеді.
Өз кезегінде уәкілетті орган өкілдері осы мәселе бойынша диалогты жалғастыруға және жүйені жетілдіруге қатысты бизнес ұсыныстарын қарастыруға дайын екенін білдірді.
Отырыс барысында өңірлік салалық кеңестердің өкілдері көтерген басқа да өзекті мәселелер талқыланды. Атап айтқанда, сатып алуларға қолжетімділік, қаржыландыру мен банктік кепілдіктердің қолжетімділігі, есеп айырысу және қайта есептеу шарттары, сондай-ақ мемлекеттік тапсырыстарды бөлу кезінде адал емес бәсекелестікке жол бермеу мәселелері қозғалды.
Қатысушылар тұрғын үй құрылысы саласын тиісті қаржыландыруды қамтамасыз етуге, сондай-ақ жобалаушылар мен авторлық қадағалауды жүзеге асыратын мамандардың еңбекақысын төлеуге ерекше назар аударды. Бұл ретте тиісті штаттағы қызметкерлерді ұстауға жұмсалатын шығындар да ескерілуі қажет.

«Қазіргі уақытта тұрғын үй құрылысы сегментінде байқалып отырған құлдырау нысаналы қолдау шараларын қажет етеді. Себебі мемлекеттік келісімшарттар бойынша құрылысқа бөлінетін қаржыландыру жеке тұрғын үй жобаларын іске асыратын құрылыс салушыларды қолдауды қамтамасыз етпейді. Мемлекеттік қолдау шараларын әзірлеу кезінде осы сегменттерді ажыратып, тұрғын үй құрылысы нарығын тұрақтандырудың жеке тетіктерін қарастыру қажет», – деді «Қазақстан құрылыс салушылар қауымдастығы» ЗТБ президенті Виктор Микрюков.
Отырыс қорытындысы бойынша қатысушылар бизнес көтерген, Мемлекет басшысы қойған міндеттерді сапалы әрі тиімді іске асыруға ықпал етуі мүмкін барлық проблемалық мәселелерді біріктіріп, оларды уәкілетті мемлекеттік органдармен одан әрі пысықтау үшін нақты ұсыныстар әзірлеуге келісті.