Визалық шақырулардан яхта тұрақтарына дейін: Қазақстан өңірлеріндегі туристік бизнес өзекті мәселелерді көтерді

06.11.2026
Визалық шақырулардан яхта тұрақтарына дейін: Қазақстан өңірлеріндегі туристік бизнес өзекті мәселелерді көтерді

«Атамекен» ҚР ҰКП алаңында туристік саланы дамытуға қатысты республикалық және өңірлік деңгейде шешуді қажет ететін мәселелер талқыланды.

«Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасында Туризм саласы комитетінің отырысы өтті. Оған өңірлік салалық кеңестердің, ҚР Туризм және спорт министрлігінің және «Kazakh Tourism» ұлттық компаниясының өкілдері қатысты.

Отырысты ашқан Комитет төрағасы Нұрсұлтан Шоқанов өзекті мәселелерді талқылап, оларды уәкілетті мемлекеттік органдармен бірлесіп жан-жақты пысықтаудың маңызын атап өтті.

Кездесу барысында кәсіпкерлер салық заңнамасын жетілдіруден бастап, визалық рәсімдерді жеңілдету, мемлекеттік қолдау шараларын кеңейту және туристік инфрақұрылымды дамытуға дейінгі бірқатар мәселені көтерді.

Ұсыныстардың бірі – Салық кодексіне енгізілетін өзгерістер аясында өзін-өзі жұмыспен қамтығандар режимін қолдануға болатын қызмет түрлерінің тізбесін кеңейту. Сонымен қатар кәсіпкерлер балалар лагерьлеріне мемлекеттік қолдау шараларын қолдану және туристік субсидияларды алу талаптарын жетілдіру мәселелерін көтерді.

Ақтау: шағын кемелерге арналған тұрақтар қажет

Маңғыстау облыстық салалық кеңесінің төрағасы Сергей Ворожейкин Каспий теңізінің Ақтау қаласы аумағындағы акваториясында шағын кемелерді тұрақтату және орналастыруға арналған ресми аймақтардың жоқтығына назар аударды.

Оның мәліметінше, Ақтауда шамамен 500 шағын кеме бар. Алайда оларды түнгі уақытта орналастыруға және қысқы кезеңде сақтауға арналған орындар қарастырылмаған. Мұндай тұрақ салуға кедергі келтіретін негізгі факторлардың бірі – осы мақсатқа бөлуге болатын жер учаскелерінің тізбесі жоқ.

Мәселені шешу үшін ықтимал тетіктерді ҚР Туризм және спорт министрлігімен, ҚР Төтенше жағдайлар министрлігімен және жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп пысықтау қажет.

Визалық шақырулар: кәсіпкерлер рәсімді жеңілдетуді ұсынады

Қарағанды облысының туристік бизнес өкілдері шетелдік туристерге визалық шақыру рәсімдеуде қиындықтар бар екенін айтты. Кәсіпкерлердің сөзінше, туроператорлар көші-қон қызметінде кезекке тұру үшін таңертең ерте келуге мәжбүр. Ал үлкен топтарға шақыру рәсімдеген кезде құжаттарды бірнеше рет тапсыруға тура келеді. Себебі қабылдау уақытының шектеулі болуына байланысты бүкіл топтың құжаттарын бірден өткізу мүмкін емес.

Талқылау қорытындысы бойынша бизнес ұсыныстарын одан әрі пысықтау үшін ҚР ІІМ Көші-қон қызметі комитетіне жолдау туралы шешім қабылданды.

Мемлекеттік қолдау және инфрақұрылым мәселелері

Кәсіпкерлер туризм саласындағы мемлекеттік қолдау шараларын іске асыру тәжірибесін де талқылады. Атап айтқанда, өтінім беру мерзімдері және ҚҚС аударымдарын жыл сайын ұлғайтуға байланысты қарсы міндеттемелерді орындау мәселелері көтерілді.

Туризм индустриясы комитетінің өкілі субсидиялау қағидалары бойынша өтінім қабылдау мерзімдері негізінен бюджет заңнамасына тәуелді екенін және оларды өзгерту мүмкін еместігін түсіндірді.

Сондай-ақ Алакөл курорттық аймағын дамыту мәселелеріне назар аударылды. Кәсіпкерлер Жалаңашкөл көліне дейінгі 8 шақырымдық кірме жолды салу қажеттігін атап өтті. Бұдан бөлек, «Жағажайларды абаттандыру. Техникалық шарттар» стандартына өзгерістер енгізу, балалар лагерьлерін қолдау және Алакөл курорттық аймағында жағалауды нығайту құрылыстарын салу мәселелері көтерілді.

Отырыс қорытындысы бойынша кәсіпкерлердің ұсыныстары жүйеленіп, уәкілетті мемлекеттік органдармен одан әрі пысықтауға жолданады.

«Атамекен» ҚР ҰКП бизнес мәселелерін шешу және Қазақстанның туристік саласын тұрақты дамытуға жағдай жасау мақсатында салалық кеңестермен және мемлекеттік органдармен өзара іс-қимылды жалғастырады.