Атырауда кәсіби мереке қарсаңында қаржы саласының өкілдері марапатталды
Атырау облысының Кәсіпкерлер палатасында Қаржы жүйесі қызметкерлерінің күніне арналған салтанатты іс-шара өтті. Өңірдегі қаржы институттарының басшылары мен өкілдеріне кәсіпкерлікті дамытуға және облыс экономикасына қосқан үлестері үшін Алғыс хаттар табысталды.
15 қарашада атап өтілетін кәсіби мереке қарсаңында Атырау облысының Кәсіпкерлер палатасы қаржы секторы өкілдеріне арналған салтанатты қабылдау ұйымдастырды.
Іс-шараға «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ-ның өңірлік филиалының, «Атырау» ӘКК-нің, Аграрлық несие корпорациясының, сондай-ақ өңірде қызмет атқаратын екінші деңгейлі банктердің басшылары мен өкілдері қатысты.

Атырау облысы Кәсіпкерлер палатасының директоры Нұржан Ермұханов қатысушыларды алдағы кәсіби мерекемен құттықтап, өңірлік бизнесті дамытудағы қаржы институттарының маңызды рөлін атап өтті.
«Қаржы секторы – кәсіпкерліктің негізгі серіктестерінің бірі. Банктердің, даму институттарының және бизнестің тиімді өзара іс-қимылының арқасында жаңа жобаларды жүзеге асыруға, жұмыс істеп тұрған өндіріс орындарын кеңейтуге және жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік туып отыр. Бүгінде кәсіпкерлер үшін жақсы бизнес-идеяның болуы ғана емес, қолжетімді қаржыландыруға, білікті консультацияларға және мемлекеттік қолдау құралдарына қол жеткізу де маңызды. Өңірдің экономикасын дамытуға қосып жүрген елеулі үлестері, кәсібилігі мен жемісті ынтымақтастығы үшін барлық серіктестерімізге алғысымды білдіремін», – деді Нұржан Ермұханов.

Өз кезегінде «Еуразиялық Банк» АҚ Атырау қаласындағы №8 филиалының директоры Әлия Өтепқалиева қаржы ұйымдарының Кәсіпкерлер палатасымен өзара ынтымақтастығының маңыздылығын атап өтіп, сала өкілдеріне көрсетілген құрмет үшін алғысын білдірді.
«Экономиканың дамуына нақты үлес қосып жүрген кәсіби қауымдастықтың бір бөлігі болу – біз үшін үлкен мәртебе. Бүгінде қаржы ұйымдары тек несие берумен шектелмей, бизнесті дамытудың барлық кезеңінде кәсіпкерлердің толыққанды серіктесіне айналып келеді. Мұндай кездесулер іскерлік байланыстарды нығайтуға, тәжірибе алмасуға және алдағы тиімді ынтымақтастықты қалыптастыруға ықпал етеді. Еңбегімізге жоғары баға беріп, бізге көңіл бөлгені үшін Кәсіпкерлер палатасына алғыс айтамыз», – деп атап өтті Әлия Өтепқалиева.
Іс-шара аясында қаржы институттарының басшылары мен өкілдеріне Атырау облысы Кәсіпкерлер палатасының атынан Алғыс хаттар табысталды.

Сондай-ақ қонақтарға арнап мерекелік концерттік бағдарлама ұйымдастырылды.
Іс-шара қаржы саласы өкілдерінің өңірдегі іскерлік белсенділікті арттыруға, кәсіпкерлікті қолдауға және экономиканың тұрақты дамуына қосып жүрген үлесін атап өтуге мүмкіндік берді.