Өңірлік кәсіпкерлер палатасында жаңа Азаматтық кодексті әзірлеу бастамасы қолдау тапты
Қазақстанда Мемлекет басшысының жаңа Азаматтық кодексті әзірлеу жөніндегі бастамасы белсенді талқылануда. Құқықтық нормаларды мұндай ауқымды қайта қарау қажеттілігі цифрлық сауданың, онлайн-платформалар мен сервистік модельдердің жедел дамуынан туындап отыр, өйткені қолданыстағы заңнама заманауи бизнес процестердің қарқынына тарлық етуде.
Өңірлік кәсіпкерлер палатасы директорының міндетін атқарушы Ақылбек Смағұлов алдағы реформа қандай міндеттерді шешуі тиіс екендігі туралы өз пікірін білдірді.
«Мемлекет басшысының жаңа Азаматтық кодексті әзірлеу туралы бастамасы — уақытылы әрі қажетті қадам. Сөз экономикалық және қоғамдық қатынастардың заманауи құқықтық негізін қалыптастыру туралы болып отыр. Өткен онжылдықтарда Қазақстан айтарлықтай өзгерді: цифрлық сауда, онлайн-платформалар, бизнесті жүргізудің жаңа нысандары қарқынды дамуда. Бұл ретте қолданыстағы заңнаманың кейбір ережелері бүгінгі шынайылыққа толық сай келмейді, бұл құқықтық олқылықтарға және дауларды шешу кезінде қиындықтарға әкеп соғады», — деп атап өтті Ақылбек Смағұлов.
Спикердің пікірінше, реформаның басты міндеттерінің бірі — құқықтық белгілілікті қамтамасыз ету. Заң бәріне бірдей болжамды қолданылатын түсінікті ережелерден тұруы тиіс. Қайшылықтарды жою, меншік құқығын және адал сатып алушыларды қорғау тетіктерін жетілдіру, шарттардың сенімді орындалуын қамтамасыз ету қажет. Шарт бостандығына ерекше назар аударған жөн. Кәсіпкерлер ынтымақтастық шарттарын өз бетінше айқындауға, тәуекелдер мен жауапкершілікті бөлуге мүмкіндігі болуы тиіс. Бұл ретте заңнама мүдделер теңгерімін сақтай отырып, тараптарды теріс пайдаланушылық пен жосықсыз мінез-құлықтан қорғауы тиіс.
«Жаңа Кодекс электрондық мәмілелер, онлайн-платформалар және қызмет көрсетудің жаңа модельдері үшін нақты құқықтық тетіктерді көздей отырып, цифрлық экономиканың дамуын да ескеруі тиіс. Заңнама экономикалық өзгерістердің соңынан ілесіп қана қоймай, олардың әрі қарай дамуына жағдай жасауы қажет. Сонымен бірге, сот практикасы мен азаматтардың және бизнестің нақты қажеттіліктерін ескере отырып, нормаларға терең ревизия жүргізу арқылы қолданыстағы заңнаманың тиімді құқықтық институттарын сақтап қалу маңызды. Жаңа Кодекс жай ғана жаңартылған заң емес, құқықтарды қорғаудың және экономиканы дамытудың пәрменді құралына айналуы тиіс деп есептеймін. Оның басты міндеті — түсінікті ережелерді, азаматтық айналымға қатысушылардың мүдделерін тең қорғауды және құқықтық қатынастардың тұрақтылығына сенімділікті қамтамасыз ету», - деп түйіндеді Ақылбек Смағұлов.