Атырауда сауда желілерінде отандық өнімді өткізу мәселелері талқыланды
Атырау облысының Кәсіпкерлер палатасында Атырау облысы бойынша Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің ұйымдастыруымен қаладағы ірі сауда нысандары өкілдерінің қатысуымен кездесу өтті. Жиында сауда желілері мен отандық өндірушілер арасындағы өзара іс-қимыл, жекелеген азық-түлік өнімдерінің тапшылығы және жергілікті өнімді нарыққа шығаруға кедергі келтіретін мәселелер талқыланды.
Кездесуді ашқан Атырау облысы бойынша Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті басшысының міндетін атқарушы Жансая Дадын жиынның басты мақсаттарының бірі өндірушілер, көтерме жеткізушілер мен сауда нысандары арасындағы тиімді өзара іс-қимыл тетіктерін қалыптастыру екенін атап өтті.
«Кездесу барысында отандық өндірушілермен, көтерме жеткізушілермен және сауда желілерімен өзара іс-қимыл мәселелерін талқылау, сондай-ақ отандық өнімдерді сауда нысандарында өткізуге кедергі келтіретін түйткілдер мен тосқауылдарды анықтау жоспарланып отыр. Қатысушылар тарапынан айтылған барлық мәселелер мен ұсыныстар жинақталып, одан әрі қарау және тиісті шаралар қабылдау үшін бейінді министрліктің назарына ұсынылады», – деп атап өтті Жансая Дадын.

Талқылау барысында сауда саласының өкілдері жергілікті жерде өндірілген өнімдерді сатып алу және өткізу кезінде кездесетін бірқатар мәселелерді ортаға салды. Атап айтқанда, жеткізілім көлемінің жеткіліксіздігі, әлеуметтік маңызы бар жекелеген тауарлардың тапшылығы және баға белгілеудегі қиындықтар сөз болды.
«Клубничный рай» ЖК басшысы Бибігүл Бегалиева нарықта жұмыртқа тапшылығы байқалып отырғанына назар аударды.
«Қазіргі уақытта жұмыртқа тапшылығы байқалады. Оның үстіне, өнім өндірушілердің өзінде де жеткілікті мөлшерде өнім жоқ», – деді кәсіпкер.

«ТД «Ярмарка» ЖШС коммерциялық директоры Арман Сапаков отандық өндірушілер ең алдымен жергілікті халықтың қажеттілігін қамтамасыз етуі тиіс екенін, алайда іс жүзінде сауда нысандары тұрақты әрі кепілдендірілген жеткізілімге әрдайым сенім арта алмайтынын атап өтті.
«Өндірушілер бірінші кезекте жергілікті халықты қажетті өніммен қамтамасыз етуі керек. Алайда бүгінгі таңда олар қажетті жеткізілім көлеміне кепілдік бере алмайды. Біз өз тарапымыздан бизнес өкілдері ретінде отандық өндірушілерді қолдауға дайынбыз. Дегенмен, экономикалық қиындықтар да бар. Мәселен, картопты өткізу көбіне сауда нысандары үшін тиімсіз болып жатады», – деп түсіндірді ол.
Сонымен қатар кәсіпкер салық жүктемесі мен әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына белгіленген сауда үстемесінің шектеулеріне қатысты мәселе көтерді.
«ҚҚС мөлшерлемесі 16% болған жағдайда және әлеуметтік маңызы бар тауарларға сауда үстемесінің 15% мөлшерінде шектелуі кезінде белгілі бір қиындықтар туындайды. Ал көптеген ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер ҚҚС төлемей жұмыс істейді. Осы факторлардың барлығын ескеру қажет. Қалыптасқан мәселелерді шешу үшін өңірдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған жеке жоба әзірлеу қажет деп санаймын», – деп ұсыныс білдірді Арман Сапаков.

Сауда нысандарының өкілдері нарықтағы отандық өнім көлемінің әлі де жеткіліксіз екенін атап өтті. Олардың пікірінше, жергілікті тауарлардың үлесін арттыру үшін жергілікті атқарушы органдар тарапынан қолдау көрсетіліп, өндірушілер мен сауда желілері арасындағы ынтымақтастыққа қолайлы жағдай жасалуы қажет.
Кәсіпкерлердің айтуынша, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын өткізу және олардың бағасына қатысты мемлекеттік органдар тарапынан қойылатын талаптар көбіне базарлар мен сауда нысандарына бағытталады. Ал отандық өнім ұсынысының жеткіліксіздігі мәселесі әлі де шешімін таппай отыр.
Сонымен бірге сауда өкілдері тұрақты жеткізілім, жеткілікті ассортимент және өзара тиімді ынтымақтастық шарттары қамтамасыз етілген жағдайда жергілікті өндірушілердің өнімдеріне басымдық беруге дайын екендіктерін жеткізді.
Кездесу қорытындысы бойынша көтерілген мәселелер бақылауға алынды. Жергілікті атқарушы органдармен және азық-түлік нарығына қатысушылармен одан әрі өзара іс-қимыл жасау, сондай-ақ отандық өндірушілерді қолдауға, олардың өнімдерін сауда желілері арқылы кедергісіз өткізуге және халық үшін бағаның негізсіз өсуіне жол бермеуге бағытталған нақты шараларды әзірлеу жөнінде уағдаластыққа қол жеткізілді.