«Мен айттым – сен орындадың» қағидасы енді жұмыс істемейді: ШҚО-да тәлімгерлерді жас мамандармен тіл табысуға үйретті
Жас қызметкер қауіпсіздік техникасы талаптарын елемесе, не істеу керек? Неліктен көпшіліктің көзінше жасалған ескерту жұмыстан кетуге әкелуі мүмкін? Ал беделге нұқсан келтірмей, жанжалды қалай шешуге болады? Құрғақ теорияның орнына нақты өндірістік жағдайлар мен тәжірибелік әдістер ұсынылды. Шығыс Қазақстан облысының Кәсіпкерлер палатасы ұйымдастырған тәлімгерлерге арналған кезекті оқытудың негізіне дәл осындай тәсіл алынды.
Жуырда ШҚО Кәсіпкерлер палатасының Тәлімгерлік мектебі аясында «Жұмыс орнында оқыту педагогикасы. Тәлімгер-мамандарды аттестаттау» тақырыбында екі күндік курс өтті. Оған «Үлбі металлургиялық зауыты» АҚ, «Согра ЖЭО» ЖШС, «Алма Телекоммуникейшнс Казахстан» АҚ, «Өскемен қаласының көлік компаниясы» ЖШС, «Үлбі-ТВС» ЖШС қызметкерлері, сондай-ақ мейрамхана бизнесінің өкілдері қатысты.
Металлургиялық цех, жылу электр орталығы мен мейрамхана асханасының қандай ортақ тұсы бар? Ең алдымен, жас мамандарды оқыту, оларға кәсіби тәжірибе беру және ұжымға бейімделуіне көмектесу қажеттілігі. Алайда өз ісінің білікті маманы болу мен жақсы тәлімгер болу екі бөлек нәрсе екені белгілі.
Курстың негізгі тақырыптарының бірі – жұмыс орнындағы жанжалдардың алдын алу. Қатысушыларға өндірістік практика жетекшілерінің көпшілігіне таныс бірнеше жағдайды талдау ұсынылды.
Мәселен, жас маман сүзгілерді ауыстырып қосу кезінде қателік жіберді. Тәлімгері оны көпшіліктің көзінше ұялтып, сөгіс айтқаннан кейін жігіт тұйықталып, жұмысын жалғастырудан бас тартты.
Мұндай жағдайда қалай әрекет ету керек? Адамның жеке басына тиіспей, нақты қатені талқылау, оның салдарын түсіндіру және дұрыс әрекет ету тәртібін бірге анықтау қажет. Басты мақсат – қателігі үшін жазалау емес, оны қайталамауға үйрету.
Тағы бір мысал: жас болат балқытушы бұрын да қорғаныш қалқанынсыз жұмыс істегенін айтып, оны тағудан әдейі бас тартады.
Бұл жағдайда ұсыныс біреу: қауіпсіздік мәселесінде ешқандай ымыраға жол берілмейді. Қауіпті жұмысты дереу тоқтатып, белгіленген талаптардың сақталуын қамтамасыз ету және ережені бұзудың салдарын түсіндіру қажет. Сонымен қатар жағдайды көпшілік алдында кімнің беделді екенін дәлелдейтін тартысқа айналдырмаған жөн.
Келесі оқу кейсі – жұмыстан тыс уақытта қосымша жұмыс істеуге байланысты туындаған жанжал. Слесарь баласын балабақшадан алып кетуі керек болғандықтан, жұмыста қалу талабына наразылық білдіреді.
Мұндай жағдайда қорқыту мен қысым көрсетудің орнына тәлімгер қызметкердің наразылығының нақты себебін анықтап, жағдайды бағалап, өндірістік міндеттер мен еңбек заңнамасын ескере отырып, шешім табуы маңызды.
Жанжалды «амортизациялау» әдісіне ерекше назар аударылды. Оның қағидасы қарапайым: ашуға ашумен жауап бермеу, кідіріс жасау, әңгімелесушіні тыңдау, эмоцияны нақты фактілерден ажырату және әңгімені сындарлы арнаға бұру.
Қатысушылар белсенді тыңдау тәсілдерін, жас қызметкерлерді ынталандыру жолдарын, команда қалыптастыру және көшбасшылық әдістерін де меңгерді. Студенттердің жас ерекшеліктерін ескеру, дұрыс кері байланыс орнату және жұмыс операцияларын көрсетуден тапсырмаларды өз бетінше орындауға біртіндеп көшу неліктен маңызды екені талқыланды.
Тәжірибелік сабақтармен қатар бағдарлама дуальды оқытудың нормативтік-құқықтық негіздерін, колледждер мен жоғары оқу орындары студенттерінің өндірістік практикасын ұйымдастыру қағидаттарын қамтыды.
ШҚО Кәсіпкерлер палатасы Тәлімгерлік мектебінің жетекшісі, сертификатталған тренер-мультипликатор Әсет Әділханның айтуынша, қазіргі тәлімгер тек кәсіби білімге ғана емес, педагогикалық дағдыларға да ие болуы тиіс.
«Студентке жұмыстың қалай орындалатынын көрсетіп қана қоймай, алған білімін өз бетінше қолдануға үйрету маңызды. Сондықтан біз педагогикалық әдістемелерге, жас ерекшелік психологиясына, көшбасшылық пен команда қалыптастыруға ерекше көңіл бөлеміз. Тәлімгер түсіндіре білуі, ынталандыруы және әрбір білім алушыға жеке тәсіл таба алуы керек», – деп атап өтті Әсет Әділхан.
ШҚО Кәсіпкерлер палатасының мәліметінше, тәлімгерлік жүйесін дамыту болашақ кадрларды даярлау сапасымен тікелей байланысты. Өйткені жас маманның кәсіпорында жұмысын жалғастыруға деген ниеті көбіне оның алғашқы еңбек тәжірибесіне, тәлімгердің қарым-қатынасына және ұжымдағы ахуалға байланысты.