Павлодарские сельхозтоваропроизводители рассказали в Палате «Атамекен» об отсутствии льготного газа для сушки зерна
Павлодарлық ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер «Атамекен» палатасында астық кептіруге арналған жеңілдетілген газдың жоқтығын айтты

Павлодар облысы Кәсіпкерлер палатасының Агроөнеркәсіптік кешен салалық кеңесі кезекті отырысында бірқатар проблемалық мәселелерді көтерді. Олардың бірі Өңірлік кәсіпкерлер кеңесінің өкілдері, «Талапкер» шаруа қожалығының басшысы Амангелді Бейсембинов тарапынан талқылауға ұсынылды.
Кәсіпкерлердің айтуынша, Павлодар облысының аудандарындағы шаруалар күзде егіс алқаптарынан жиналған астықты кептіру үшін мемлекет тарапынан жеңілдетілген бағамен берілетін газға қол жеткізе алмай отыр. Мұндай қолдау оларға арзандатылған дизель отыны сияқты көрсетілуі мүмкін еді. «Коммерциялық» газ бар, алайда оның бағасы арзан емес, әрі кәсіпкерлер оны табуда қиындықтарға тап болады.

Өңірлік кеңес мүшелерінің пікірінше, мемлекет тарапынан жеңілдетілген газ берілсе, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер өсіріп, жинап алған астығын кептіруде біршама жеңілдікке ие болар еді. Сонымен қатар бұл нарықтағы астық бағасының төмендеуіне де ықпал етуі мүмкін. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Төлеген Қошербаев күзгі дала жұмыстары кезінде жиналған астықты кептіруге арналған жеңілдетілген дизель отыны бөлінетінін, ал газ берілмейтінін еске салды. Мұндай жағдай өткен жылдары да болған және бұл мәселе бүкіл Қазақстанға ортақ. «Көгілдір отын» тек әдеттегі нарықтық бағамен сатылады.
«Қазір көптеген астық кептіргіш қондырғылар газға көшіп жатыр. Павлодар облысына жеткізілетін коммерциялық газ бар. Оның операторлары нарықта жұмыс істейді. Бұл мәселемен Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы айналысады. Біз өз тарапымыздан шаруаларды осындай газ операторларымен байланыстыра аламыз. Жыл сайын республика деңгейінде осы отынды бөлуді сұраймыз. Биыл да өтініш білдірдік, алайда жеңілдетілген газ болмайтыны нақты айтылды. Тек дизель отыны бөлінеді», – деп түсіндірді Төлеген Қошербаев.

«Атамекен» ӨКП Агроөнеркәсіптік кешен салалық кеңесінің мүшелері өңірде коммерциялық газ жеткілікті болғанымен, оның бағасы жоғары екенін де атап өтті.
«Кездесу барысында басқа да бірқатар өзекті мәселелер көтерілді. Біз оларды назарға алдық және алдағы уақытта Астанада өтетін ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы «Атамекеннің» кезекті съезінде пысықтау үшін тиісті деңгейде ұсынылатын болады», – дейді Павлодар облысы Кәсіпкерлер палатасының директоры Айдос Шайхислам.