Жұмыс берушілердің кадр даярлауға қатысуы
Дуалды оқыту: білім мен өндіріс байланысы – білікті маман даярлаудың негізі
«Жасыл сұйық Қазақстан» ЖШС дуалды оқыту жүйесі аясында білім беру ұйымдарымен өзара әріптестік орнатып, болашақ мамандарды даярлау ісіне үлес қосып келеді.
Кәсіпорын үшін дуалды оқыту – жастардың кәсіби білімін тәжірибемен ұштастырып, өндірістің нақты талаптарына сай маман қалыптастырудың тиімді жолы. Осы бағытта оқу орындарымен бірлескен жұмыс жүргізіліп, білім алушылардың өндірістік тәжірибеден өтуіне, кәсіпорынның жұмыс үдерісімен танысуына және кәсіби дағдыларды меңгеруіне мүмкіндік жасалады.
Өндірістік тәжірибе барысында студенттер теориялық білімдерін іс жүзінде қолданып, мамандардың тәжірибесінен үйренеді. Ал тәлімгерлер жас мамандарға бағыт-бағдар беріп, олардың еңбек тәртібін меңгеруіне, жауапкершілігін арттыруына және кәсіби ортаға бейімделуіне көмектеседі.
Кәсіпорын өкілдерінің айтуынша, дуалды оқыту жүйесі жұмыс беруші мен білім беру ұйымдары арасындағы байланысты нығайтып қана қоймай, еңбек нарығындағы білікті кадрларға деген сұранысты қамтамасыз етуге де ықпал етеді.
Түркістан облысы Кәсіпкерлер палатасы кәсіпорындар мен оқу орындары арасындағы байланысты дамытуға, дуалды оқыту жүйесін жетілдіруге және өңір экономикасына қажетті мамандар даярлауға бағытталған жұмыстарды жалғастыруда.