Бизнес медициналық лицензиялардың мерзімсіз болуын және салық салу тәсілдерін қайта қарауды қолдайды

10.11.2026
Бизнес медициналық лицензиялардың мерзімсіз болуын және салық салу тәсілдерін қайта қарауды қолдайды

«Атамекен» ҚР ҰКП алаңында Палата Президиумы жанындағы Фармацевтика, медицина өнеркәсібі және медициналық қызметтер комитетінің кеңейтілген отырысы өтті. Қатысушылар медициналық қызметке берілетін лицензиялардың қолданылу мерзімін бес жылмен шектеу бастамасын, 2026 жылдан бастап ҚҚС енгізуге байланысты денсаулық сақтау ұйымдарына түсетін салық жүктемесін, сондай-ақ отандық бизнестің жаңа медициналық нысандар құрылысына қатысу мүмкіндіктерін талқылады.

Отырысты ашқан Комитет төрағасы Нұржан Отарбаев қабылданатын реттеушілік және салықтық шешімдер медициналық ұйымдар мен фармацевтикалық компаниялар қызметінің нақты жағдайларын ескеруі қажет екенін атап өтті.

«Денсаулық сақтау саласын реттеу мен салық салуға қатысты кез келген өзгеріс мұқият есептеліп, кәсіби қауымдастықпен жан-жақты талқылануы керек. Біздің міндетіміз – медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігін қамтамасыз ете отырып, бизнеске негізсіз қосымша салмақ түсірмейтін теңгерімді шешімдер табу», – деп атап өтті Нұржан Отарбаев.

Изображение

Күн тәртібіндегі негізгі мәселелердің бірі – медициналық қызметті жүзеге асыруға берілетін лицензиялардың қолданылу мерзімін бес жыл етіп белгілеу ұсынысы. Бұған дейін, 15 қазанда, аталған бастаманың реттеушілік әсерін талдау нәтижелері ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің төрағалығымен өткен Кәсіпкерлік қызметті реттеу мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияның қарауына шығарылған еді.

«Атамекен» ҚР ҰКП медициналық қызметке берілетін лицензиялардың мерзімсіз қолданылуын сақтауды көздейтін реттеушілік әсерді талдаудың балама нұсқасын ұсынды. Ведомствоаралық комиссия отырысының қорытындысы бойынша ҚР Денсаулық сақтау министрлігіне Палатамен бірлесіп, айтылған ескертулерді ескере отырып, мәселені қосымша пысықтау және оны комиссияның кезекті отырысына шығару тапсырылды.

Медициналық қауымдастық өкілдері лицензиялардың қолданылу мерзімін бес жылмен шектеу бастамасын қолдамайды. Олардың пікірінше, лицензиялардың мерзімсіз қолданылуын сақтап, сонымен қатар лицензия берілгеннен кейінгі бақылауды күшейту анағұрлым тиімді.

Изображение

Талқылаудың екінші бөлігі денсаулық сақтау секторына түсетін салық жүктемесіне және 2026 жылдан бастап ҚҚС енгізуге байланысты салық заңнамасындағы өзгерістерге арналды. Жаңа Салық кодексін енгізу жөніндегі жобалық кеңсе аясында «Атамекен» ҚР ҰКП Ұлттық экономика және Денсаулық сақтау министрліктеріне денсаулық сақтау субъектілеріне, фармацевтика нарығына және халыққа түсетін қаржылық жүктеме жөніндегі есептерді, сондай-ақ ҚҚС бойынша жеңілдікті қайтару немесе оның мөлшерлемесін 5%-ға дейін төмендету қажеттігі туралы ұсыныстарын жолдады.

Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, (тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі) ТМККК және МӘМС шеңберінде дәрілік заттарға, медициналық бұйымдар мен медициналық қызметтерге 5% ҚҚС мөлшерлемесін қолданған жағдайда қосымша қаржыландыру қажеттілігі 20 млрд теңгеден асады. Өткізілген талқылауларға, ұсынылған есептер мен хаттамалық тапсырмаларға қарамастан, бұл мәселе бойынша әзірге ортақ ұстаным қалыптасқан жоқ.

«Ұлттық денсаулық сақтау палатасы» ЖК мен ЗТБ Басқарма төрағасының орынбасары Менханым Қалдыбаева медициналық ұйымдардың, фармацевтикалық компаниялардың, сондай-ақ медициналық бұйымдар мен жабдық өндірушілерінің басшылары арасында жүргізілген сауалнама нәтижелерін таныстырды. Сауалнама ҚҚС енгізудің олардың қызметіне ықпалын бағалауға арналды.

Изображение

Отырысқа қатысушылар салық заңнамасындағы өзгерістерді медициналық ұйымдардың тұрақтылығына, қызметтер құнына және медициналық көмектің қолжетімділігіне ықтимал әсерін ескере отырып, одан әрі пысықтау қажеттігін атап өтті.

«Әртүрлі мәселелер» бөлімінде Мемлекет басшысының денсаулық сақтау инфрақұрылымын дамыту жөніндегі тапсырмаларын іске асыруға отандық өндірушілер мен құрылыс компанияларын тарту перспективалары қаралды.

Алғашқы кезеңде еліміздің өңірлерінде перинаталдық орталықтар, көпбейінді ауруханалар, жедел медициналық жәрдем станциялары, балаларды оңалту орталықтары және басқа да нысандарды қоса алғанда, шамамен 70 нысан салу жоспарланып отыр. Отырыс барысында ұсынылған мәліметтерге сәйкес, құрылыс нысандарының жалпы ауданы шамамен 1,8 млн шаршы метрді құрайды. Жобаларды іске асыру төсек-орын қорын шамамен 9,2 мың орынға ұлғайтуға және бір ауысымда қосымша 5,3 мың келушіні қабылдауға мүмкіндік береді.

«Атамекен» ҚР ҰКП бұл жобаларды іске асыру кезінде отандық өндірушілердің өнімдерін пайдалануды, қазақстандық құрылыс компанияларын тартуды, сондай-ақ мемлекеттік-жекешелік әріптестік тетіктерін қолдану мүмкіндігін қарастыруды маңызды деп санайды. Мұндай тәсіл ірі инфрақұрылымдық жобаларға отандық бизнестің қатысуын кеңейтіп, құрылыс саласындағы қазақстандық қамту үлесін арттыруға мүмкіндік береді.

Отырыс қорытындысы бойынша қатысушылардың ұсыныстары мен ескертулері бірлескен хаттамаға енгізіліп, мемлекеттік органдармен одан әрі пысықтауға жолданады.