35 қазақстандық бренд KazBrand 2026 байқауында жеңіс үшін бақ сынайды
I’m ресторандар желісі KazBrand 2026 финалистері қатарына енді
Кофеханалар, кондитерлік өндірістер, жиһаз фабрикалары, медициналық орталықтар және тіпті көру қабілеті нашар жандарға арналған арнайы шахмат. National KazBrand 2026 ұлттық байқауына түскен 421 өтінімнің ішінен 35 қазақстандық компания финалға өтті. Олардың арасында ірі кәсіпорындар да, масштабын кеңейтуге дайындалып жатқан шағын жобалар да бар.
Финалистер қатарында – I’M Feel Good (I’m жылдам тамақтану ресторандары), Lemonadoff Food сусын өндірушісі, «Крендель» және Handy Candy кондитерлік брендтері, «Идеал Туркестан», Solo-интерьер және Quraq Group жиһаз компаниялары, Dellahome балалар киімін өндірушісі және Venera Print полиграфиялық компаниясы бар.
Қоғамдық тамақтану және қызмет көрсету саласын CROFF Coffee Studio, Halal Beauty Group сұлулық салондары желісі мен Istina Dance Academy би академиясы таныстырады. Сонымен қатар финалға ZEREK мектебі мен VERA+ медициналық орталығы өтті.
Әлеуметтік жобалар да баршылық. Финалистердің бірі көру қабілеті нашар жандарға арналған арнайы шахмат тақталарын шығарады. Екіншісі – MamaRada – Tanymal балаларды инклюзивті оқытумен айналысады.
Байқаудың финалы биыл 4 желтоқсанда елордадағы Spaces Astana алаңында өтеді. Қатысушылар KazBrand 2026 жеңімпаздарын анықтайтын қазылар алқасының алдында өзінің компаниялары мен даму жоспарларын таныстыруға тиіс.
Байқаудың ұйымдастырушысы – «Атамекен» ҰКП Төралқасының Шағын және орта бизнесті дамыту комитетінің төрағасы Гүлбану Майғаринаның басшылығындағы Орталық Азия франчайзинг қауымдастығы (CAAF).
«Неліктен қазақстандық брендтер тек өз қаласында ғана танымал болып қалуы керек? Бізде халықаралық нарықта бәсекелесе алатын өнімдері бар кәсіпкерлер өте көп. Бұған қарамастан, табысты бизнес пен ірі компанияның арасында үлкен алшақтық бар. KazBrand байқауын біз дәл осы алшақтықты жоюға көмектесу үшін құрдық. Әрбір финалистің артында өзіндік тарихы бар: біреуі кішкентай цехтан бастаса, енді біреуі — жалғыз сауда нүктесінен бастаған. Бүгінде олар ары қарай өсуге дайын. Мен бірнеше жылдан кейін бұл брендтерді тек Алматы немесе Астанадан ғана емес, Дубай, Нью-Йорк, Шанхай және әлемнің басқа да қалаларынан кездестіргім келеді. «Қазақстанда жасалған!» деген жазуды бүкіл әлем таныса екен деймін», — деп сөзін түйіндеді Гүлбану Майғарина.
Биыл CAAF ұйымы «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасының қолдауымен Қазақстан бойынша франчайзинг турын өткізді. Кездесулерде кәсіпкерлер өз компанияларының қаржылық модельдерін, бизнес-процестерді ұйымдастыруды және франчайзингті дамыту мүмкіндіктерін талдады.
Еске сала кетсек, франчайзинг туры мен KazBrand ұлттық байқауы қатарынан екінші жыл өткізіліп келеді. 2026 жылы тур Қазақстанның 16 қаласын қамтыды. Екі жоба да кәсіпкерлерге бизнесін дамытуға, компанияларды ауқымын кеңейтуге және жаңа нарықтарға шығуға дайындауға көмектеседі.
Қосымша ақпарат:
www.caaf.asia
Instagram: @franchise_asia