Ішкі сауда субъектілері сауда алаңының кемінде 30 пайызын қазақстандық тауарларға бөлуге міндетті
Бұл туралы бүгін Павлодар облысының Кәсіпкерлер палатасында жергілікті сауда желілерінің өкілдерімен өткен кеңесте мәлімделді.

Кездесудің мақсаты – отандық тауар өндірушілердің сауда желілеріне қол жеткізуін қамтамасыз ету және сауда алаңдарында қазақстандық өнімдерді орналастыруға қатысты жаңа талаптардың сақталуын түсіндіру. Тамыз айында Үкімет отырысында отандық тауар өндірушілерді қолдауды күшейту бойынша нақты міндеттер белгіленді, деді Павлодар облысы бойынша Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің басшысы Болат Тұрмағанбет. Үкімет сауда желілерімен бірлесіп, еліміздің сауда маркаларын дамытуды және қазақстандық өндірушілермен тауар жеткізу бойынша ұзақ мерзімді келісімшарттар жасасуды міндеттеді. Ведомство басшысы кеңес барысында қазақстандық тауар өндірушілерді қолдауға бағытталған заңнамаға енгізілген өзгерістер мен жаңа талаптар туралы айтып берді.
«2026 жылғы 20 қазанда ішкі сауда қағидаларына енгізілген өзгерістер мен толықтырулар күшіне енді. Оған сәйкес, ішкі сауда субъектілері тауарларды бөлшек саудада өткізу кезінде қазақстандық өнімдерден өндірілген азық-түлік және азық-түлікке жатпайтын тауарларды жалпы сауда алаңының кемінде 30 пайызы көлемінде орналастыруды қамтамасыз етуге міндетті. Бұл талаптар әрбір тауар санаты, әрбір тауар санатшасы және тұтастай алғанда сауда объектісі бойынша қолданылады», – деп толықтырды Болат Тұрмағанбет.

Мысалы, сүт өнімдері санатындағы қазақстандық өндіріс тауарларының үлесі кемінде 30 пайызды құрауы тиіс, деп атап өтті спикер. Бұл талап тек жалпы «сүт өнімдері» санатына ғана емес, сонымен қатар оның әрбір санатшасына: сары майға, айранға, сүзбеге және басқа да өнімдерге қатысты қолданылады. Болат Тұрмағанбеттің пікірінше, қазақстандық өнімдердің 30 пайыздық үлесін тек жалпы тауар санаты бойынша қамтамасыз ету жеткіліксіз. Белгіленген үлес әрбір тауар санатшасы және тұтастай сауда объектісі бойынша сақталуы қажет.
«Ішкі сауда қағидаларына сәйкес, сауда объектілерінде тауарларды өткізу кезінде ішкі сауда субъектілері қазақстандық өнімдер орналастырылған сөрелерді арнайы маңдайша немесе «Қазақстанда жасалған» деген жазу арқылы белгілеуі тиіс», – деді ол.
«Біз өңірлік «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы ретінде отандық тауарларды қолдауға, оларды ішкі нарықта және экспортқа ілгерілетуге ерекше көңіл бөлеміз. Бұл бағытта жыл бойы, сондай-ақ «Қазақстанның үздік тауары», «Бір ауыл – бір өнім» сияқты ауқымды көрмелер аясында да үлкен жұмыс атқарып келеміз», – деп атап өтті Павлодар облысы Кәсіпкерлер палатасының директоры Айдос Шайхислам.
