Жіптен дайын өнімге дейін: Астанадағы ZEFI кәсіпорнында жеңіл өнеркәсіп мәселелері талқыланды

11.11.2026
Жіптен дайын өнімге дейін: Астанадағы ZEFI кәсіпорнында жеңіл өнеркәсіп мәселелері талқыланды

Қазақстандық ZEFI компаниясы 2017 жылдан бері трикотаж киімдер мен аксессуарлар өндірісімен айналысады. Бренд өнімдерінде заманауи дизайн мен ұлттық мәдениеттің элементтері үйлесім тапқан.

Кәсіпорында өндірістің толық циклі жолға қойылған. Мұнда жіптен бастап дайын өнімге дейінгі барлық кезең өз бақылауында. Қазір өндірісте 17 адам жұмыс істейді. Компания өнімдері Қазақстан нарығында сатылып, шетелге де экспортталады.

ZEFI әлеуметтік бастамаларға да қатысады. Атап айтқанда, «Аналар үйі» қорымен бірлесіп, өндірістен қалған материалдарды әлеуметтік осал санаттағы әйелдерге береді. Олар бұл материалдарды өз бұйымдарын жасауға пайдаланады.

Кәсіпорын жұмысымен Астана қаласы Кәсіпкерлер палатасының директоры Қанат Әлин танысты. Кездесу барысында ZEFI негізін қалаушы Зефира Джангазиева жеңіл өнеркәсіп саласындағы өзекті мәселелер мен кәсіпкерлер кездесетін қиындықтарды атап өтті.

Изображение

Тараптар маман даярлау мәселесіне де тоқталды. Атап айтқанда, дуальды оқыту жүйесін дамыту және студенттердің кәсіпорын базасында тәжірибеден өту мүмкіндіктері талқыланды. Мұндай тәжірибе болашақ мамандардың өндіріс жағдайында кәсіби дағдыларды меңгеруіне мүмкіндік береді.

Кездесуде Sheber цифрлық платформасының мүмкіндіктері де сөз болды. Жоба қазақстандық шеберлер мен сатып алушыларды бір алаңда біріктіріп, отандық шеберлердің бұйымдары мен өнімдерін нарыққа шығаруға бағытталған.

Изображение

Зефира Джангазиева Астана қаласы Кәсіпкерлер палатасы жанындағы салалық кеңестердің мүшесі ретінде жеңіл өнеркәсіптің дамуына қатысты мәселелерді көтеріп келеді. Кездесу барысында ол саланы дамыту жөніндегі ұсыныстарымен бөлісіп, кәсіпкерлер үшін шешімін күткен мәселелерге назар аударды.