«Атамекенде» тарифтердің өсуі мен қаржыландыру мәселелері талқыланды
«Атамекен» ҰКП-да Ерік Балапанованың төрағалығымен Тамақ өнеркәсібі Комитетінің отырысы өтті.
Отырыс күн тәртібіндегі негізгі мәселелердің бірі – отандық өнімнің өзіндік құнына тікелей әсер ететін газ бен электр энергиясы бағасының өсуі болды.
Қазақстанның Қант, тамақ және қайта өңдеу өнеркәсібі Қауымдастығының басшысы Айжан Наурзғалиева хабарлағандай, 2026 жылғы 1 шілдеден бастап газдың орташа көтерме бағасы 33%-ға өсті. Ал, 10 қыркүйектен бастап энергия өндіруші ұйымдардың жекелеген топтары бойынша электр энергиясын өндірудің шекті тарифтері 14,9%-дан 109,5%-ға дейін көтерілді.

Тарифтердің бұл көтерілуі, әсіресе, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын (ӘМАТ) өндірушілерге айтарлықтай әсер етуде. Өйткені олар өнімнің босату бағасын тұрақты деңгейде ұстап тұруға мәжбүр.
«Жекелеген қант зауыттары үшін газдың құны текше метріне шамамен 100 теңгеге жетті. Бұл ретте газ шығындары қанттың өзіндік құнының 20%-на дейін жетеді. Ал, газ бағасының қымбаттауы өнімнің өзіндік құнын орта есеппен 1 кг үшін 20 теңгеге арттыруы мүмкін», – деді Айжан Наурзғалиева.
Сүт өнеркәсібінің өкілдері де электр энергиясына жеңілдікті тарифтерді қолдану мәселесін көтерді.
Атап айтқанда, жеңілдік алу үшін кәсіпорындар өндірістік желілерде электр энергиясының тұтынылуын жеке есепке алуды қамтамасыз етуі қажет. Алайда, бұл техникалық тұрғыдан іс жүзінде мүмкін емес. Себебі, бір жабдықтың өзі әртүрлі өнім түрлерін, оның ішінде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары тізбесіне кірмейтін өнімдерді өндіру үшін де пайдаланылады.
Осыған байланысты Қазақстанның Сүт одағының өкілі Сәуле Жанкина электр энергиясын тұтыну көлемін өндірілген өнімнің нақты көлеміне қарай есептеу мүмкіндігін қарастыруды ұсынды.
Энергетика министрлігі мен Табиғи монополияларды реттеу Комитетінің өкілдері тариф белгілеу мәселелері бойынша түсініктеме беріп, көтерілген мәселелерді қосымша қарастыруға дайын екендіктерін білдірді.
«Газ бен электр энергиясы тарифтерінің өсуі тамақ өнеркәсібі кәсіпорындарының жұмысына, оның ішінде өнімнің өзіндік құны мен бәсекеге қабілеттілігіне қалай әсер ететінін егжей-тегжейлі зерделеу қажет. Алынған деректер негізінде мемлекеттік органдармен бірлесіп, ықтимал шешу жолдарын пысықтау керек», – деді Ерік Балапанов.
Отырыс күн тәртібіндегі тағы бір мәселе – тамақ өнеркәсібі кәсіпорындары үшін пайыздық мөлшерлемені субсидиялау мерзімін ұзарту және қарыздарды қайта қаржыландыру мүмкіндігі болды.
«Көптеген кәсіпорындар өндіріс орындарын салу және жаңғырту мақсатында «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы аясында ұзақ мерзімді несие алды. Алайда пайыздық мөлшерлемені субсидиялау мерзімі бес жылды құрайды, ал несиелер 10 және одан да көп жылға берілген. Субсидиялау мерзімі аяқталғаннан кейін кәсіпорындар несиелерді жоғары коммерциялық мөлшерлемелермен өтеуге мәжбүр болады. Бұл қаржылық жүктемені едәуір арттырып, өндірістің өзіндік құнына әсер етеді», – деп жеткізді Сәуле Жанкина.
Осыған байланысты Сәуле Жанкина бұрын берілген несиелерді неғұрлым қолжетімді шарттармен қайта қаржыландыру мүмкіндігін қарастыруды ұсынды.

«Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ Бағдарламаларды әкімшілендіру және мониторингтеу жөніндегі басқарушы директоры Нұрбол Жанабеков қазіргі уақытта жылдық 12,6% мөлшерлемемен 10 жылға дейінгі мерзімге қаржыландыруды көздейтін «Өрлеу» кредиттеу бағдарламасы жұмыс істеп тұрғанын хабарлады. Алайда, қайта қаржыландырудың қолданыстағы талаптары 2025 жылғы 1 желтоқсанға дейін несие алған кәсіпорындарға бұл бағдарламаны пайдалануға мүмкіндік бермейді.
Талқылау қорытындысы бойынша аталған мәселенің шешімін ҚР Ұлттық экономика министрлігімен және Қормен бірлесіп пысықтау ұсынылды.
Сондай-ақ, отырыста тамақ өнеркәсібі кәсіпорындарында ең озық қолжетімді технологияларды енгізу мәселелері қаралды.
Сала өкілдері экологиялық талаптарды орындау үшін жабдықтар сатып алуға және өндірісті жаңғыртуға қосымша шығындар қажет болатынын атап өтті. Осыған байланысты отырысқа қатысушылар Ауыл шаруашылығы министрлігіне осындай жабдықтарды инвестициялық субсидиялау бағдарламасына енгізу мүмкіндігін қарастыруды ұсынды.
Отырыс қорытындысы бойынша барлық ұсыныстар қарау және тиісті шешімдерді одан әрі пысықтау үшін уәкілетті мемлекеттік органдарға жолданады.