Ақтөбеде алюминий конструкцияларын шығаратын жаңа өндіріс орны ашылды

12.11.2026
 Ақтөбеде алюминий конструкцияларын шығаратын жаңа өндіріс орны ашылды

Алюминий конструкцияларын толық циклмен өндіретін GREENTE кешені жергілікті өнеркәсіптің дамуына жаңа серпін беріп, өңірдің құрылыс компаниялары үшін сенімді серіктес болмақ. Кәсіпорынның ашылу салтанатына «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының, облыс әкімдігінің өкілдері мен бизнес-қоғамдастық қатысты.

GREENTE зауыты ANESCOM компаниялар тобының құрамына кіреді. Мұнда алюминий терезелер, есіктер, витраждар мен қасбеттік конструкциялар шығарылады. Өндіріс орнында жобалау мен профильді өңдеуден бастап, бояу және дайын бұйымдарды құрастыруға дейінгі барлық кезең қамтылған.

Салтанатты рәсімге облыс әкімінің орынбасары Абзал Әбдікәрімов, Кәсіпкерлер палатасы Өңірлік кеңесінің төрағасы Асхат Айтжанов, Палата директоры Дидар Боранқұлов, «Даму» қорының, қалалық кәсіпкерлік бөлімінің өкілдері және жобаның технологиялық серіктестері қатысты.

Ашылу рәсімі еліміздің бірнеше өңірінен келген құрылыс саласының өкілдерін біріктірді. Олардың қатарында Ақтөбе, Атырау, Ақтау, Орал, Астана және Қызылорда қалаларының құрылыс компаниялары, сәулетшілер, терезе өндірушілер, сондай-ақ «Атамекен» палатасы жанындағы құрылыс, энергетика және ТКШ салалық кеңесінің мүшелері болды.

Өндіріс орнымен танысу экскурсиясынан кейін лента қию рәсімі өтіп, кәсіпорын салтанатты түрде онлайн режимде іске қосылды.

«Біз Ақтөбеде алюминий конструкцияларын өнеркәсіптік деңгейде шығаратын өндіріс орнын құрдық. Профильді бояудан бастап, ГОСТ талаптарына сай құрастыруға дейінгі барлық процесс бір жерде жүзеге асырылады. Бұл құрылыс компаниялары мен терезе өндірушілер үшін сапа мен мерзімнің кепілі», — деді GREENTE бас директоры Бекбол Құлданов.

Изображение

Жаңа кәсіпорынның іске қосылуы жергілікті өнеркәсіпті дамытуға және өндірушілер мен құрылыс компаниялары арасындағы кооперацияны нығайтуға мүмкіндік береді.

Кәсіпкерлер палатасы Өңірлік кеңесінің төрағасы Асхат Айтжанов толық өндірістік циклді кәсіпорынның ашылуы өңірдің өнеркәсібі мен құрылыс саласына тың серпін беретінін атап өтті.

«Осындай заманауи өндірістің ашылуы — Ақтөбе облысының индустриялық дамуы үшін маңызды оқиға. Бұл жобаны жүзеге асырған ANESCOM компаниялар тобының басшылығы Бекбол Құлданов пен Әлия Иманғалиеваға алғысымды білдіремін. Құрылыс саласының өкілдері ретінде біз отандық өндірушілерді қолдауға мүдделіміз және жаңа зауытпен ынтымақтастықты дамытуды көздеп отырмыз. Атап айтқанда, жаңа тұрғын үй кешеніміздің құрылысында жергілікті өндірістің алюминий конструкцияларын пайдалануды жоспарлап отырмыз», — деді Асхат Айтжанов.

Изображение

Өз кезегінде, Ақтөбе облысы Кәсіпкерлер палатасының директоры Дидар Боранқұлов әрбір жаңа өндірістің артында инвестиция, жаңа жұмыс орындары, заманауи технологиялар және кәсіпкерлікті дамытуға деген ұмтылыс тұрғанын атап өтті.

«Мемлекет басшысы елімізде шағын және орта бизнесті дамыту, жаңа өндіріс орындарын ашу, заманауи технологияларды енгізу және кәсіпорындар арасындағы кооперацияны нығайту міндеттерін қойып отыр. Осы бағытта бизнесті қаржыландыру мүмкіндіктерін кеңейту және отандық өндірушілердің жаңа нарықтарға шығуына қолдау көрсету көзделген. GREENTE сияқты кәсіпорындар осы міндеттердің нақты жүзеге асуына үлес қосады: өңір экономикасын нығайтады, жұмыс орындарын ашады, жергілікті мамандардың кәсіби біліктілігін арттырады және құрылыс саласын қажетті өніммен қамтамасыз етеді. Кәсіпкерлер палатасы тарапынан біз осындай бастамаларды әрдайым қолдауға, бизнеске туындаған мәселелерді шешуге көмектесуге және мемлекеттік органдармен өзара байланысты жолға қоюға дайынбыз», — деді Дидар Боранқұлов.

GREENTE зауытының ашылуына орай құрылыс компаниялары мен терезе өндірушілерге арнайы ұсыныс жарияланды. 2026 жылғы 31 желтоқсанға дейін жобаларын жолдаған компанияларға бұйымдарды құрастыру қызметіне 50 пайыздық жеңілдік беріледі.

ИзображениеИзображениеИзображениеИзображение