Ұлытау облысының әкімі өңір кәсіпкерлерімен кездесті
Ұлытау облысының әкімі Есет Берікұлы Байкен өңірдің кәсіпкерлік қауымдастығы өкілдерімен кездесті. Кездесудің салтанатты бөлімінде өңірдің дамуына қосқан үлесі мен кәсіби жетістіктері үшін бірқатар кәсіпкерлер марапатталды.
Кездесу барысында бизнес өкілдерімен ашық диалог өрбіді. Кәсіпкерлер мемлекеттік органдардың қолдауын және жүйелі шешуді қажет ететін өзекті мәселелерді ортаға салды. Атап айтқанда, шағын және орта бизнес субъектілерін субсидиялау және жеңілдетілген қаржыландыру, кредиттер бойынша пайыздық мөлшерлемелерді субсидиялау, несие алу кезінде кепілмен қамтамасыз етудің жеткіліксіздігі, сондай-ақ балық шаруашылығын дамыту мәселелері талқыланды.
Сонымен қатар қала құраушы кәсіпорынның жергілікті кәсіпкерлермен жасалған қолданыстағы шарттар бойынша төлемдерді уақтылы жүргізбеуі, сондай-ақ өңірдегі шағын және орта бизнес субъектілерінің ірі жүйе құраушы кәсіпорындардың сатып алу рәсімдеріне қатысу мүмкіндіктерін кеңейту мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Бұдан бөлек, мал шаруашылығын дамыту, шаруашылықтарды мал азығымен қамтамасыз ету, ет өнімдерін қайта өңдеу, республикалық және облыстық маңызы бар автомобиль жолдарының бойында ұялы байланыс пен интернеттің қолжетімсіздігі, сондай-ақ креативті индустрияны қолдау мәселелері де көтерілді.
Кездесу билік пен бизнес өкілдері арасындағы ашық диалог алаңына айналып, кәсіпкерлерді толғандырған өзекті мәселелерді талқылауға және Ұлытау облысының кәсіпкерлік әлеуетін дамытуға бағытталған ұсыныстарды әзірлеуге мүмкіндік берді.










