Қазақстанның B20 саммитіндегі Superfecta артықшылығы: аса маңызды минералдар саласындағы төрт басымдық
Вашингтонда «Атамекен» ҚР ҰКП Төралқа Төрағасы Қанат Шарлапаев B20 саммитінің Орталық Азия мен АҚШ арасындағы аса маңызды минералдық ресурстар саласындағы мемлекеттік-жекешелік әріптестікке арналған панельдік сессиясында сөз сөйледі. Ол америкалық бизнес өкілдерін Қазақстанмен ұзақ мерзімді өнеркәсіптік және технологиялық әріптестік орнатуға шақырды.
Қанат Шарлапаев Қазақстанның тау-кен өндіру саласындағы бәсекелестік артықшылықтарын Superfecta ұғымымен біріктірді. Бұл – әртараптандырылған минералдық-шикізат базасы, дамыған инфрақұрылым, болжамды реттеу жүйесі және білікті кадрлар секілді төрт басымдықтың үйлесімі.
Қазақстанның минералдық-шикізат базасы энергетика мен өнеркәсіпте сұранысқа ие ресурстардың кең ауқымын қамтиды. Тармақталған теміржол желісі мен энергетикалық инфрақұрылым тау-кен өндіруші кәсіпорындардың тұрақты жұмыс істеуіне мүмкіндік береді. Жер қойнауын пайдалану саласындағы инвесторлар үшін минералдық ресурстарды бағалаудың халықаралық стандарттары және өтінімдердің түсу кезектілігіне сәйкес лицензия беру тәртібі қолданылады. Ал Қазақстанның инженерлік мектептері сала қызметкерлерінің басым бөлігін құрайтын мамандарды даярлайды.
Сессия барысында геологиялық барлаудың бастапқы кезеңдерін қаржыландыру мәселесіне де ерекше назар аударылды. Алғашқы зерттеулерден бастап өнеркәсіптік өндіріске дейін бірнеше жыл өтуі мүмкін. Сондықтан шағын геологиялық барлау компаниялары үшін жоба әлі табыс әкелмейтін кезеңде капитал тартуға мүмкіндік беретін қаржы құралдары аса маңызды.

«2022 жылдан 2025 жылға дейін Қазақстанда металл кендерін өндіруге салынған күрделі инвестициялар шамамен 62%-ға өсті, ал геологиялық барлауға бағытталған инвестициялардың жалпы көлемі 2,5 есе артып, 1 млрд АҚШ долларына жетті», – деп атап өтті Қанат Шарлапаев.
Қазіргі уақытта Қазақстанда Rio Tinto, Fortescue, Ivanhoe Mines, Arras Minerals, B2Gold, East Star Resources және басқа да халықаралық компаниялар жұмыс істейді. «Атамекен» ҚР ҰКП Төралқа Төрағасы атап өткендей, олардың инвестициялары елдегі бизнес жүргізу жағдайларына деген сенімді көрсетеді.
Қазақстанның америкалық бизнеспен ынтымақтастығындағы басым бағыттардың қатарында минералдық шикізатты терең өңдеу, технологиялар трансфері және толыққанды өнеркәсіптік экожүйелер құру бар. Сала мүмкіндіктерінің мысалы ретінде Қанат Шарлапаев ресурстары 65 млн тоннадан асатын «Сарытоған» жобасын және Taza Metal Technologies компаниясының жоғары таза марганец сульфатын өндіру жобасын атады. Сондай-ақ ол құрамында неодим мен празеодим бар сирек жер элементтері анықталған учаскедегі «Қазгеология» мен Cove Kaz Capital Group компанияларының бірлескен «Ақбұлақ» геологиялық барлау жобасын атап өтті.

Еске сала кетейік, B20 саммиті Вашингтонда АҚШ-тың G20-ға төрағалығы аясында 9-11 қараша аралығында өтуде. Қазақстанның ауқымды іскерлік делегациясының құрамына өнеркәсіп, энергетика, агроөнеркәсіптік кешен, көлік және логистика салаларының өкілдері кірді.
Саммит аясында Қанат Шарлапаев америкалық бизнес және сарапшылық қоғамдастық өкілдерімен бірқатар кездесу өткізді. Олардың қатарында Tenfore Holdings компаниясының негізін қалаушы әрі басқарушы серіктесі Дэн Левинмен өткен келіссөздер де бар. Америкалық инвестициялық компания өсу кезеңіндегі технологиялық кәсіпорындарға қаржы салып, олардың бизнесін кеңейтуге қолдау көрсетеді. Кездесу барысында Tenfore портфеліндегі компаниялардың озық өндіріс, робототехника, зияткерлік логистика және жасанды интеллектіні қолдану бағыттарында қазақстандық кәсіпорындармен тікелей ынтымақтастық орнату мүмкіндіктері талқыланды.

Халықаралық қатынастар жөніндегі кеңестің аға ғылыми қызметкері, халықаралық қаржы және экономикалық қауіпсіздік жөніндегі сарапшы Хайди Кребо-Редикермен кездесуде жеке капиталды инфрақұрылымға және аса маңызды минералдар саласындағы жобаларға тарту мәселелері талқыланды. Сондай-ақ мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобаларын әзірлеу, мемлекет пен инвесторлар арасында тәуекелдерді бөлу және шағын және орта бизнестің ұзақ мерзімді қаржыландыруға қол жеткізу мәселелері де назарға алынды.
Қазақстан бизнесі үшін B20 саммитіне қатысу америкалық әріптестермен бірлескен жобаларды іске асырудың нақты шарттарын талқылауға мүмкіндік берді. Бұл геологиялық барлауды қаржыландыру мен технологияларды енгізуден бастап, отандық кәсіпорындардың мердігерлер мен жеткізушілер ретінде қатысуына дейінгі бағыттарды қамтиды.