Қымыз бен шұбат: кәсіпкерлер ұлттық сусындарды кең нарыққа шығаруға жағдай жасауды ұсынады

13.11.2026
Қымыз бен шұбат: кәсіпкерлер ұлттық сусындарды кең нарыққа шығаруға жағдай жасауды ұсынады

Ақтөбеде кәсіпкерлер ұлттық сусындар - қымыз бен шұбатты дамыту, қолдау және қорғау туралы жеке заң әзірлеу бастамасын көтерді. Әңгіме дәстүрлі өндірісті сақтап қана қою туралы емес, сонымен қатар заманауи өңдеу технологияларына көшу, сақтау мерзімі ұзартылған пастерленген өнім шығару және экспорттық мүмкіндіктерді кеңейту туралы болып отыр. 

Бұл мәселе Ақтөбе облысы Кәсіпкерлер палатасының өңірлік кеңесінің Асхат Айтжановтың төрағалығымен өткен отырысында талқыланды. Ұсынысты «Молочные истории – А» ЖШС директоры, АӨК салалық кеңесінің мүшесі Асылгүл Ильясова ортаға салды. 

Кәсіпкердің пікірінше, қымыз бен шұбаттың әлеуеті бүгінгі қолданыс аясынан әлдеқайда кең. Қазақстанда қажетті шикізат қоры, мал шаруашылығының қалыптасқан дәстүрі және бұл сусындарды өндірудің көпжылдық тәжірибесі бар. Алайда заманауи технологияларсыз, бірыңғай стандарттарсыз және жүйелі мемлекеттік қолдаусыз ұлттық өнімді ішкі және халықаралық нарықта сұранысқа ие тауарға айналдыру оңай емес. 

Басты мәселелердің бірі - дәстүрлі сусындардың балғын күйіндегі сақтау мерзімінің қысқалығы. Бұл оларды тасымалдауды қиындатып, өткізу географиясын тарылтады және басқа өңірлерге, шетелге жеткізу мүмкіндігін шектейді. Ал өнеркәсіптік өңдеу технологияларын дамыту, атап айтқанда сақтау мерзімі ұзартылған пастерленген қымыз бен шұбат өндіру жағдайды түбегейлі өзгерте алады. 

Мұндай өнім жергілікті нарық шеңберінен шығуға, жеткізілім көлемін арттыруға және ұлттық сусындарды еліміздің әртүрлі өңірлеріндегі, сондай-ақ шетелдегі тұтынушыларға қолжетімді етуге мүмкіндік береді. Алайда бұл үшін тиісті жабдықтар, технологиялық шешімдер, сапа стандарттары және өндірушілерге арналған нақты талаптар қажет. 

Сондықтан бизнес өкілдері Қазақстан Республикасының «Ұлттық сусындарды (қымыз бен шұбатты) дамыту, қолдау және қорғау туралы» жеке заңын әзірлеуді ұсынып отыр. 

Бұл заңнамалық бастама Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың стратегиялық саясатының негізгі бағыттарына сәйкес келеді және отандық өндірісті қолдау, өңдеу өнеркәсібін дамыту, азық-түлік қауіпсіздігін нығайту мен ұлттық өнімдерді ілгерілету жөніндегі міндеттерін іске асыруға бағытталған. Қымыз бен шұбаттың ерекше мәртебесін заңнамалық тұрғыдан бекіту дәстүрді сақтап қана қоймай, бұл сусындарды бәсекеге қабілетті қазақстандық өнімге айналдыруға қажетті жағдай қалыптастырады. 

Изображение

Бастамашылардың пайымынша, құжатта қымыз және шұбат өндірумен, сондай-ақ бие мен түйе сүтін өңдеумен айналысатын шаруа және фермер қожалықтарына, кәсіпорындарға арнайы мемлекеттік қолдау шаралары қарастырылуы тиіс. Өндірістік қуаттарды жаңғыртуға, атап айтқанда сауу, салқындату, пастерлеу, өңдеу, сақтау және өнімді қаптауға арналған жабдықтар сатып алуға ерекше назар аудару ұсынылады. 

Тағы бір маңызды мәселе - стандарттау. Бүгінде өндірушілерге қымыз бен шұбаттың құрамы, дайындалу технологиясы, қауіпсіздігі мен таңбалануына қатысты бірыңғай талаптар қажет. Бұл, әсіресе, сақтау мерзімі ұзартылған пастерленген өнім өндіру кезінде өзекті. Өйткені тұтынушыға да, бақылаушы органдарға да өндірістің барлық кезеңінде өнімнің сапасы мен қауіпсіздігіне қойылатын талаптар түсінікті болуы керек. 

Кәсіпкерлер «Қазақ қымызы» және «Қазақ шұбаты» деген арнайы ұлттық атауларды бекітіп, қолданысқа енгізуді де ұсынып отыр. Бұл атауларды пайдалану үшін шикізатқа, өнімнің құрамына, өндіру технологиясына және сапасына қойылатын нақты талаптар белгіленуі қажет. Мұндай тәсіл сусындардың ұлттық ерекшелігін айқындап, дәстүрлі атауларды қорғауға және ішкі әрі сыртқы нарықта танымал қазақстандық бренд қалыптастыруға негіз болады. 

Сонымен қатар кәсіпкерлер ұлттық атаулар мен дәстүрлі технологияларды қорғау, өнімді қолдан жасауға қарсы тетіктерді қалыптастыру қажеттігіне назар аударады. Табиғи қымыз бен шұбаттың нақты сәйкестендіру өлшемдері болуы тиіс. Бұл белгіленген талаптарға сай келмейтін өнімнің осы атаулармен сатылуына жол бермеуге мүмкіндік береді. 

«Бірыңғай стандарттардың болмауы бизнесті тағы бір мәселеге алаңдатады. Табиғи қымыз бен шұбаттың атын жамылып, сиыр сүті, су және басқа да қоспалар қосылған өнімдер сатылуы мүмкін. Соның салдарынан тұтынушы сусынның дәмі мен сапасына бір рет көңілі қалса, оны мүлдем сатып алудан бас тартуы ықтимал. Бұл ұлттық өнімге деген сенімге нұқсан келтіріп, адал өндірушілерге зиян тигізеді», - дейді Асылгүл Ильясова. 

Тағы бір маңызды міндет - отандық өндірушілерді халықаралық нарыққа шығуға дайындау. Экспорт үшін бәсекеге қабілетті баға мен сапалы өнімнің болуы жеткіліксіз. Сонымен қатар мойындалған стандарттар, сертификаттау, тұрақты сапа және өнімнің бүкіл сақтау мерзімі бойы қауіпсіздігіне кепілдік беру мүмкіндігі қажет. Жүйелі реттеу мен қолдаусыз шағын кәсіпорындарға бұл талаптарды өз бетінше орындау қиын. 

Изображение

Асылгүл Ильясованың бастамасын «Сәтжол» шаруа қожалығының жетекшісі, АӨК салалық кеңесінің төрайымы Ләззат Нұрғалиева қолдады. Оның пікірінше, тиісті стандарттарды қабылдау және қолдау шараларын заңнамалық тұрғыдан бекіту өндірушілердің дамуына сенімді негіз қалыптастырып, ұлттық сусындарды экспортқа кезең-кезеңімен дайындауға мүмкіндік береді. 

Талқылау қорытындысы бойынша Өңірлік кеңес бастаманы қолдау туралы шешім қабылдады. Ақтөбе облысының Кәсіпкерлер палатасына «Атамекен» ҰКП-ға Қазақстан Республикасының «Ұлттық сусындарды (қымыз бен шұбатты) дамыту, қолдау және қорғау туралы» заңын әзірлеу және қабылдау қажеттігін негіздейтін өтініш жолдау ұсынылды. 

Жалпы, бизнес өкілдерінің ұсынысы ұлттық сусындардың негізінен жергілікті тұтыну өнімі болып қалмай, Қазақстанның заманауи тамақ өнеркәсібінің толыққанды бөлігіне айналуына бағытталған. Ол үшін өндірістің дәстүрлі негізін сақтай отырып, өнімнің сапасын, қауіпсіздігін және сақтау мерзімін қамтамасыз ететін заманауи технологияларды енгізу маңызды. 

Өйткені қымыз бен шұбаттың әлеуеті - тек мәдени мұра мен ұлттық гастрономияның бір бөлігі ғана емес. Бұл - Қазақстанның ішінде ғана емес, шетел нарығында да өз орнын таба алатын бәсекеге қабілетті отандық өнім қалыптастыру мүмкіндігі.

Изображение