Ақтөбеден Берлинге дейін: кәсіпкер халықаралық тәжірибе жинап, бизнесін дамытудың жаңа мүмкіндіктеріне жол ашты

11.11.2026
Ақтөбеден Берлинге дейін: кәсіпкер халықаралық тәжірибе жинап, бизнесін дамытудың жаңа мүмкіндіктеріне жол ашты

Ақтөбелік кәсіпкер Аида Бижанова халықаралық іріктеуден өтіп, Орталық Азияның әйел кәсіпкерлеріне арналған Partnering in Business with Germany («Германиямен іскерлік байланыстар») бағдарламасының қатысушысы атанды. Жобаға қатысуға «Атамекен» ҰКП-ның «Іскерлік байланыстар» жобасы аясында Ақтөбе облысының Кәсіпкерлер палатасы тарапынан көрсетілген ақпараттық қолдау мен сүйемелдеу мүмкіндік берді.

Бағдарлама Орталық Азия елдерінен келген іскер әйелдерді «Жалпы экономикалық кооперация» атты халықаралық әйелдер тобына біріктірді. Оқыту Германия Федералдық экономика және энергетика министрлігінің және GISMA қолданбалы ғылымдар университетінің қолдауымен ұйымдастырылды.

«Smartex DF» ЖШС-нің негізін қалаушылардың бірі Аида Бижанованың айтуынша, бағдарлама екі кезеңнен тұрды. 2026 жылғы 10 тамыз бен 10 қазан аралығында қатысушылар онлайн форматта білім алса, 11–30 қазан күндері Берлин қаласында офлайн оқыту кезеңі өтті.

«Мен үшін бұл жаңа білім алып қана қоймай, неміс бизнесінің ішкі жұмысымен танысуға берілген тамаша мүмкіндік болды. Бағдарлама туралы ақпарат алып, іріктеуден өтіп, оған қатысуыма жол ашқан Ақтөбе облысының Кәсіпкерлер палатасына ерекше алғысымды білдіргім келеді», – дейді кәсіпкер.

Изображение

Оқыту бағдарламасы теориялық және практикалық бөлімдерді қамтыды. Қатысушылар курстарға, семинарлар мен тренингтерге қатысып, неміс компанияларының жұмысымен танысты, өндірістік үдерістерді ұйымдастыру және бизнесті жүргізу тәсілдерін зерделеді. Сонымен қатар бағдарлама жалпы кездесулермен шектелмеді. Әр қатысушының қызмет бағыты ескеріле отырып, әлеуетті іскер серіктестермен жеке B2B кездесулер ұйымдастырылды.

Бағдарламаның тағы бір ерекшелігі – тьюторлардың жұмысы болды. Олар негізгі бағдарламаға кірмесе де, қатысушылардың кәсіби қызығушылықтары мен бизнес бағытына сәйкес келетін неміс компанияларымен қосымша кездесулер өткізуге мүмкіндік жасауға тырысты.

Аида Бижанова үшін сапардың маңызды оқиғаларының бірі 23 қазанда Берлинде өткен Making the TCTC Work – Connecting Businesses along the Trans-Caspian Transport Corridor жабық форумына қатысуы болды. Форумға Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Түрікменстан, Армения, Грузия, Тәжікстан және Әзербайжан елдерінің өкілдері қатысты.

Кездесуде Транскаспий халықаралық көлік бағытын дамыту, жүк тасымалы жағдайларын жақсарту және логистикалық мүмкіндіктерді кеңейту мәселелері талқыланды. Бұл кәсіпкер үшін түрлі елдердің іскерлік орта өкілдерімен танысып, экономикалық ынтымақтастықтың перспективаларын талқылауға мүмкіндік берді.

Изображение

BMW мотоцикл зауытына барған сапар да ерекше әсер қалдырды. Қатысушылар өндірістің ұйымдастырылуымен және мотоциклдерді құрастырудың толық циклімен танысты. Аида Бижанованың айтуынша, кәсіпорынның ауқымы мен өндірістік үдерістерді ұйымдастыру деңгейі үлкен әсер қалдырған.

Сапардың маңызды нәтижелерінің бірі – жинақталған біліммен қатар, жаңа іскерлік байланыстардың орнауы. Аида Бижанова Германия компанияларымен, Өзбекстан мен Қырғызстаннан келген кәсіпкер әйелдермен байланыс орнатты. Сондай-ақ Атырау, Астана және Орал қалаларынан келген кәсіпкерлермен танысты. Түрікменстандық қатысушылар өз елдерінің бизнес өкілдерімен ынтымақтастық орнату мүмкіндіктері туралы ақпаратпен бөлісті.

«Мұндай бағдарламалар жай ғана оқытумен шектелмейді. Бұл – жаңа байланыстар орнату, өзге нарықтардың ерекшеліктерін түсіну, табысты тәжірибені үйрену және өз бизнесіңнің дамуына басқа қырынан қарау мүмкіндігі. Жинақтаған біліміміз бен орнатқан байланыстарымыз компаниямызға пайдасын тигізіп, өңірлік деңгейде жаңа әріптестік мүмкіндіктеріне жол ашады деп сенемін», – дейді кәсіпкер.

Оқу бағдарламасы аяқталған соң қатысушыларға сертификаттар табысталды.

Изображение

Айта кету керек, жобаға қатысушылар тек жол жүру шығындарын ғана өздері көтерген, ал қалған барлық шығындарды қабылдаушы тарап өз мойнына алған.

«Аида Бижанованың тәжірибесі «Атамекен» ҰКП жобаларына қатысу кәсіпкерлерге өңірлік нарық шеңберінен шығып, халықаралық тәжірибе жинақтауға және жаңа серіктестер табуға мүмкіндік беретінін көрсетеді. Осындай бастамалар бизнесті дамытуға және елдер арасындағы іскерлік байланыстарды нығайтуға негіз қалайды», – деп атап өтті Өңірлік кәсіпкерлер палатасының директоры Дидар Боранқұлов.

ИзображениеИзображениеИзображение