Павлодарлық және германиялық бизнес машина жасау, АӨК, энергетика және басқа да салаларда ынтымақтастық орната алады

06.11.2026
Павлодарлық және германиялық бизнес машина жасау, АӨК, энергетика және басқа да салаларда ынтымақтастық орната алады

Павлодар облысының кәсіпкерлік палатасында Германия Федеративтік Республикасының Қазақстан Республикасындағы Елшісінің тұрақты орынбасары Ульрих Киннемен өткен ресми кездесу барысында Павлодар облысы мен Германияның іскерлік топтары арасындағы ықтимал ынтымақтастық форматтары талқыланды.

 

Изображение

Келіссөздерге Павлодар облысы кәсіпкерлер палатасының директоры Айдос Шайхислам қатысты. Кездесуді Павлодар облысының кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары Рашид Кокишев жүргізді. Ульрих Кинненің айтуынша, Германия тарапы Қазақстанның барлық өңірінде өз өкілдігін қамтамасыз етуге әрдайым ұмтылады. Бұл жолы Павлодар облысына төрт күнге созылатын ауқымды экономикалық делегация құрамында келген. Сапардың мұндай ұзақтығы Германияның өңірмен экономикалық байланыстарды дамытуға қаншалықты мән беретінін көрсетеді.

«Кеше және бүгін біз Павлодардың түрлі өнеркәсіптік кәсіпорындарын аралап, өндірістерді жаңғырту, өндіріс көлемін кеңейту, сондай-ақ Еуропалық одақ елдеріне, соның ішінде Германияға экспортты ұлғайту бағытында ауқымды жұмыстар жүргізіліп жатқанына көз жеткіздік. Бүгін біз «ERG Service» ЖШС-де болып, әңгіме барысында Еуропалық одаққа логистика мәселесі үлкен сын-қатерге айналғанын анықтадық. Германия тарапы үшін Павлодар бизнесімен өнеркәсіптік сүзгілер саласындағы ынтымақтастық та қызықты болар еді, өйткені мұндағы көптеген кәсіпорындар әлі де көмірмен жұмыс істейді», – деп атап өтті дипломат.

 

Изображение

Осыған байланысты алдағы уақытта Еуропалық одақта қолданысқа енгізілетін көміртекті реттеу тетігі – СИБА талаптарына бейімделу мәселесі өзекті бола түспек. Осы ретте көмір жағу нәтижесінде пайда болатын шығарындыларды азайту мәселесі де өткір қойылады. Сонымен қатар сорғы жабдықтарын жеткізу саласындағы ынтымақтастық та қызығушылық тудырар еді», – деп түсіндірді дипломат. Павлодар облысы кәсіпкерлер палатасының директоры Айдос Шайхислам «Атамекен» ӨКП-ның бизнестің мүдделері мен құқықтарын қалай қорғайтыны, сондай-ақ өңірге инвестиция тарту бағытында атқарып жатқан жұмыстары туралы айтып берді.

«Павлодар облысында өнеркәсіп жақсы дамыған, аграрлық секторы қуатты және географиялық орналасуы тиімді. Сондықтан біз өнеркәсіп, машина жасау, ауыл шаруашылығы, энергетика және заманауи технологияларды енгізу салаларында неміс бизнесімен ынтымақтастық орнатудың зор мүмкіндіктерін көріп отырмыз. Тағы бір перспективалы бағыт – көлік және логистика. Қазіргі уақытта Ертіс өзеніндегі өзен инфрақұрылымын цифрландыру жұмыстары жүргізілуде. Біз осы саладағы озық халықаралық шешімдерді зерделеуге және енгізуге мүдделіміз. Сіздер тарапынан ұсыныстар болса, ынтымақтастыққа дайынбыз», – деді ол.

 

Изображение

Айдос Шайхислам Қазақстанның Ұлттық кәсіпкерлер палатасының «Іскерлік байланыстар» бағдарламасы аясында өңірде әріптестікті дамыту, тәжірибе алмасу және кәсіпкерлер арасындағы іскерлік ынтымақтастықты нығайту мақсатында түрлі бизнес іс-шаралар, семинарлар мен дөңгелек үстел кездесулері ұйымдастырылатынын да атап өтті. Германия тарапы екі өтінімді мақұлдаған. Соның нәтижесінде павлодарлық кәсіпкерлер тәжірибе алмасу және маңызды іскерлік байланыстар орнату мақсатында қабылдаушы тараптың есебінен Германияға жұмыс сапарымен барып қайтты.

 

Изображение