Павлодарлық кәсіпкерлер халықаралық тасымалдарға арналған рұқсат бланкілерінің тапшылығына тап болуда

11.11.2026
Павлодарлық кәсіпкерлер халықаралық тасымалдарға арналған рұқсат бланкілерінің тапшылығына тап болуда

Бұл және басқа да мәселелерді өңір кәсіпкерлері «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы Павлодар облыстық филиалының логистика және цифрландыру салалық кеңесінің отырысында көтерді. Павлодар облысы кәсіпкерлер палатасының директоры Айдос Шайхислам жүргізген кездесуге «Атамекен» палатасы Өңірлік кәсіпкерлер кеңесінің төрағасы Тоқжан Мұзапаров та қатысты.

 

Изображение

Отырысқа Астана қаласынан онлайн режимде «Атамекен» ҚР ҰКП логистика және тасымалдау департаменті директорының орынбасары Қуаныш Ермұханов қосылды. Күн тәртібінде халықаралық тасымалдарға арналған шетелдік рұқсат бланкілерінің тапшылығы, сондай-ақ халықаралық жүк тасымалдарын тікелей ұйымдастыруға әсер ететін шетелдік тіркемелер мен жартылай тіркемелерді қайта тіркеу (перецепка) тәжірибесін тоқтата тұрудың орындылығы мәселелері қаралды.

«Шетелдік рұқсат бланкілерінің тапшылығы – бізде бірнеше жылдан бері шешімін таппай келе жатқан мәселе. Бұл бағытта тіпті тиісті шешімдер де бар. Әрбір мемлекет өз аумағы арқылы жүруге рұқсат береді. Алайда бланкілер жетіспейді, әсіресе Ресей бағытында тапшылық қатты байқалады. Кейбір елдер бөлетін рұқсаттар саны қажеттілікке сәйкес келмейді. Мысалы, 500 немесе 200 дана ғана беріледі. Қазақстан үшін бұл өте аз. Талдау жүргізіп, бланкілер көлемін тасымалдарға деген сұраныспен сәйкестендіру қажет. Қазіргі уақытта Қытаймен байланысты мәселе шешілді. Грузия мен Қырғызстан электрондық бланкілерге көшті. Меніңше, бұл – өте жақсы үрдіс. Беларусь, Ресей және халықаралық тасымалдарға арналған рұқсат бланкілерін алу мен олардың тапшылығы мәселесі бар басқа да елдер бойынша мәселенің шешілгенін қалаймыз», – деді салалық кеңес мүшесі, «Штерн» фирмасы» ЖШС бас директоры.

 

Изображение

Салалық кеңес мүшесі, Қазақстанның Ұлттық тасымалдаушылар қауымдастығының президенті Павел Телицын шетелдік рұқсат бланкілерінің тапшылығы мәселесін тасымалдаушылар 2019 жылдан бері көтеріп келе жатқанын еске салды. Сол кезде ол Валерия Майбахпен бірге Мемлекет басшысына осы мәселе бойынша арнайы жұмыс тобын құру туралы хат жолдаған. Сол жылы мұндай жұмыс тобы алғаш рет құрылған болатын.

«Қазір бізге осы норманы реттейтін министрдің бұйрығын қайта қарау қажет. Әзірге бұл мәселені шеше алмадық, себебі бізді, тасымалдаушыларды, бөлу жүйесі мен осы бұйрықты әзірлеу процесіне толыққанды қатыстырмай отыр. Екінші үлкен мәселе әрі міндет – халықаралық тасымалдарға арналған квоталардың өзін ұлғайту», – деп атап өтті Павел Телицын.

 

Изображение

Осы отырыста көлік құжаттарын басқарудың бірыңғай жүйесінің жұмыс істеуіне де ерекше назар аударылды. Атап айтқанда, оны пайдалану кезінде туындайтын техникалық және ұйымдастырушылық қиындықтар талқыланды.

«Сонымен қатар көлік құралдарының қозғалысы мен маневр жасауына кедергі келтіретін тар бұрылыс мәселесін қарастырдық. Сондай-ақ күту уақытын қысқарту және шекарадан өтудің тиімділігін арттыру мақсатында Қазақстан азаматтары үшін мемлекеттік шекарадан кезектен тыс өту мүмкіндігін ұйымдастыру мәселесін зерделедік», – дейді Павлодар облысы кәсіпкерлер палатасының директоры Айдос Шайхислам.

 

Изображение