Түркістанда агробизнесті дамытудың өзекті мәселелері талқыланды
Түркістан қаласында ауыл шаруашылығы саласындағы кәсіпкерлікті дамытуға арналған KMF AgroForum өтті. «Өсіп келе жатқан бәсекелестік жағдайында агробизнесті дамыту және масштабтау» тақырыбын арқау еткен іс-шараға агросектор өкілдері, кәсіпкерлер, қаржы ұйымдары мен сала сарапшылары қатысты.
Форум жұмысына Түркістан облысы Кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Ербол Әуелбеков те қатысты.
Іс-шараның негізгі мақсаты – ауыл шаруашылығы өндірісінің тиімділігін арттыру, өнім өткізу нарықтарын кеңейту және қазіргі экономикалық жағдайға бейімделу жолдарын талқылау. Кездесу аясында тауарлы өндірісті дамыту, жаңа нарықтарға шығу, кәсіпкерлердің тәжірибесімен бөлісу және су үнемдеу технологияларын енгізу мәселелері қамтылды.

Форум бағдарламасы бойынша сарапшылардың баяндамалары тыңдалып, кәсіпкерлердің практикалық тәжірибесі талқыланды. Сондай-ақ «Фермадан тұрақты бизнеске: өсу мен масштабтауға арналған шешімдер» тақырыбында панельдік сессия ұйымдастырылды. Қатысушылар ауыл шаруашылығы өнімдерін жеткізушілердің көрмесімен танысып, саладағы заманауи технологиялар мен шешімдер туралы ақпарат алды.
Түркістан облысы Кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Ербол Әуелбековтің пікірінше, агробизнестің тұрақты дамуы өндіріс көлемін арттырумен ғана шектелмей, кәсіпорындардың тиімділігін көтеру, өткізу нарықтарын әртараптандыру және заманауи технологияларды енгізумен тығыз байланысты.
«Ауыл шаруашылығы – өңір экономикасының маңызды бағыттарының бірі. Сондықтан агросектордағы кәсіпкерлер үшін қаржыландыру мүмкіндіктерімен қатар, өндірісті жаңғырту, өнімді өткізу нарықтарын кеңейту және су ресурстарын тиімді пайдалану мәселелері де өзекті. Мұндай алаңдар кәсіпкерлерге тәжірибе алмасып, бизнесті дамытудың жаңа тәсілдерімен танысуға мүмкіндік береді», – деп атап өтті Ербол Әуелбеков.

Түркістан облысы Кәсіпкерлер палатасы агроөнеркәсіптік кешендегі кәсіпкерлердің мүддесін қорғау, олардың өзекті мәселелерін көтеру және бизнестің дамуына кедергі келтіретін әкімшілік тосқауылдарды азайту бағытында жұмыс жүргізеді.
Осындай салалық кездесулер кәсіпкерлер мен қаржы институттары арасындағы байланысты нығайтып, агробизнестің жаңа даму мүмкіндіктерін талқылауға жол ашады.