Жөндеу жұмыстары сыйлыққа жасалды ма? ШҚО-да кәсіпкер еңбекақысын сот арқылы өндіріп алуға мәжбүр

09.11.2026
Жөндеу жұмыстары сыйлыққа жасалды ма? ШҚО-да кәсіпкер еңбекақысын сот арқылы өндіріп алуға мәжбүр

Жұмыстар орындалған, тапсырыс беруші бұл туралы білген әрі олардың көлемін растаған. Алайда мердігер 9 миллион теңгеге жуық қаражатын әлі күнге дейін ала алмай отыр. Себебі – қосымша келісім мен қаржыландырудың болмауы. Кәсіпкер «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясының ішкі келісу рәсімдерінің салдарынан тығырыққа тірелген бұл жағдай Шығыс Қазақстан облысы Кәсіпкерлер палатасының Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңесінің отырысында қаралды.

2024 жылдың желтоқсанында «Строй Континент» ЖШС «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ-мен Өскемен қаласындағы ғимаратқа ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізу туралы келісімшарт жасасқан. Жұмыс барысында бастапқы сметада қарастырылмаған қосымша жұмыстарды орындау қажеттілігі туындаған. Мердігер құрылыс материалдарын өз қаражатына сатып алып, жұмысшылардың еңбекақысын төлеп, аталған жұмыстарды толық орындаған.

Бұл ретте қосымша жұмыстар кәсіпкердің өз бетінше қабылдаған шешімі болмаған. Ұсынылған құжаттарға сәйкес, тапсырыс берушінің өкілдері олардың жүргізіліп жатқанынан хабардар болған және келісу мәселелерін бірнеше рет талқылаған. Тіпті 2025 жылы өткізілген төрт техникалық кеңестің хаттамаларында «ҚазАвтоЖол» қосымша жұмыстардың толық көлемде орындалғанын растаған. Компанияның филиалы бас кеңсеге тиісті құжаттарды жолдап, жиынтық сметалық есепке де қол қойылған.

Алайда есеп айырысатын уақыт келгенде ұлттық компания қосымша келісім мен қаржыландырудың жоқтығын алға тартып, 8 938 744 теңге көлеміндегі жұмыстардың орындалу актісіне қол қоюдан және төлем жасаудан бас тартқан. Ал кәсіпкердің өтінішіне сәйкес, тапсырыс беруші орындалған жұмыстардың көлемі мен сапасына қатысты ешқандай шағым білдірмеген.

Жағдайдың қисынсыздығына Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау жөніндегі кеңестің төрағасы Игорь Шацкий назар аударды.

«Сонда кәсіпкер қайырымдылық жасап, ғимаратты өз қаражатына жөндеп бергендей болып тұр ғой. Қаржыландыру болмағандықтан, жұмыстар қабылданбаған. Бірақ онда сұрақ туындайды: егер қаржы болмаса, мердігерден бұл жұмыстарды орындауды не үшін сұраған?» – деді Игорь Шацкий.

Белгілі болғандай, қосымша жұмыстарды келісу рәсімі «ҚазАвтоЖолдың» бас кеңсесі деңгейінде ұзаққа созылған. Осы аралықта жылыту маусымы басталып, жөндеуді тоқтату ғимаратты қалыпты пайдалануға қиындық туғызуы мүмкін еді. Сондықтан мердігер құжаттар кейіннен рәсімделеді деген сеніммен жұмысын жалғастырған.

Алайда енді ұзаққа созылған келісу рәсімдерінің қаржылық салдарын кәсіпкердің өзі көтеруге мәжбүр. Оның үстіне, өтініш материалдарына сәйкес, ұлттық компания қосымша келісімсіз орындалған жұмыстарды мердігердің кәсіпкерлік тәуекелі деп есептейді.

 Бірақ тапсырыс беруші жұмыстардан хабардар болып, олардың орындалғанын растаған болса, мұндай ұстаным қаншалықты әділетті? Ұлттық компанияның ішкі келісу рәсімдерінің салдарын бизнес неге өз қалтасынан өтеуі тиіс?

Тиесілі қаражатын ала алмаған «Строй Континент» ЖШС сотқа жүгінген. Қазіргі уақытта ШҚО мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотында біржақты тәртіппен жасалған орындалған жұмыстар актісін жарамды деп тану және олардың құнын өндіріп алу туралы талап арыз қаралуда.

Кеңес отырысында мемлекеттік сатып алу саласында мұндай даулардың жиілеп бара жатқаны атап өтілді. Қосымша жұмыстар мен оларды құжат жүзінде рәсімдеуге қатысты келіспеушіліктер көбіне сот дауына ұласады. Ал мұндай мәселелердің басым бөлігін келісімшартты орындау кезеңінде-ақ шешуге болар еді.

Отырыс қорытындысы бойынша дауды медиация тәртібімен реттеу мүмкіндігін қарастыру, сондай-ақ орындалған жұмыстардың ақысын ерікті түрде төлеу мәселесін шешу үшін «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ орталық аппаратының басшылығына тікелей жүгіну ұсынылды.

Сонымен қатар прокуратура органдарының өз өкілеттіктері шегінде сот процесіне қатысуы мәселесін пысықтау ұсынылды.

Бұл жерде мәселе тек 9 миллион теңгеге жуық қаражатта ғана емес, бизнес пен ірі тапсырыс берушілер арасындағы қарым-қатынастың маңызды қағидаттарында болып отыр. Жөндеу қажет болғанда жұмыстар келісіліп, олардың орындалғаны расталады. Ал төлем жасау уақыты келгенде қосымша келісім де, қаржыландыру да жоқ болып шығады.

Ең басты сұрақ әлі де жауапсыз: егер кәсіпкер қайырымдылық жасауды көздемесе, неліктен өзі орындаған жөндеу жұмыстарының ақысын сот арқылы өндіріп алуға мәжбүр?