Батысқазақстандық фермерлер ақылы трассалар мәселесін көтерді

09.11.2026
Батысқазақстандық фермерлер ақылы трассалар мәселесін көтерді


Батыс Қазақстан облысының Кәсіпкерлер палатасында республикалық маңызы бар ақылы автожолдармен жүретін ауыл шаруашылығы техникасы үшін ақы алудың өзекті мәселесін талқылау бойынша отырыс өтті.


БҚО Кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Эльмира Утешеваның төрағалығымен өткен кездесуге «Мар-Эль» шаруа қожалығының басшысы Асанов Мараттың өтініші себеп болды. Аралас форматта өткен жұмыс кездесуіне «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ филиалы мен орталық аппаратының басшылығы, БҚО әкімдігі басқармаларының, «Атамекен» ҚР ҰКП бейінді департаменттерінің өкілдері, сондай-ақ жергілікті агроқұрылымдардың басшылары қатысты.


«Мар-Эль» қожалығының және басқа да бірқатар ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің (АШТӨ) жерлері республикалық маңызы бар «Шымкент – Самара» ақылы трассасына іргелес орналасқан. Жиналған өнімді алқаптардан элеваторларға немесе қабылдау пункттеріне тасымалдау үшін фермерлердің техникасы күн сайын ақылы жолмен қатынауға мәжбүр — олардың жер учаскелеріне баратын баламалы айналма жолдар атымен жоқ.


«Ақылы автожолмен жүру үшін төленетін ақы қожалыққа елеулі қосымша қаржылық жүктеме түсіреді. Бұл өнімнің өзіндік құнын тікелей арттырады, ал оған халық үшін әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының түпкілікті бағасы тәуелді. Астық бағасының тұрақсыз нарықтық котировкаларға байланысты екенін ескерген жөн (мысалы, мақсары өткен жылы орта есеппен тоннасына 240 мың теңге тұрса, биыл — орташа есеппен 65 мың теңге), ал өндіріске кететін шығындар жылдан-жылға өсіп келеді», — деп атап өтті «Мар-Эль» ШҚ өкілі Альфия Шамшетдинова.


Қазіргі уақытта қожалықта жол жүрісі үшін төленбеген электрондық шот-фактуралар жиналып қалған. Шаруалар енді не өз қаражаттары есебінен жаңа айналма жолдар салу керектігін (бұл қазіргі экономикалық жағдайда мүмкін емес), не заңнамаға өзгерістер енгізуге қол жеткізу қажет екенін алға тартып отыр.


«ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ өкілдері — Ақылы автожолдар дирекциясының құқықтық мәселелер жөніндегі бас маманы Аманжол Қазыкенов пен Пайдалану бөлімінің бастығы Нұрбек Хамзин қолданыстағы құқықтық нормаларды түсіндірді.
«Автомобиль жолдары туралы» ҚР Заңының 5-2-бабына сәйкес, қызметтік міндеттерін атқару кезіндегі арнайы автокөлік құралдары, қала маңындағы автобустар, сондай-ақ ауыл шаруашылығы техникасы төлемақыдан босатылады, бірақ бұл тек су кедергілері мен теміржолдарды кесіп өтуге арналған жақын маңдағы көлік айрықтары арасындағы кесінділер шегінде ғана қолданылады. Өнімді толыққанды тасымалдау үшін заңда арнайы жеңілдіктер қарастырылмаған.
Ұлттық оператордың нормативтік-құқықтық актілерге өзгерістер енгізу құзыреттігі жоқ. Бұған дейін «ҚазАвтоЖол» ҚР Көлік министрлігіне жеңілдік алушылар тізімін кеңейту туралы ұсыныстар жіберген, бірақ олар әлі қабылданған жоқ.
«Бүгінгі таңда заң шеңберінде біз кәсіпкерлерге қаржылық жүктемені азайтудың екі заңды жолын ұсына аламыз: айлық немесе жылдық жеңілдетілген абонементтер сатып алу, немесе алдын ала төлем шартымен шарттар жасасу, бұл ставканы 15%-ға дейін төмендетуге мүмкіндік береді», — деп атап өтті «ҚазАвтоЖол» мамандары.


Жүйелік ақау: неліктен абонементтер фермерлерді құтқармайды?
Жеңілдетілген абонемент кейпіндегі шешім ұсынылғанымен, іс жүзінде аграршылар бюрократиялық тығырыққа тірелді.
«JENIS AGRO» ЖШС директоры Виталий Рупенгей атап өткендей, жеңілдетілген абонементті техникасы тікелей іргелес ауданда (мысалы, Бәйтерек немесе Тасқала ауданында) тіркелген кәсіпкерлер ғана рәсімдей алады. Алайда кәсіпкерлердің бір бөлігі заңды түрде Орал қаласында тіркелгенімен, олардың алқаптары мен өндірістік базалары дәл осы ауылдық аудандарда орналасқан. Осы заңнамалық қайшылықтың кесірінен қалалық аграршылар жергілікті абонемент алу құқығынан айырылып отыр.


Белсенді пікірталас барысында кездесуге қатысушылар нақты заңнамалық бастамаларды ұсынды:
1. «Атамекен» ҚР ҰКП АӨК департаменті директорының орынбасары Бауыржан Ахметаев далалық жұмыстар кезеңінде төмендететін коэффициентті қолдана отырып, АШТӨ үшін арнайы абонементтер енгізуді ұсынды.
2. ҚР Көлік министрлігінің бұйрықтарына өзгерістер енгізіп, абонементтерді тек автокөліктің тіркелген жері бойынша емес, сонымен қатар қожалықтардың жер учаскелерінің орналасқан жері бойынша сатып алуға рұқсат беру ұсынылды.
3. «Атамекен» ҰКП Логистика департаменті директорының орынбасары Қуаныш Ермұханов заңға сәйкес төлемақы жоғары жылдамдық пен қауіпсіздік қамтамасыз етілген жағдайда бұдан былай да алынатынын еске салды. Егер ақылы жолда ақаулар болса, төлемақы мөлшері соған сәйкес азайтылуы тиіс.
«ҚазАвтоЖол» облыстық филиалының өкілі Амангелді Жұмағалиев бұл тәжірибені растады: өткен жылы «Орал – Тасқала – РФ шекарасы» учаскесінде жол жабынының ақауларына байланысты төлемақы есептеу уақытша тоқтатылған болатын. Фермерлерге жолдардағы кемшіліктерді тіркеп, комиссиялық тексерулер бастау үшін Өңірлік палатаға жүгіну ұсынылды.

Кездесу қорытындысы бойынша төраға Эльмира Утешева нақты тапсырмалар мен шешімдер тізімін бекітті:
• «Атамекен» ҰКП-ға бастама: БҚО Кәсіпкерлер палатасы ҚР Көлік министрлігіне шығу үшін хаттаманы «Атамекен» ҰКП-ға жібереді. «Автомобиль жолдары туралы» ҚР Заңының 5-2-бабы 1-тармағының 2-тармақшасына өзгерістер енгізу («далалық жұмыстар кезеңінде ауыл шаруашылығы мақсатындағы жүк автомобилдері» тармағын қосу) ұсынылады, немесе Көлік министрлігінің бейінді бұйрықтарына өзгерістер енгізу мүмкіндігі қарастырылады, атап айтқанда:
• далалық жұмыстар кезеңінде төмендететін коэффициентті қолдану;
• абонементтерді тек жергілікті көлік үшін ғана емес, сонымен қатар тиісті ақылы жол учаскелеріне іргелес жатқан жер учаскелерінде қызмет жүзеге асыратын субъектілер үшін де қарастыру.


• Жол төсемін ревизиялау: «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ БҚОФ-қа 2025 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейін төлемақы қайта есептелген жолдардағы ақаулардың барлық расталған фактілері бойынша сұрау салу жіберіледі.
• Тізімдерді қалыптастыру: Тасқала және Бәйтерек аудандарының әкімдіктеріне жер учаскелері ақылы жолдарға іргелес жатқан АШТӨ-нің нақты тізілімін жасау үшін сұрау салу жіберіледі.


Фермерлердің айтуынша, бұл мәселе тек БҚО-да ғана емес, басқа да өңірлерге тән. Оның қалай шешілетіні аграршылардың қаржылық тұрақтылығына ғана емес, дүкен сөрелеріндегі нан мен азық-түліктің да бағасына әсер етері анық. #бқокәсіпкерлерпалатасы #палатапредпринимателейзко