Ақтөбелік Dellahome бренді KazBrand 2026 ұлттық байқауының финалына шықты
Балалар киімін өндіретін отандық кәсіпорын Қазақстанның үздік брендтері қатарынан көрінуге мүмкіндік алды
Ақтөбелік Dellahome компаниясы KazBrand 2026 ұлттық байқауының финалистері қатарына енді. Биыл байқауға Қазақстанның түкпір-түкпірінен 421 өтінім түсіп, оның ішінен 35 компания финалға жолдама алды. Олардың қатарында өндіріс, қоғамдық тамақтану, жиһаз жасау, медицина, білім беру және қызмет көрсету салаларында жұмыс істейтін отандық кәсіпорындар бар.
Dellahome - Қазақстанда балалар киімін көтерме өндіруге маманданған отандық тігін кәсіпорны әрі қазақстандық бренд. Компанияны 2020 жылы Ақтөбе қаласында кәсіпкер Гүлсезім Нәжімова құрған. Кәсіпорын құрылған күннен бастап балалар киімін өндіру бағытында жұмыс істеп, отандық өнім нарығында өз орнын қалыптастырып келеді. KazBrand 2026 байқауының финалына шығу - компанияның дамуы жолындағы тағы бір маңызды жетістік. Айта кетейік, биыл Dellahome өңірлік «Қазақстанның үздік тауары» байқауының да жеңімпаздарының бірі атанды. Бұл кәсіпорын өнімінің бәсекеге қабілеттілігін және Ақтөбе өңіріндегі отандық өндірістің әлеуетін көрсетеді.
KazBrand 2026 финалистері қатарында сусын өндіруші Lemonadoff Food, «Крендель» және Handy Candy кондитерлік брендтері, «Идеал Туркестан», Solo-интерьер және Quraq Group жиһаз компаниялары, Venera Print полиграфиялық кәсіпорны, сондай-ақ қоғамдық тамақтану, білім беру және медицина саласының өкілдері бар.
Байқаудың финалы 2026 жылғы 4 желтоқсанда Астана қаласындағы Spaces Astana алаңында өтеді. Қатысушылар қазылар алқасына өз компанияларын, бизнес-модельдерін және алдағы даму жоспарларын таныстырады. Сарапшылар қорытындысы бойынша KazBrand 2026 жеңімпаздары анықталады.
Байқауды «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Президиумы жанындағы Шағын және орта бизнесті дамыту комитетінің төрайымы Гүлбану Майгарина жетекшілік ететін Орталық Азия франчайзинг қауымдастығы (CAAF) ұйымдастырып отыр.
«Неліктен қазақстандық брендтер тек өз қаласында ғана танымал болып қалуы керек? Біздің елімізде өнімдері халықаралық нарықта бәсекеге түсе алатын кәсіпкерлер бар. Алайда табысты бизнес пен ірі компанияның арасында үлкен айырмашылық жатыр. KazBrand жобасын кәсіпкерлерге осы белесті еңсеруге көмектесу үшін құрдық», - дейді Гүлбану Майгарина.
Биыл Орталық Азия франчайзинг қауымдастығы «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының қолдауымен Қазақстанның 16 қаласын қамтыған франчайзингтік тур өткізді. Кездесулер барысында кәсіпкерлер қаржылық модельдерді, бизнес-процестерді ұйымдастыруды және франчайзингті дамыту мүмкіндіктерін талқылады.
Айта кетейік, KazBrand ұлттық байқауы мен франчайзингтік тур екінші жыл қатарынан өткізіліп келеді. Екі жоба да отандық кәсіпкерлердің бизнесін дамытуға, компанияларын кеңейтуге және жаңа нарықтарға шығуына қолдау көрсетуге бағытталған.
«Ақтөбелік Dellahome компаниясының республикалық байқау финалына шығуы - өңір кәсіпкерлерінің әлеуетін және жергілікті жерде өндірілетін қазақстандық өнімнің мүмкіндігін танытатын маңызды жетістік», - дейді - Ақтөбе облысының кәсіпкерлер палатасында.