Әйелдер кәсіпкерлігі, цифрландыру және жаңа қолдау шаралары: Өскеменде кәсіпкерлікті дамыту перспективалары талқыланды

06.11.2026
Әйелдер кәсіпкерлігі, цифрландыру және жаңа қолдау шаралары: Өскеменде кәсіпкерлікті дамыту перспективалары талқыланды

Әйелдерге өз кәсібін дамытуға, жаңа нарықтарға шығуға және кедергілерді еңсеруге қандай құралдар көмектеседі? Бұл мәселелер Өскемен қаласында өткен «Жаңа мүмкіндіктер экономикасы: әйелдер, кәсіпкерлік және технологиялар» атты республикалық семинардың негізгі тақырыбына айналды.

Іс-шараға мемлекеттік органдардың, Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның, «Атамекен» ҰКП өкілдері, сарапшылар мен кәсіпкер әйелдер қатысты.

«Атамекен» ҚР ҰКП Басқарма төрағасының орынбасары, Басқарма мүшесі Гүлнара Бижанова кәсіпкерлікті қолдаудың қолданыстағы құралдарын таныстырып, алдағы жұмыстың негізгі бағыттарын атап өтті.

Оның айтуынша, бүгінде әйелдерге өз кәсібін ашуға көмектесіп қана қоймай, бизнесті тұрақты дамытуға жағдай жасау маңызды. Басым бағыттардың қатарында қаржыландыруға, өткізу нарықтарына, цифрлық технологияларға қолжетімділікті қамтамасыз ету және кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау бар.

Мәселен, 2026 жылдың тоғыз айында «Атамекеннің» сервистік қолдауы аясында 5 430 әйелге 6 217 қызмет көрсетілді. Жергілікті өндірушілерге өз өнімдерін нарыққа шығаруға көмектесетін «Бір ауыл – бір өнім» жобасы да маңызды рөл атқарады. 2023–2025 жылдары жобаның 198 финалисінің 157-сі әйелдер болды.

Гүлнара Бижанова бизнесті цифрландыру мәселесіне ерекше назар аударды. Ұлттық палата кәсіпкерлерге жұмыс процестерін автоматтандыруға, серіктестер табуға және өткізу нарықтарын кеңейтуге мүмкіндік беретін BusinessGO, Business Connect, SaudaHub және SHEBER платформаларын дамытуда.

Тағы бір маңызды бағыт – әйелдер кәсіпкерлігі саласындағы заңнаманы жетілдіру. Қазіргі уақытта «Атамекен» ҰКП қатысуымен сараптамалық топ құрылып жатыр. Бұл топ қолданыстағы кедергілерді ескере отырып, кәсіпкер әйелдерді қолдаудың нақты тетіктерін әзірлеумен айналысады.

«Біз үшін мұның бәрін жай ғана көшіріп, қайталау емес, өз заңнамамызға, осы саланың дамуындағы нақты жағдайымызға бейімдеу өте маңызды», – деп атап өтті Гүлнара Бижанова халықаралық тәжірибені зерделеу мәселесіне тоқталып.

Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов өңірде әйелдер кәсіпкерлігін дамытуға зор әлеует бар екенін атап өтті. Перспективалы бағыттардың қатарында ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу, қолөнер, туризм, ұлттық өнімдер өндіру және қызмет көрсету саласы бар.

«Бұл көрсеткіштердің артында, әрине, мыңдаған табысты жобалар, жаңа жұмыс орындары, өңірлердің дамуы және еліміздің экономикасына қосылған қомақты үлес тұр», – деді өңір басшысы. Ол Қазақстандағы шағын және орта бизнес басшыларының шамамен 48%-ын әйелдер құрайтынын атап өтті.

Сондай-ақ облыс әкімі әйелдер көшбасшылығы мектебінің жұмысы туралы айтып, ауылдық жерлердегі кәсіпкер әйелдер үшін, оның ішінде электрондық сауда мен цифрлық платформалар арқылы мүмкіндіктерді кеңейтудің маңыздылығына тоқталды.

Ұлттық экономика министрлігінің өкілі Динара Тәженованың мәліметінше, шағын және орта бизнес саласындағы әйелдердің үлесі 2011 жылғы 38,4%-дан 2025 жылы 48,1%-ға дейін өскен. Бүгінде кәсіпкер әйелдер 1,5 миллионға жуық адамды жұмыспен қамтамасыз етіп отыр.

Семинар қатысушылары әйелдер кәсіпкерлігін одан әрі дамыту үшін оқыту мен цифрландырудан бастап, заңнаманы жетілдіру және әкімшілік кедергілерді жоюға дейінгі кешенді тәсіл қажет деген ортақ пікірге келді. Бұл міндеттерді жүзеге асыруда республикалық және өңірлік деңгейде бизнеске нақты қолдау көрсететін «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы маңызды рөл атқарады.