«Атамекен»: ұлттық автотасымалдаушыларды қолдаудың 2027–2030 жылдарға арналған бағдарламасы әзірленуде

02.11.2026
«Атамекен»: ұлттық автотасымалдаушыларды қолдаудың 2027–2030 жылдарға арналған бағдарламасы әзірленуде

«Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы алаңында ҚР Президенті Әкімшілігі Басшысының орынбасары Әсел Жанасованың қатысуымен өткен кеңес тапсырмаларының орындалуын бақылау жөнінде отырыс өтті. Талқылауға Президенттің Жобалық офисінің, мемлекеттік органдар мен даму институттарының өкілдері қатысты.

Күн тәртібінде шетелдік рұқсат бланкілерінің (ШРБ) көлеңкелі айналымына қарсы күрес, халықаралық автомобиль тасымалы нарығын цифрландыру және жүк автопаркін жаңарту үшін қаржыландырудың қолжетімділігі мәселелері қаралды.

Отандық тасымалдаушыларды қолдау мәселесі Мемлекет басшысының Жолдауында да көтерілді. Президент: «Автомобильмен жүк тасымалдаумен айналысатын отандық кәсіпкерлерді қолдауға баса назар аудару қажет. Өйткені Қазақстан арқылы өтетін транзиттің жартысынан астамын шетелдік компаниялар жүзеге асырады», – деп атап өтті.

Тапсырмаларды орындау аясында Көлік министрлігі Smart Cargo ұлттық платформасын әзірлеушілермен бірлесіп, рұқсат беру жүйесіне аудит жүргізді. Мамандар 2026 жылдың бірінші жартыжылдығында берілген 37 356 ШРБ-ны верификациядан өткізді. Рұқсаттардың шамамен 11%-ынан жүйелі тәуекелдердің белгілері анықталды. Атап айтқанда, бейінді емес техникаға бланкілер ресімдеу және «Бүркіт» АЖ-де шекарадан өткені туралы деректердің болмауы жағдайлары тіркелді.

Изображение

Ашықтықты арттыру мақсатында ШРБ-ны өңірлер арасында бөлу автоматтандырылды, лауазымды тұлғалардың әрекеттерін тіркеу жүйесі енгізілді. Отырысқа қатысушылар тасымалдаушының цифрлық бейінін қалыптастыру, автоматты скоринг енгізу, сондай-ақ ШРБ, «Кеден», «Бүркіт», Бірыңғай көлік құжаттарын басқару жүйесі (БКҚБЖ), ІІМ және ЭШФ АЖ ақпараттық жүйелерін интеграциялау мәселелерін де талқылады. «Нұр Жолы» өткізу пунктінде адал тасымалдаушыларға басымдық беруге арналған «Verified Passage» пилоттық жобасы іске қосылды.

ШРБ-ны қайта сату, қасақана жоғалту және қайтармау үшін жауапкершілікті күшейтуге, соның ішінде жүйелі бұзушылықтар болған жағдайда рұқсат карточкаларын автоматты түрде кері қайтарып алу мүмкіндігіне ерекше назар аударылды. Сонымен бірге «Атамекен» ҰКП санкцияларды нақты құқық бұзушылыққа қатысты қолдануды қолдайды: бір жүргізушінің бұзушылығы бүкіл көлік компаниясының қызметін бұғаттауға әкеп соқпауы тиіс. Шараларды VIN-код арқылы нақты көлік құралына қатысты қолдану ұсынылады.

«Біздің басты міндетіміз – нарыққа қатаң бақылау орнату мен адал кәсіпкерліктің еркіндігі арасындағы тепе-теңдікті сақтау. Smart Cargo негізіндегі цифрландыру тек көлеңкелі алыпсатарлар мен жалған фирмаларды анықтауға бағытталуы керек, отандық ШОБ үшін кедергілер туғызбауы тиіс. «Атамекен» заңды жауапкершілікті нақты құқық бұзушылыққа қатысты қолдануды талап етеді. Бір көлікке байланысты бүкіл кәсіпорынның жұмысын тоқтатуға жол берілмейді. Сонымен қатар біз Көлік министрлігінің БКҚБЖ жүйесінде электрондық жол парақтары мен тауар-көлік жүкқұжаттарын міндетті түрде енгізу мерзімін 2027 жылғы 1 маусымға ауыстыру туралы шешімін қолдадық. Бұл бизнеске жаңа талаптарға бейімделуге қажетті уақыт береді», – деді ҚР ҰКП Логистика және тасымалдар департаменті директорының орынбасары Қуаныш Ермұханов.

Изображение

Тасымалдаушыларды қаржылай қолдау да жұмыстың маңызды бағытына айналды. 2026 жылғы қыркүйекте «Даму» қорының «Өрлеу» бағдарламасына 49.41.0 бейінді ЭҚЖЖ енгізіліп, жүк тасымалдаушыларды лизинг арқылы қаржыландыру қайта жанданды. Бағдарлама талаптары бойынша қаржыландыру мерзімі – 84 айға дейін, бастапқы жарна – 15%-дан бастап, негізгі борышты өтеу бойынша кейінге қалдыру мерзімі – 12 айға дейін, ал қаржыландыру сомасының 85%-ына дейін кепілдік беріледі.

Сонымен қатар «Атамекен» ҰКП Президент Әкімшілігінің Жобалық офисімен бірлесіп, 2027-2030 жылдарға арналған ұлттық автотасымалдаушыларды қолдау бағдарламасын әзірлеуде. Палата бағдарламаны Үкімет деңгейінде бекітуді ұсынады. Бұдан бөлек, «Бәйтерек» холдингі мен Өнеркәсіпті дамыту қорының қаржы құралдарын жетілдіру бойынша жұмыс жүргізілуде. Ұсыныстар қатарында бастапқы жарнаны 10%-ға дейін төмендету, қаржыландыру мерзімін 7-10 жылға дейін ұзарту және техниканы пайдалануға беру кезеңіне үш айлық жеңілдік кезеңін енгізу бар.

Отырыс қорытындысы бойынша мемлекеттік органдарға саланы одан әрі цифрландыру, халықаралық электрондық құжат айналымы e-CMR жүйесін енгізу және ұлттық жүк тасымалдаушыларды қолдаудың кешенді бағдарламасын әзірлеу жөнінде ұсынымдар берілді. Сондай-ақ «Атамекен» ҰКП ШРБ-ны қайта сату немесе қасақана жоғалту үшін қатаң жауапкершілік белгілеуді және мұндай жағдайларда рұқсат карточкаларын автоматты түрде кері қайтарып алуды ұсынады.