Павлодарлық «Атамекен» палатасы мен Адвокаттар алқасы бизнеске тегін құқықтық көмек көрсетуде
Павлодар облысының Кәсіпкерлер палатасы мен Павлодар облыстық адвокаттар алқасы өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Құжат бизнестің құқықтарын қорғауға, кәсіпкерлерге заңсыз қысым көрсетудің алдын алуға, сондай-ақ қылмыстық, әкімшілік және азаматтық істерді қарау кезінде туындайтын тәуекелдерге уақтылы ден қоюға бағытталған.

Келісім аясында өңірлік Кәсіпкерлер палатасының алаңында алғашқы жеке қабылдау өтті. Облыстық адвокаттар алқасының адвокаты Наталья Зятькова жергілікті кәсіпкерге құқықтық кеңес берді.
«Кәсіпкердің өтініші құқық қорғау органдарының рестобардың үй-жайына кіруді уақытша шектеу, яғни оны мөрлеу кезіндегі әрекеттерінің заңдылығына қатысты болды», – деп түсіндірді Павлодар облысы Кәсіпкерлер палатасы директорының құқықтық мәселелер жөніндегі орынбасары Мұрат Мусатаев.

Кездесу барысында адвокат кәсіпкерге тексеру және тергеу әрекеттерін жүргізу кезінде бизнестің құқықтарын реттейтін Қазақстан заңнамасының нормаларын түсіндіріп, оның заңды мүдделерін қорғау бойынша алдағы іс-қимыл тәртібін айқындап берді.
Павлодар облыстық адвокаттар алқасы бұдан әрі де «Атамекен» палатасының базасында кәсіпкерлердің өзекті мәселелері бойынша тегін консультациялар өткізуді жоспарлап отыр.