Павлодар облысында балаларды тасымалдайтын туристік автобустарға қойылатын талаптарды жеңілдетіп, «IRONMAN» турнирлерін өткізу ұсынылды

10.11.2026
Павлодар облысында балаларды тасымалдайтын туристік автобустарға қойылатын талаптарды жеңілдетіп, «IRONMAN» турнирлерін өткізу ұсынылды

Павлодар облысы Кәсіпкерлер палатасының Туризм және қонақжайлылық салалық кеңесінің отырысында бірқатар бастамалар көтерілді.

 

Изображение

Жиынға Палата директоры Айдос Шайхислам және Өңірлік кәсіпкерлер кеңесінің мүшелері қатысты. Курорттық аймақтардағы туристік бизнестің маусымдық сипатқа ие болуына байланысты (киіз үйлерді, жағажай жабдықтарын жалға беру) кәсіпкерлер жеке кәсіпкерлікті (ЖК) тұрақты түрде тіркеп, кейін оны таратуға, салық есептілігін тапсыруға және бақылау-касса машиналарын ұстауға мәжбүр. Бұл туралы «Саят-Павлодар» туристік фирмасы» ЖШС директоры Гүлмира Отарғалиева мәлімдеді. Ол өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтарға арналған қызмет түрлерінің тізбесін кеңейту мүмкіндігін қарастыруды ұсынды. Атап айтқанда, бірыңғай жиынтық төлемді төлеушілерге немесе осыған ұқсас режимдерге қысқа мерзімді киіз үйлер мен туристік жабдықтарды жалға беру қызметін енгізіп, оны eGov порталы арқылы тіркеу мүмкіндігін қарастыру қажет. Бұл ретте бақылау-касса машиналарын қолдану міндетті болмауы тиіс. Мемлекеттік кірістер департаментінің өкілдері бұл мәселені жан-жақты зерделеу, жоғары тұрған органдарға ұсыныстар жолдау және кейіннен ресми түсініктеме беру үшін назарға алды.

«Leone D'Oro» ЖШС басқарушы директоры Фарида Абай «IRONMAN» сияқты спорттық іс-шараларды ұйымдастыру идеясын көптен бері ойластырып жүргенін айтты. Оның пікірінше, бұл жергілікті деңгейдегі жарыстармен шектелмеуі керек. Тіпті аталған жарыстарды ұйымдастыру үшін франшиза сатып алып, бренд құқықтарының иелерімен келіссөздер жүргізу арқылы Павлодар облысында әлемдік деңгейдегі жарыстар өткізуге болады.

 

Изображение

«Оған тек павлодарлық триатлоншылар ғана қатыспауы керек. Бүкіл Қазақстаннан спортшылар келуі тиіс. «IRONMAN» жарыстарына қатысуға ниеттілер өте көп. Сонымен қатар турнирге спикер ретінде бизнес ортада беделі жоғары танымал қазақстандық кәсіпкерлерді шақыруға болады. Осындай тұлғалардың қатысуымен пікірталас алаңын ұйымдастыруға мүмкіндік бар», – деп атап өтті ол.

Салалық кеңес отырысына қатысқан кәсіпкерлер. Павлодар облысы Кәсіпкерлер палатасының директоры Айдос Шайхислам өңірде бұған дейін де осындай жарыстар өткізілгенін еске салды.

 

Изображение

«2019 жылы Павлодар қаласындағы өзен вокзалы аумағында «IRONMAN» турнирі өткен болатын. Сол кезде мемлекеттік қолдаусыз болса да, триатлоннан толыққанды жарыстар ұйымдастырылды. Демек, өңірде тәжірибе бар, ал ұсынылған идеяның өзі өте жақсы», – деді ол.

«Атамекен Тур» ЖШС директоры Елена Цупенкова балалардың облыс ішіндегі сапарларын келісу кезінде уәкілетті органдар автобустарға артық талаптар қоятынын айтты. Атап айтқанда, көлік құралы шанағының нақты бір түсте болуы және арнайы үлгідегі жарқылдауық маяктардың орнатылуы жеке тасымалдаушыларды тартуды қиындатады. Әкімшілік полиция басқармасының инспекторы Әділ Ахмекенов жол қозғалысы ережелеріне және 2024 жылы енгізілген өзгерістерге сәйкес, балалар тобын тасымалдайтын автобустардың алдыңғы және артқы жағында «Балалар» деген тану белгілері, сондай-ақ қызғылт сары түсті жарқылдауық маяктар болуы керектігін түсіндірді. Егер маяк оңай шешілетін болса (магнит арқылы бекітілсе), көлік құралының техникалық паспортына өзгеріс енгізу талап етілмейді. Автобусты балаларды тасымалдауға жіберу туралы рұқсат ішкі істер органдары өткізетін міндетті техникалық байқаудың нәтижелері бойынша беріледі.

Павлодар облысы Кәсіпкерлер палатасының туризм және қонақжайлылық салалық кеңесінің, сондай-ақ Өңірлік кәсіпкерлер кеңесінің отырысында бұдан басқа да бірқатар өзекті мәселелер көтеріліп, талқыланды.

 

Изображение