Қызылқоға ауданында Қазақстан кәсіпкерлері күні кең көлемде аталып өтті

05.11.2026
Қызылқоға ауданында Қазақстан кәсіпкерлері күні кең көлемде аталып өтті

Мереке аясында жаңа бизнес нысандары ашылып, кәсіпкерлер арасында зияткерлік ойын ұйымдастырылды және жергілікті бизнес өкілдері марапатталды.

Іс-шараларға Атырау облысы Кәсіпкерлер палатасының өкілдері арнайы барып қатысты. Олар жергілікті кәсіпкерлерге қолдау білдіріп, олардың өңір экономикасын дамытуға қосқан үлесін атап өту және бизнесті дамытудың келешегін талқылау мақсатында ауданға арнайы барды. Сондай-ақ мерекелік шараларға Қызылқоға ауданының әкімі Қанат Азмұханов пен облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының өкілдері қатысты.

Мерекелік бағдарлама жаңа кәсіпкерлік нысандардың ашылуымен басталды. Атап айтқанда, кәсіпкер Бақтыбай Нарынбаевтың «JUMA FOOD» фастфуд кафесі келушілерге есігін айқара ашты. Кафе 15 орынға есептелген. Жобаны іске асыру нәтижесінде төрт адамға дейін тұрақты жұмыс орнымен қамтамасыз етіледі.

Изображение

Тағы бір маңызды оқиға – кәсіпкер Серік Ғабдуллиннің бастамасымен «Дина» сауда үйінің салтанатты ашылуы болды. Нысанның жалпы аумағы шамамен 500 шаршы метрді құрайды. Мұнда мансап орталығы орналасса, ғимараттың екінші бөлігінде құрылыс материалдарының саудасы ұйымдастырылады. Жаңа нысан кәсіпкерлікті дамытуға серпін беріп қана қоймай, аудан тұрғындарының сұранысқа ие тауарлар мен қызметтерге қолжетімділігін арттыруға мүмкіндік береді.

Изображение

Мерекелік бағдарламаның жалғасы ретінде аудан кәсіпкерлерінің басын қосқан «KasipQuiz» зияткерлік ойыны ұйымдастырылды. Қатысушылар өз білімдерін сынап, эрудицияларын көрсетіп, бизнес қауымдастығының ең білімді өкілдері атану жолында бақ сынады.

Мерекелік шара салтанатты марапаттау рәсімімен қорытындыланды. Оның барысында белсенді әрі бастамашыл кәсіпкерлер Атырау облысы әкімінің, аудан әкімінің, Атырау облысы Кәсіпкерлер палатасының, сондай-ақ облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының Алғыс хаттарымен марапатталды.

Сонымен қатар бизнес өкілдеріне арнайы номинациялар бойынша марапаттар табысталды. Атап айтқанда, «Үздік кәсіпкер әйел», «Қызмет саласының үздігі», «Үздік жас кәсіпкер», «Сауда саласының үздігі» және «Отбасылық бизнес саласының үздігі» номинациялары бойынша үздіктер анықталды.

Іс-шара барысында Атырау облысы Кәсіпкерлер палатасының директоры Нұржан Ермұханов ауданның бизнес өкілдерін кәсіби мерекелерімен құттықтап, олардың өңірді дамытуға қосып отырған елеулі үлесін атап өтті.

«Қызылқоға ауданының барлық кәсіпкерлерін Қазақстан кәсіпкерлері күнімен құттықтаймын! Сіздердің еңбектеріңіз, бастамашылдықтарыңыз бен өз істеріңізді дамытуға деген ұмтылыстарыңыз өңір экономикасына зор үлес қосып келеді. Сіздердің қызметтеріңіздің арқасында жаңа жұмыс орындары ашылып, сұранысқа ие нысандар мен қызметтер пайда болып, ауданның инфрақұрылымы дамуда. Әрқайсыңызға белсенді ұстанымдарыңыз, өз ісіңізге деген адалдықтарыңыз және туған өлкенің өркендеуіне қосқан үлестеріңіз үшін алғыс айтамын. Сіздерге бизнестеріңіздің одан әрі дамуын, жаңа табысты жобаларды, сенімді серіктестер мен толағай табыс тілеймін!» – деді Палата директоры.

Изображение

Өз кезегінде кәсіпкерлер де Кәсіпкерлер палатасы басшылығына ауданға арнайы келіп, қолдау білдіріп, назар аударғаны үшін ризашылықтарын жеткізді. Олар мұндай кездесулердің жергілікті бизнесті дамытудағы маңыздылығын атап өтті.

Кездесу барысында кәсіпкерлер ауылдық жерлердегі кәсіпкерлікті одан әрі қолдау, аудандарда бизнесті дамыту мүмкіндіктерін кеңейту, жаңа жобаларды жүзеге асыруға қолайлы жағдай жасау және кәсіпкерлерді алаңдататын өзекті мәселелерді шешу жөніндегі ұсыныстары мен тілектерін де ортаға салды.

Қызылқоға ауданында Қазақстан кәсіпкерлері күнінің кең көлемде аталып өтуі жергілікті бизнестің жетістіктерін дәріптеуге ғана емес, жаңа кәсіпкерлік бастамаларды қолдауға, шағын және орта бизнестің маңыздылығын арттыруға, сондай-ақ бизнес қауымдастығы мен мемлекеттік органдар арасындағы өзара байланысты нығайтуға мүмкіндік берді.