Кәсіпкерлер мен бейінді ұйымдар жол бойындағы сервистік нысан жобасына қатысты ортақ шешім іздеуде

10.11.2026
Кәсіпкерлер мен бейінді ұйымдар жол бойындағы сервистік нысан жобасына қатысты ортақ шешім іздеуде

Ақтөбе облысының Кәсіпкерлер палатасында Құрылыс, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және энергетика салалық кеңесінің отырысы өтті. Жиында «Qaz-Bel Лифт» ЖШС-нің Ақтөбе қаласы аумағындағы республикалық маңызы бар «Самара – Шымкент» автожолының бойында А класындағы екі жол бойындағы сервистік кешен салу жөніндегі инвестициялық жобасын іске асыру мәселелері қаралды.

Талқылаудың негізгі тақырыбы – болашақ нысандарға көліктің қауіпсіз кіріп-шығуын қамтамасыз ету үшін өтпелі-жылдамдық жолақтарын (үдеу және баяулау жолақтарын) салу мүмкіндігі. Бұл мәселенің шешілуі инвестициялық жобаның одан әрі жүзеге асуына тікелей әсер етеді.

Жобаға сәйкес, тасжолдың екі жағында да «жанармай құю станциясы + кемпинг» форматындағы екі кешен салу жоспарланған. Олардың құрамында жанармай құю станциясынан бөлек, қонақүй, қоғамдық тамақтану орындары, автожуу, техникалық қызмет көрсету станциясы және күзетілетін автотұрақ қарастырылған.

Салалық кеңес төрағасы Бердияр Примбетовтің жетекшілігімен өткен отырысқа Кәсіпкерлер палатасының, «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ Ақтөбе облыстық филиалының, RENARDET SA жобалау ұйымының «Engineering Services» ЖШС-мен бірлестіктегі өкілдері, техникалық және авторлық қадағалау мамандары, «KEGOC» АҚ, сондай-ақ мүдделі мемлекеттік органдардың өкілдері қатысты. Талқылауға онлайн форматта «Атамекен» ҚР ҰКП орталық аппараты мен облыстық прокуратура өкілдері де қосылды.

Кәсіпкердің ұстанымы мен жобалық шешімдерді «Qaz-Bel Лифт» ЖШС коммерциялық директоры Айгерім Сейтмағамбетова және жобалаушы Ренат Гайнутдинов таныстырды. «ҚазАвтоЖол» өкілдері, жоба жетекшісі Нұрлан Тұрумов, техникалық және авторлық қадағалау мамандары ұсынылған жолға қосылу сызбалары мен өтпелі-жылдамдық жолақтарын салу жөніндегі өз пікірлерін білдірді.

Изображение

Талқылау барысында жобалық шешімдердің қолданыстағы нормативтік-техникалық талаптарға сәйкестігі, тасжолға қосылатын жолдарды салу мүмкіндігі, қажетті қосымша есептеулер мен келісімдер мәселелері қаралды. Сонымен қатар қатысушылар қандай ескертулерді түзету қажет екенін және қандай балама техникалық шешімдерді қарастыруға болатынын талқылады.

Кәсіпкерлер палатасы бизнес, бейінді ұйымдар мен мемлекеттік құрылымдар арасындағы диалог алаңы ретінде жұмыс жүргізді. Мәселені қосымша техникалық пысықтау және барлық мүдделі тараптардың ұстанымдарын ескеру қажеттілігіне байланысты келесі аптада қосымша мамандар мен құзыретті ұйымдардың өкілдерін қатыстыра отырып, тағы бір отырыс өткізу туралы шешім қабылданды.

Бұл даулы мәселелерді жан-жақты қарастырып, инвестициялық жобаны іске асыру бойынша алдағы іс-қимыл алгоритмін айқындауға мүмкіндік береді.

Изображение