Аквамәдениетты дамыту: Ақтөбе облысының кәсіпкерлері саладағы өзекті мәселелерді көтерді

09.11.2026
Аквамәдениетты дамыту: Ақтөбе облысының кәсіпкерлері саладағы өзекті мәселелерді көтерді

Ақтөбе облысының кәсіпкерлер палатасында ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Балық шаруашылығы комитетінің төрағасы Серік Сермағамбетовтің қатысуымен жұмыс кездесуі өтті. Жиында өңірдегі балық шаруашылығын дамытудың өзекті мәселелері, сондай-ақ кәсіпкерлер тап болатын заңнамалық және әкімшілік кедергілер талқыланды.

«Қазақстан үшін аквамәдениетты дамыту стратегиялық маңызға ие. Біздің міндетіміз – балық өсіру көлемін арттырып қана қоймай, заманауи технологияларды енгізуге, өндіріс тиімділігін арттыруға және отандық балық өнімдерінің түр-түрін көбейтуге қолайлы жағдай жасау», – деді Серік Сермағамбетов.

2025 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанда өсірілген балық көлемі шамамен 23 мың тоннаға жетіп, балық өсіру шаруашылықтарының саны 700-ге жуықтады. Саланы одан әрі дамытудағы маңызды қадамдардың бірі – өткен жылы қабылданған, мемлекеттік қолдау тетіктерін жетілдіруге, ғылыми сүйемелдеуді дамытуға және инвестиция тартуға бағытталған «Аквамәдениет туралы» Қазақстан Республикасының Заңы болды.

Кездесу барысында кәсіпкерлер назар аударуды және нақты шешім қабылдауды қажет ететін бірқатар мәселені ортаға салды.

Алдымен су қорғау аймақтары мен белдеулерінің режимі талқыланды. Бизнес өкілдері су нысандарына жақын аумақтарда карьерлік және онымен байланысты жұмыстарды жүргізу кезінде туындайтын экологиялық шектеулер мәселесін көтерді. Атап айтқанда, өндірістік қызметтің су ресурстарына ықтимал кері әсерін барынша азайту мақсатында су қорғау белдеуінің енін қолданыстағы 50 метрден 500 метрге дейін ұлғайту жөніндегі ұсыныс айтылды.

Изображение

Балық шаруашылығы су айдындарын кәсіпкерлерге бекіту мерзімін ұзарту мәселесі де өзекті болды. Қазіргі уақытта су айдындары кәсіпкерлерге 10 жыл мерзімге бекітіледі, ал оны ұзарту туралы өтініш мерзім аяқталуына үш ай қалғанда берілуі тиіс. Кәсіпкерлердің айтуынша, мұндай тәртіп банктен несие алу кезінде қиындық туғызады. Өйткені су айдынын одан әрі пайдалану мерзіміне қатысты белгісіздік болған жағдайда қаржы ұйымдары ұзақ мерзімді несие беруге құлықсыз.

Тағы бір мәселе – жыртқыш балық түрлерімен күресу және су айдындарын балықтандыру ерекшеліктері. Кәсіпкерлер Ақтөбе облысының климаттық жағдайлары, әсіресе вегетациялық кезеңнің қысқалығы, балық өсіруге ерекше тәсіл қажет ететінін атап өтті. Қолданыстағы стандартты шабақтар бір маусым ішінде тауарлық мөлшерге дейін өсе алмайды. Сондықтан шаруашылықтарға жасы бір жылдан асқан балық шабақтары қажет. Сонымен қатар кәсіпкерлер жыртқыш балық түрлерінің санын реттеудің ғылыми негізделген әдістерін әзірлеу қажеттігін айтты.

Изображение

Бұдан бөлек, кәсіпкерлер балық өнімдерін өткізу кезінде E-fish ақпараттық жүйесін пайдалану және ветеринариялық анықтамалар алу мәселелеріне назар аударды.

Кездесуді қорытындылаған Серік Сермағамбетов кәсіпкерлер көтерген барлық мәселелер, бастамалар мен ұсыныстар жан-жақты зерделеніп, Қазақстан Республикасының 2030 жылға дейінгі аквакультураны дамыту жоспарын қайта қарау және өзектендіру барысында ескерілетінін жеткізді.

Кәсіпкерлер палатасының атап өтуінше, салалық мемлекеттік органмен осындай ашық диалог орнату бизнес өкілдеріне өзекті мәселелерді салалық реттеуші органның назарына жеткізуге және өңірдің балық шаруашылығын одан әрі дамытуға бағытталған нақты шешімдер әзірлеуге мүмкіндік береді.

ИзображениеИзображение