Атырауда кәсіпкердің өтініші қаралғаннан кейін мемлекеттік сатып алу қорытындылары қайта қаралды
Атырау облысының Кәсіпкерлер палатасында Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңестің отырысы өтті. Онда мемлекеттік органның заңды күшіне енген сот шешімін орындамауына қатысты «TOMIRIS-A» ЖШС-нің өтініші қаралды. Бүгінде конкурс қорытындылары қайта қаралып, жеңімпаз болып «TOMIRIS-A» ЖШС танылды.
Атырау облысының Кәсіпкерлер палатасына қала аумағында авариялық-қалпына келтіру жұмыстарын жүргізуге арналған мемлекеттік сатып алу конкурсы аясында бұзылған құқықтарын қалпына келтіруге жәрдемдесу туралы «TOMIRIS-A» ЖШС-нен өтініштер келіп түсті.
«TOMIRIS-A» ЖШС өкілі Сая Билялованың айтуынша, Атырау қаласының «Қалалық қаржы бөлімі» мемлекеттік мекемесі ұйымдастырған конкурс қорытындысы бойынша жеңімпаз болып «TESS-PROJECT» ЖШС танылған, ал «TOMIRIS-A» ЖШС екінші орын алған. 2026 жылғы 10 ақпанда жеңімпазбен келісімшарт жасалған. Конкурс нәтижелерімен келіспеген «TOMIRIS-A» ЖШС конкурс қорытындылары туралы хаттаманы заңсыз деп тану туралы талап арызбен сотқа жүгінген.
«2026 жылғы 6 сәуірде Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты біздің талап арызымызды қанағаттандырды. Конкурс қорытындылары туралы хаттама заңсыз деп танылып, күші жойылды, ал жасалған келісімшарт жарамсыз деп танылды. Сот шешімі 2026 жылғы 21 сәуірде заңды күшіне енді», – деді Сая Билялова.
Алайда сот актісі заңды күшіне енгеніне қарамастан, конкурс қорытындылары белгіленген мерзімде қайта қаралмаған. Осыған байланысты сот қалалық қаржы бөлімінің басшысына әрқайсысы 50 АЕК мөлшерінде ақшалай өндіріп алу туралы екі рет ұйғарым шығарған. Екінші рет 216 250 теңге көлемінде ақшалай өндіріп алу 2026 жылғы 20 тамызда салынды. Сонымен қатар сот шешімді орындау мерзімін 2026 жылғы 10 қыркүйекке дейін белгілеген.
Кеңес отырысында қатысушылар өтініштің мән-жайларын, ұсынылған құжаттарды және одан әрі әрекет етуге негіз болатын құқықтық мәселелерді жан-жақты қарастырды. Әсіресе заңды күшіне енген сот актілерін орындау және оларды орындамағаны үшін лауазымды тұлғалардың жауапкершілігі мәселелеріне ерекше назар аударылды.

Талқылау қорытындысы бойынша Кеңес Атырау облысының Кәсіпкерлер палатасына мынадай шараларды қабылдауды ұсынды:
• заңды күшіне енген сот шешімдерінің орындалмауына жол берген мемлекеттік қызметшілердің әрекеттеріне баға беру үшін Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің департаментіне өтініш жолдау;
• Кеңес отырысында қаралған мәселелер аталған мемлекеттік органдардың қызметіне тікелей қатысты болғанына қарамастан, қалалық қаржы бөлімі мен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және тұрғын үй инспекциясы бөлімдері басшыларының отырысқа қатыспағаны туралы Атырау қаласының әкіміне ақпарат беру;
• «TOMIRIS-A» ЖШС өтініші бойынша жүргізілген құқықтық сараптама материалдарын Атырау қаласы әкімдігі лауазымды тұлғаларының әрекеттерінің заңдылығын тексеру үшін Атырау облысының прокуратурасына жолдау.
Отырыс қорытындысын шығара келе, Қазақстан Республикасы Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкілдің Атырау облысы бойынша өкілі аппаратының сектор меңгерушісі, Атырау облысы Кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Сәрсенбай Жолдыбаев сот актілерінің орындалуын қамтамасыз ету және кәсіпкерлердің заңды құқықтарын сақтау қолайлы іскерлік ахуалды қалыптастырудың маңызды шарттары екенін атап өтті. Оның айтуынша, бұл «Заң және тәртіп» атты жаңа конституциялық идеологема қағидаттарына да сәйкес келеді.

Айта кету керек, материал жарияланған сәтте қалалық қаржы бөлімі конкурс қорытындыларын қайта қарап, мемлекеттік сатып алу жеңімпазы ретінде «TOMIRIS-A» ЖШС-ні таныды. Осылайша, кәсіпкердің өтінішін Кеңес алаңында қарау нақты нәтижесін берді.