Талаптардан мүмкіндіктерге: Астанада Қазақстанның ESG күн тәртібі талқыланды
Астанада «Ұсынымдардан нақты іс-қимылға: Қазақстанның ESG күн тәртібіндегі ілгерілеуді бағалау» тақырыбында екінші Astana ESG Forum 2026 өтті. Іс-шараға мемлекеттік органдардың, халықаралық институттардың, бизнес, ғылым және сарапшылар қоғамдастығының өкілдері қатысты. Форум барысында қатысушылар жыл бойы атқарылған жұмыстардың нәтижелерін бағалап, практикалық жобаларды талқылап, ESG қағидаттарын одан әрі енгізудің басым бағыттарын айқындады.
«Қазақстанның ESG күн тәртібінің стратегиялық негіздері» атты пленарлық сессияда «Атамекен» ҰКП Төралқа Төрағасы Қанат Шарлапаев баяндама жасады. Ол ESG қағидаттарын енгізу ең алдымен бүгінгі күннің талабы ғана емес, бизнестің ұзақ мерзімді бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз ету мәселесі екенін атап өтті.
«ESG күн тәртібінде бизнеске қойылатын талаптар мен кәсіпорындардың оларды орындауға, инвестиция салуға және дамуға деген нақты мүмкіндіктерінің өзара үйлесімін қамтамасыз ету аса маңызды. Біздің міндетіміз – экологиялық тиімділікке, еңбек қауіпсіздігі мен басқару сапасын арттыруға бағытталған инвестициялар кәсіпорын экономикасын нығайтып, оның әрі қарай өсуіне жол ашатындай жағдай жасау», - деді Қанат Шарлапаев.

Сонымен қатар ол Мемлекет басшысының 2026 жылғы 28 қазандағы Жолдауында Үкіметке орта бизнесті дамыту жөніндегі кешенді жоспар қабылдауды тапсырғанын еске салды. Аталған жоспар ұзақ мерзімді қаржыландыру тетіктерін, технологиялық жаңғыртуды және ірі кәсіпорындармен кооперацияны дамыту шараларын қамтуға тиіс. Палата басшысының пікірінше, осы жұмыс аясында өндіріс өнімділігін арттырумен қатар, ресурстарды тұтыну көлемін азайтуға мүмкіндік беретін жобаларға да басымдық беру қажет.

Сондай-ақ Ұлттық палата басшысы бес басым бағытты атап өтті. Ең алдымен, отандық инвесторлардың әлеуетіне сүйену маңызды. Өйткені бүгінде елімізде жұмыс істеп тұрған өндіріс орындарын жаңғыртуға мүмкіндігі жеткілікті кәсіпкерлер тобы қалыптасқан. Ұзақ мерзімді инвестициялар үшін тұрақты әрі болжамды жағдай қалыптастыру да айрықша маңызға ие. Сондықтан жаңа экологиялық талаптарды енгізбес бұрын оларды бизнес өкілдерімен алдын ала талқылау қажет. Бұдан бөлек, қаржыландыру кәсіпорындардың нақты қажеттіліктеріне сай болуы тиіс. Ол үшін кредиттер, лизинг пен кепілдіктердің қолжетімділігін қамтамасыз етумен қатар, жобаларды әзірлеу кезеңінде де қолдау көрсету маңызды. Төртінші басымдық – қазақстандық өндірушілер үшін жаңа мүмкіндіктер ашу. Атап айтқанда, экологиялық жаңғырту жабдықтар мен инженерлік шешімдерге сұранысты арттырады, ал осы сұранысты қанағаттандыруға қазақстандық компаниялар да қатысуы тиіс. Бұған Ақтөбеде қой жүнінен жылу оқшаулағыш материалдар шығаратын кәсіпорын мысал бола алады. Бесінші басымдық – аталған міндеттерді іске асыру адами капиталды дамытумен тікелей байланысты. Сондықтан кадрларды даярлау мен қайта оқыту шараларын инвестициялық жобаларға бастапқы кезеңнен-ақ енгізу қажет.
«Бұл жұмыстың нәтижесі тікелей өндірісте көрініс табуы тиіс. Атап айтқанда, жабдықтардың жаңартылуы, ресурстарды тұтынудың азаюы, қауіпсіз жұмыс орындарының ашылуы, жаңа тапсырыстардың пайда болуы және қазақстандық жеткізушілердің дамуы – соның нақты көрсеткіштері. Осы тұрғыдан алғанда, ESG моделі бизнестің бәсекеге қабілеттілігін арттырып, Қазақстан экономикасы үшін ұзақ мерзімді құндылық қалыптастыруға мүмкіндік береді», - деп атап өтті ҰКП Төралқа Төрағасы.
Өз кезегінде ҚР Экология және табиғи ресурстар министрі Әлібек Қуантыров кіріспе сөзінде ESG күн тәртібін тиімді ілгерілету үшін мемлекет тарапынан жүргізілетін реттеу саясатының тұрақты әрі болжамды болуы маңыздылығына тоқталды. Министр климаттық саясат кәсіпорындардың бәсекеге қабілеттілігін сақтай отырып, экологиялық және экономикалық мүдделер арасындағы тепе-теңдікті қамтамасыз етуі қажет екенін атап өтті.

Оның мәліметінше, 2024 жылы Қазақстандағы парниктік газдар шығарындыларының жалпы көлемі 355 млн тонна CO₂ эквивалентін құрап, 1990 жылғы деңгейден 10,3%-ға төмен болды. Жаңартылған NDC 3.0 құжатына сәйкес, еліміз 2035 жылға қарай парниктік газдар шығарындыларын ешқандай қосымша шартсыз 17%-ға, ал халықаралық қолдау болған жағдайда 25%-ға дейін қысқартуды көздеп отыр. 2060 жылға дейін төмен көміртекті технологияларға қажетті инвестиция көлемі шамамен 610 млрд АҚШ долларына сәйкес бағаланады.
«Бұл – ауқымды міндет, оны тек мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен шешу мүмкін емес. Сондықтан жеке капиталды, банк секторын, халықаралық қаржы институттары мен даму институттарын белсенді тарта отырып, климаттық қаржыландырудың тиімді жүйесін қалыптастыру айрықша маңызға ие», - деді министр.
Пленарлық талқылаудан кейін салалық қауымдастықтар арасында ынтымақтастық туралы құжаттарға қол қою рәсімі өтті.

Қоршаған орта (Environment), әлеуметтік сала (Social) және корпоративтік басқару (Governance) бағыттары бойынша өткен тақырыптық сессиялардың негізгі өзегі жалпы ниеттерден нақты әрі тексеруге болатын деректерге көшу мәселесі болды. Сарапшылар кәсіпорындардың энергетикалық ауысуын қамтамасыз ету тетіктерін, экспорттаушыларды CBAM талаптарына бейімдеуді, банктердің «жасыл» қаржыландыруға қоятын өлшемшарттарын, сондай-ақ еңбек қауіпсіздігін арттыру, «жасыл» дағдыларды дамыту және өңірлерде жұмыс орындарын ашу арқылы әлеуметтік инвестициялардың тиімділігін бағалау мәселелерін талқылады.
Корпоративтік басқаруға арналған сессияға «Атамекен» ҰКП Басқарма мүшесі – Басқарма төрағасының орынбасары Мұратбек Маханов қатысты. Сессия барысында «ESG сенім дивиденді» тұжырымдамасы қарастырылды. Бұл бастама мемлекет тарапынан бизнестің ESG қағидаттарын енгізудегі расталған жетілу деңгейі мен ашықтығын жаңа есептілік талаптарын енгізбей-ақ, қаржылық емес ынталандыру шаралары мен сервистік тәсілдер арқылы ескеруді көздейді.
Форумда айтылған барлық ұсыныс Үкіметке, қаржы институттары мен бизнес қауымдастығына арналған практикалық ұсынымдардың жаңартылған топтамасына енгізіледі.