«Атамекен» теміржол және автомобиль тасымалдарын дамытуға бағытталған жүйелі шешімдер ұсынады

06.11.2026
«Атамекен» теміржол және автомобиль тасымалдарын дамытуға бағытталған жүйелі шешімдер ұсынады

«Атамекен» Қазақстан Республикасы Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Президиумы Логистика және тасымалдау комитетінің Құрылтай депутаттарының қатысуымен өткен отырысында теміржол және автомобиль тасымалдарын реттеуді жетілдіру, әкімшілік кедергілерді жою, жүк тасымалдарын цифрландыру және отандық тасымалдаушыларды мемлекеттік қолдаудың кешенді шараларын әзірлеу мәселелері қаралды.

Отырысқа қатысушылардың басты назары Комитеттің 2026 жылға арналған жұмыс жоспарының орындалуына және көлік-логистика саласындағы жүйелі мәселелерді шешуге бағытталған нақты ұсыныстар әзірлеуге аударылды. Атап айтқанда, теміржол тасымалдарына уақытша шектеулер енгізу, вагондар мен контейнерлердің кідіргені үшін айыппұл есептеу, жеке жылжымалы құрамды тіркеу, халықаралық ынтымақтастық, жүк тасымалдарын цифрландыру және отандық автомобиль тасымалдаушыларының бәсекеге қабілеттілігін арттыру мәселелері талқыланды.

Отырысты ашқан «Атамекен» ҚР ҰКП Төралқа Төрағасы Қанат Шарлапаев көлік пен логистиканың өнеркәсіп, сауда және Қазақстан экспортының дамуы үшін аса маңызды инфрақұрылымдық негіз екенін атап өтті. Оның айтуынша, елдің бәсекеге қабілеттілігі тек географиялық орналасуына ғана емес, инфрақұрылымның тиімділігіне, мемлекеттік реттеудің болжамдылығына, заманауи цифрлық шешімдердің енгізілуіне және нарықтың барлық қатысушылары үшін тең жағдайлардың қамтамасыз етілуіне де байланысты.

Изображение

«Көлік саласын мемлекеттік реттеу мемлекет, инфрақұрылым операторлары мен бизнес мүдделерінің теңгерімін қамтамасыз етуі тиіс. Біздің ұстанымымыз – ашық қағидалар, инфрақұрылымға тең қолжетімділік, әкімшілік кедергілерді азайту және отандық тасымалдаушылардың дамуына жағдай жасау», – деді Қанат Шарлапаев.

Теміржол тасымалдары: ашық қағидалар және тең қолжетімділік

Комитет төрағасының орынбасары Ержан Жақышев теміржол көлігі бағыты бойынша Комитеттің жұмыс жоспарының орындалуына қатысты мәселелерді таныстырды. Негізгі тақырыптардың қатарында тасымалдарға уақытша шектеулер енгізу кезіндегі құқықтық айқындық, вагондар мен контейнерлердің кідіргені үшін айыппұл есептеу тәртібі, сондай-ақ жеке жылжымалы құрамды тіркеу кезінде қайталанатын рәсімдерді жою мәселелері болды.

Отырысқа қатысушылардың пікірінше, заңнаманың жекелеген нормалары тасымалдарды шектеу негіздерін әртүрлі түсіндіруге мүмкіндік береді. Мұндай шешімдер экспорттық келісімшарттардың орындалуына, жеткізу мерзімдеріне, логистика құнына және кәсіпорындардың қаржылық жағдайына тікелей әсер етеді.

Изображение

Осыған байланысты «Атамекен» уәкілетті мемлекеттік орган мен инфрақұрылымның ұлттық операторының өкілеттіктерін нақты ажырату қажет деп санайды. Шектеулер объективті әрі заңнамалық тұрғыдан айқындалған негіздер бойынша, белгіленген мерзімдер шеңберінде және мүдделі нарық қатысушыларын міндетті түрде хабардар ету арқылы қолданылуы тиіс.

Жеке жүк вагондарын тіркеу кезіндегі әкімшілік кедергілерге де ерекше назар аударылды. Отырыс барысында атап өтілгендей, бұл рәсім ашық әрі автоматтандырылған болуы, нақты мерзімдерді, бас тарту негіздерінің толық тізбесін және қабылданған шешімдерге шағымдану мүмкіндігін қарастыруы қажет.

Халықаралық ынтымақтастық аясында мемлекеттік және коммерциялық функцияларды ажырату мәселесі де талқыланды. Қазақстанның халықаралық алаңдардағы ұстанымы уәкілетті мемлекеттік органның үйлестіруімен қалыптастырылып, тәуелсіз тасымалдаушылардың, вагон операторларының, экспедиторлар мен жүк жөнелтушілердің мүдделері ескерілуі тиіс.

Цифрландырудың басым бағыттарының бірі – «ҚТЖ» ҰК» АҚ-ның жүк тасымалдарын басқарудың бірыңғай экожүйесін құру. Сонымен қатар бизнеске аралық кезеңдердің өзінде нақты шешімдер қажет. Олардың қатарында қағаз құжат айналымын қысқарту, тасымалдаушы мен экспедитор арасындағы шарттардың үлгілік нысандарын барлық қатынас түрлері бойынша бекіту, экспедиторлық кодтарды қорғау, тасымал төлемдерін дұрыс есептеу және талап-арыздарды қарау мерзімдерін сақтау бар. Осыған байланысты цифрландырудың жекелеген модульдерін іске асырудың нақты мерзімдері көрсетілген кезең-кезеңімен орындалатын жол картасын әзірлеу ұсынылды.

Изображение

Қазақстан Республикасы Көлік министрлігінің өкілі уәкілетті органның отырыста көтерілген мәселелер бойынша бизнесті қолдайтынын атап өтті.

Сондай-ақ Комитет жұмысының нәтижесінде бұған дейін көтерілген мемлекеттік тіркеу кезінде жеңілдіктер қарастырылған жылжымалы құрам тізбесінен астық таситын вагондарды алып тастау мәселесі оң шешімін тапқаны айтылды.

Отандық автомобиль тасымалдаушыларын қолдау: автопаркті жаңарту және бәсекеге қабілеттілік

Автомобиль көлігіне қатысты мәселелер отандық халықаралық автомобиль жүк тасымалдаушыларын мемлекеттік қолдаудың кешенді шараларын қалыптастыру қажеттігі тұрғысынан қаралды.

Қазақстан Республикасы Халықаралық автомобиль тасымалдаушылар одағының президенті Мақсат Сақтаған жаңа жүк автомобильдері мен ершікті тартқыштарды сатып алу кезіндегі жоғары қаржылық жүктемені, автопаркті жаңарту қажеттігін және қазақстандық тасымалдаушылардың халықаралық нарықтағы бәсекеге қабілеттілігінің төмендеу мәселелерін көтерді.

Қолдау шаралары ретінде Еуро-5 және одан жоғары экологиялық санаттағы жаңа жүк автомобильдері мен ершікті тартқыштарды ҚҚС пен кәдеге жарату төлемінен босату, бес жылға дейінгі мерзімге тиісті салықтық және өзге де жеңілдіктер беру, сондай-ақ Еуразиялық экономикалық одақ аясында халықаралық тасымалдарға арналған жаңа көлік құралдарын әкелуге тарифтік жеңілдіктер беру мәселесін қарастыру ұсынылды.

ҚР Көлік министрлігі Көлік бақылау комитетінің төрағасы Дастан Жұмақұлов отырысқа қатысушыларға Мемлекет басшысының 2026 жылғы 28 қазандағы «Қазақстанның жаңа тарихи кезеңдегі өзекті міндеттері» атты Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру жөніндегі Жалпыұлттық іс-шаралар жоспарында «Отандық автомобиль жүк тасымалдаушыларын кешенді қолдау» атты жеке іс-шара көзделгенін хабарлады.

Изображение

Осыған байланысты қаржылық жүктемені азайтуға, автопаркті жаңартуға және қазақстандық тасымалдаушылардың бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталған, бизнес-қоғамдастықпен келісілген мемлекеттік қолдау шараларын әзірлеу ерекше маңызға ие.

Перецепка және қайта тиеу: шешім отандық тасымалдаушылардың мүддесін ескеруі тиіс

Талқылаудың жеке бөлімі халықаралық автомобиль тасымалдары кезінде жүктерді перецепка жасау және қайта тиеу операцияларын жүзеге асыру тәртібін жетілдіруге арналды.

Отырысқа қатысушылар қолданыстағы тәртіптің отандық халықаралық автомобиль тасымалы нарығына әсерін объективті бағалау қажеттігін атап өтті. Бұл ретте мұндай операцияларды есепке алудың бірыңғай жүйесі мен жүк ағындарының қазақстандық және шетелдік тасымалдаушылар арасында бөлінуі жөніндегі нақты статистиканың жоқтығы да ескерілуі тиіс.

Талқылау барысында Дастан Жұмақұлов перецепка және қайта тиеу операцияларын одан әрі реттеу жөніндегі шешімді бір ай мерзімде әзірлеу қажеттігін айтты.

Атап айтқанда, бірнеше нұсқаны қарастыру ұсынылды: аталған операцияларға тыйым салу жөніндегі қолданыстағы мораторийді ұзарту, қазіргі тәртіпті сақтау немесе салалық қауымдастық ұсынып отырғандай, перецепка және қайта тиеу операцияларын жүзеге асыруға арналған жеке рұқсат құжатын енгізу.

Бұл ретте шешім «Атамекен» ҚР ҰКП мен бейінді салалық қауымдастықтарды міндетті түрде тарта отырып, отандық тасымалдаушылардың мүдделерін, халықаралық жүк ағындарының нақты көлемін және өзара түсіністік қағидатын ескере отырып қабылдануы тиіс екені атап өтілді.

Изображение

Перецепка мен қайта тиеуге тыйым салу жөніндегі мораторий ұзартылған жағдайда, қазақстандық тасымалдаушылар үшін үшінші елдерге және үшінші елдерден жүк тасымалдауға арналған рұқсат бланкілерінің жеткілікті санын қамтамасыз ету қажеттігіне ерекше назар аударылды. Бұл, әсіресе, ЕАЭО-ға мүше мемлекеттер бағыттары бойынша өзекті, өйткені осы елдердің тасымалдаушыларына мұндай операцияларды жүзеге асыруға рұқсат етіледі. Рұқсат ресурсының жеткіліксіздігі отандық компаниялардың халықаралық тасымалдарды өз бетінше орындау мүмкіндігін шектемеуі және оларға қосымша бәсекелестік кедергілер туғызбауы тиіс.

Бұдан бөлек, перецепка және қайта тиеу операцияларын есепке алудың бірыңғай жүйесін құру мәселесін пысықтау ұсынылды. Онда маршруттар, тасымалдау процесіне қатысушылар, операциялар жүзеге асырылатын орындар және тасымалдардың нақты көлемі туралы мәліметтер тіркелуі мүмкін. Мұндай жүйе негізделген реттеуші шешімдер қабылдау үшін объективті ақпараттық база қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Отырысты қорытындылаған Қанат Шарлапаев қатысушыларды нақты нәтижелерге басымдық беруге шақырды. Атап айтқанда, қажетті заңнамалық өзгерістерді, мемлекеттік органдардың қолданыстағы өкілеттіктері шеңберінде іске асырылуы мүмкін шараларды, сондай-ақ оларды орындауға жауапты тұлғалар мен мерзімдерді айқындау қажеттігін атап өтті.

Отырыс қорытындысы бойынша Комитет теміржол және автомобиль тасымалдарын реттеуді жетілдіру, әкімшілік кедергілерді жою, цифрлық инфрақұрылымды дамыту және отандық тасымалдаушыларды қолдау жөнінде ұсынымдар әзірледі.

«Атамекен» ҚР ҰКП Көлік министрлігімен және басқа да мүдделі мемлекеттік органдармен, салалық қауымдастықтармен және бизнес өкілдерімен өзара іс-қимылды жалғастырып, әзірленген ұсыныстарды ілгерілетуге және отандық көлік-логистика нарығына қатысушылардың бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталған жағдайлар қалыптастыруға атсалысады.