Қарағандыда отандық тауарлардың сауда желілеріне қолжетімділігі талқыланды
Аумағы 100 шаршы метр және одан асатын сауда объектілері енді сауда алаңының немесе сөре кеңістігінің кемінде 30 пайызын қазақстандық тауарларға бөлуге міндетті. Бұл туралы Қарағанды облысы Кәсіпкерлер палатасында өткен кеңесте айтылды.
Кеңесте отандық өндірісті дамыту және тауар өндірушілердің сауда желілеріне қолжетімділігі мәселелері талқыланды. Оған сауда объектілерінің басшылары, өндірушілер, бизнес және мемлекеттік органдардың өкілдері қатысты.
ҚР Сауда және интеграция министрлігінің Қарағанды облысы бойынша Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің басшысы Абзал Рахымбаев жаңа қағидалар туралы айтып берді. 2026 жылғы 20 қазаннан бастап Ішкі сауда қағидаларына енгізілген өзгерістер күшіне енді. Қағидалардың 49-тармағына сәйкес 30 пайыздық норма әрбір тауар санатына және кіші санатына, сондай-ақ жалпы сауда объектісіне қолданылады. Ол азық-түлік тауарларына да, азық-түлік емес тауарларға да қатысты.
«Талап бірінші санаттан төртінші санатқа дейінгі сауда объектілеріне қолданылады. Аумағы 100 шаршы метрден кем дүкендер бұл талаптан босатылған. Қазақстандық тауарлар арнайы бағажапсырмалармен немесе «Қазақстанда жасалған» деген жазумен белгіленуі тиіс. Егер отандық өндірушілерден өтінім түспесе, сауда желілері жеткізушілерді Отандық өндірушілердің бірыңғай тізілімі арқылы таба алады», — деді Абзал Рахымбаев.
Сонымен қатар «Сауда қызметін реттеу туралы» ҚР Заңының 31-бабы сауда желілері мен ірі сауда объектілеріне жеткізушілермен жеткізу шарттарын жасасудан негізсіз бас тартуға тыйым салады. Сондай-ақ шарттарға жеткізушінің басқа сауда субъектілерімен ынтымақтастығын шектейтін немесе оны осындай шарттар туралы ақпаратты ашуға міндеттейтін кемсітушілік талаптарды енгізуге болмайды.
Кездесу барысында жергілікті отандық тауар өндірушілер өз өнімдерін таныстырып, шығарылатын ассортиментті ұсынды және сауда желілерімен ынтымақтастықты кеңейту бойынша ұсыныстарын айтты. Сондай-ақ олар қазақстандық өнімді ішкі нарықта ілгерілетудегі мәселелер мен қиындықтарды атап өтті.
Профилактикалық іс-шаралар аясында сауда үйлерінің басшыларына бағалы металдардан жасалған бұйымдарды сататын жалға алушылардың заңнаманы сақтауын қамтамасыз ету туралы өтініш жасалды.
Қатысушылар бизнесті цифрландыруға ерекше назар аударды. Гульжан Сыздыкова мен Асель Сауранбаева BusinessGo сервистер экожүйесін таныстырды. Ол кәсіпкерге барлық ісін бір терезеде жүргізуге көмектеседі. Сервистердің бәрі бірыңғай жеке кабинетте қолжетімді, оған ЭЦҚ арқылы кіруге болады.
BusinessGo арқылы кәсіпкер GreenKassa онлайн-кассасы арқылы чек шығарып, GreenMag жүйесінде тауар есебін жүргізе алады. GreenMag жүйесіне жүкқұжаттарды қолмен енгізбей-ақ, дауыспен немесе фото арқылы жүктеуге болады. Amian Business сервисі сатып алушыларға арналған акцияларды, бонустық бағдарламаларды және ұтыс ойындарын іске қосуға мүмкіндік береді. Кафелер мен мейрамханалар үшін Dastarhan QR мәзірі бар.
Сервистердің бір бөлігі тегін ұсынылады. Олардың қатарында шетелдік сатып алушыларға Tax Free рәсімдеу және акциз маркаларын тексеруге арналған GreenScan сервисі бар. QR-код арқылы кәсіпкер туралы ақпарат беретін «Салық төлеушінің паспорты» мен базарлар және сауда орталықтарына арналған аналитикасы бар SaudaHub платформасы да тегін. Жыл соңына дейін барлық сервисті бір мобильді қосымшаға біріктіру жоспарланып отыр.
Платформа қолданушылары үшін акция жүріп жатыр. 2026 жылғы 10 қарашадан бастап 2027 жылғы 30 сәуірге дейін кәсіпкерлер мен сатып алушылар арасында 12 автокөлік ойнатылады.
Кеңес қорытындысы бойынша Қарағанды облысы Кәсіпкерлер палатасы қатысушылардың ұсыныстарын жинақтап, ҚР Сауда және интеграция министрлігіне жолдайды.