Фермерлерге жер беру тәртібі жаңартылды: жаңа конкурстық қағидаларға «Атамекен» ҰКП ұсыныстары енгізілді
Қазақстанда ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді беру жөніндегі конкурстарды өткізу қағидалары жаңартылды. Құжатта электрондық форматқа көшу және қатысушыларды бағалаудың ашық тетіктерін енгізу көзделген. Сонымен қатар бірқатар маңызды өзгеріс кәсіпкерлер қауымдастығы көтерген жүйелі мәселелер негізінде Ұлттық палатаның бастамасымен қабылданды.
Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2026 жылғы 29 қазандағы № 375 бұйрығы 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді.
Негізгі жаңашылдықтардың бірі – конкурстарды мемлекеттік мүлік тізілімінің веб-порталы арқылы электрондық форматта өткізу. Жаңа жүйеде өтінімдерді автоматты түрде беру және тексеру, конкурстық балдарды есептеу, сондай-ақ мемлекеттік ақпараттық жүйелердегі мәліметтер негізінде жеңімпаздарды анықтау қарастырылған.
Бұдан бөлек, жер учаскелерінің тізбесін қалыптастыру, қайталама конкурстар өткізу және жалдау шарттарын жасасу рәсімдері қайта қаралды. Атап айтқанда, қайталама конкурс кезінде белгіленген талаптарға сәйкес келетін жалғыз қатысушыға жер учаскесін беру мүмкіндігі қарастырылған.
Бұл өзгерістер әкімшілік кедергілерді азайтуға, конкурстық рәсімдердің объективтілігін арттыруға және ауыл шаруашылығы жерлерін алу процесін кәсіпкерлер үшін түсінікті әрі қолжетімді етуге мүмкіндік береді деп күтілуде.
«Жер – ауыл шаруашылығын дамытудың негізгі ресурсы. Сондықтан оны беру тетігі барынша ашық әрі әділ болуы керек. Электрондық конкурстарға көшу – осы бағыттағы маңызды қадам. Фермерлер үшін жер беру туралы шешімнің бірыңғай әрі объективті өлшемшарттар негізінде, артық әкімшілік рәсімдер мен субъективті араласусыз қабылдануы аса маңызды», – деп атап өтті Басқарма мүшесі – Басқарма төрағасының орынбасары Назира Үсенова.
Жаңартылған қағидаларда кәсіпкерлердің жер конкурстарына қатысу кезінде кездескен нақты мәселелерін шешуге бағытталған нормаларға ерекше орын берілген.
Ауыл шаруашылығы министрлігімен бірлескен жұмыс нәтижесінде Ұлттық палатаның ұсыныстары жаңа қағидаларға енгізіліп, кәсіпкерліктегі бірқатар жүйелі мәселені шешуге мүмкіндік жасалды.
Өтінім беру кезіндегі формалды кедергілерді жою
Бұған дейін кәсіпкерлердің өтінімдері бірыңғай өтінім нысанының болмауына және құжаттарды қарау тәсілдеріндегі айырмашылықтарға байланысты, соның ішінде формальды негіздер бойынша қабылданбай қалатын жағдайлар кездескен. Соның салдарынан кәсіпкерлер конкурстарға қатысуға рұқсат алу кезеңінің өзінде қосымша әкімшілік кедергілерге тап болатын.
Жаңа қағидаларда өтінімдерді электрондық форматта беру және оларды автоматты түрде тексеру көзделген. Бұл қатысу рәсімін біріздендіруге, өтінімдерді қараудың бірыңғай тәсілін қамтамасыз етуге және құжаттарды негізсіз қабылдамау тәуекелдерін төмендетуге мүмкіндік береді.
Осылайша, кәсіпкерлердің жер конкурстарына қатысуына рұқсат берудің бұрынғы формальды кедергілерді жоятын бірыңғай әрі ашық тетігі қалыптасады.
Жаңадан бастаған фермерлердің ауыл шаруашылығы жерлеріне қолжетімділігін кеңейту
Тағы бір маңызды мәселе – жаңадан бастаған фермерлердің ауыл шаруашылығы жерлеріне қол жеткізу мүмкіндігінің шектеулі болуы.
Бұған дейін ауыл шаруашылығымен алғаш рет айналысуды жоспарлаған азаматтарға айтарлықтай материалдық-техникалық және қаржылық ресурстары бар жұмыс істеп тұрған ірі шаруашылықтармен бәсекелесу қиын болатын.
Ұлттық палатаның ұсынысы бойынша бұрын шаруа немесе фермер қожалығын жүргізу не ауыл шаруашылығы өндірісін жүзеге асыру үшін жер учаскелері берілмеген азаматтарға арналған конкурстардың жеке санаты қарастырылды.
Осы санатқа конкурстық тізбеге енгізілген жер учаскелерінің кемінде 30%-ы бөлінеді.
Сонымен қатар ауыл шаруашылығы техникасының, мал басының және жұмыскерлердің болуына қатысты қатысушыларды бағалау өлшемшарттары жеңілдетілді.
«Жер конкурстарының ашықтығын қамтамасыз етумен қатар, ауыл шаруашылығын алғаш рет қолға алатын азаматтарға нақты мүмкіндік беру маңызды. Бұған дейін жаңадан бастаған фермер айтарлықтай ресурстары бар, қалыптасқан ірі шаруашылықтармен бәсекелесуге мәжбүр болатын. Ұлттық палатаның ұсынысы бойынша мұндай азаматтарға жерді неғұрлым әділ шарттармен алуға мүмкіндік беретін жеке тетік қарастырылды. Бұл – фермерлікті және ауылдағы кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған маңызды шара», – деп атап өтті Құрылыс және жер қатынастары департаментінің директоры – Басқарушы директор Данияр Молкенов.
Жаңа тәсіл шағын фермерлік шаруашылықтарды дамытуға, ауыл тұрғындарын кәсіпкерлікке тартуға және ауыл шаруашылығы жерлерін тиімдірек пайдалануға ықпал етпек.
Конкурстық шарттарды теңестіру және лизингке алынған техниканы есепке алу
Тағы бір жүйелі мәселе – жер конкурсына қатысушыларды бағалау шарттарындағы айырмашылықтары. Атап айтқанда, бұған дейін тиісті елді мекенде кемінде бес жыл тұрған жергілікті тұрғындарға 10 қосымша балл берілсе, ауыл шаруашылығы кооперативтеріне тек 5 балл ғана берілетін.
Бұдан бөлек, конкурстық ұсыныстарды бағалау кезінде меншіктегі техника ғана есепке алынып, қаржы лизингі арқылы сатып алынған ауыл шаруашылығы техникасын есепке алу мүмкіндігі қарастырылмаған. Мұндай шарттар ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің жекелеген санаттарының, соның ішінде техникалық паркін лизинг арқылы жаңартып отырған фермерлердің бәсекелестік мүмкіндіктерін шектеді. Ұлттық палатаның ұсыныстарын ескере отырып, бағалау жүйесі қайта қаралды.
Енді жергілікті тұрғындар мен ауыл шаруашылығы кооперативтеріне бірдей мөлшерде – 5 қосымша балдан беріледі. Сондай-ақ қатысушыларды бағалау кезінде қаржы лизингі арқылы сатып алынған ауыл шаруашылығы техникасы да есепке алынады.
«Бүгінде қаржы лизингі ауыл шаруашылығы техникасын сатып алудың негізгі құралдарының бірі болып отыр. Сондықтан техниканы қаржыландыру тәсілі оның иесінің жер конкурсына қатысуына кедергі болмауы керек. Лизингтік техниканы есепке алу, сондай-ақ жергілікті тұрғындар мен кооперативтерге берілетін конкурстық балдарды теңестіру бұрыннан қалыптасқан теңгерімсіздікті жоюға және ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер арасында әділ бәсекелестікті қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», – дейді Құрылыс және жер қатынастары департаменті директорының орынбасары Қуаныш Асылханов.
Қабылданған өзгерістер – кәсіпкерлердің қажеттіліктерін ескере отырып, жер заңнамасын жетілдіру бағытында «Атамекен» ҚР ҰКП мен Ауыл шаруашылығы министрлігі арасындағы жүйелі өзара іс-қимылдың нәтижесі.
«Ұлттық палата үшін бизнес ұсыныстарының нақты нормативтік шешімдерден көрініс табуы аса маңызды. Бұл жағдайда біз туындаған мәселені анықтап қана қоймай, оларды шешу тетіктерін жаңа қағидаларға енгіздік. Бұл – Министрлікпен сындарлы өзара іс-қимылдың нәтижесі және кәсіпкерлердің өтініштерімен жүйелі жұмыс жүргізу бизнес жүргізу жағдайларын жақсартуға мүмкіндік беретінінің айқын мысалы», – деп атап өтті Назира Үсенова.
Сонымен қатар «Атамекен» ҚР ҰКП қабылданған өзгерістердің тиімділігі олардың іс жүзінде қалай іске асырылатынына байланысты болатынын атап өтеді.
Электрондық конкурстық жүйенің тұрақты жұмыс істеуіне, пайдаланылатын мемлекеттік деректердің дұрыстығына, балл есептеудің объективтілігіне және жаңадан бастаған фермерлер үшін жердің нақты қолжетімді болуына ерекше назар аударылмақ.
Ұлттық палата жаңа қағидалардың қолданылуына мониторинг жүргізуді және жер қатынастарын одан әрі жетілдіру мәселелері бойынша уәкілетті мемлекеттік органдармен өзара жұмысын жалғастыра бермек.