Бизнес формалды жауаптардан шаршады: «Атамекен» кәсіпкерлердің өтініштерін үстірт қарағаны үшін жауапкершілік енгізуді ұсынады

13.11.2026
Бизнес формалды жауаптардан шаршады: «Атамекен» кәсіпкерлердің өтініштерін үстірт қарағаны үшін жауапкершілік енгізуді ұсынады

Қайырбек Сүлейменовтің төрағалығымен өткен «Атамекен» ҰКП Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңесінің отырысында мемлекеттік органдардың шағымдар мен өтініштерді қарау кезінде кәсіпкерлердің құқықтарын сақтауы мәселесі талқыланды.

Бір жылда заңды тұлғалардан түскен 665 мыңнан астам өтініш, мемлекеттік сатып алу бойынша төлемдердің бірнеше айға кешіктірілуі және мемлекеттік органдардың үлгі бойынша беретін жауаптары заңнама талаптары мен бизнес өтініштерін қараудың нақты тәжірибесі арасында әлі де алшақтық бар екенін көрсетеді.

Кеңес отырысында Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекстің (ӘРПК) енгізілуі әкімшілік әділеттілікті дамыту және «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру жолындағы маңызды қадам болғаны атап өтілді. Заң мемлекеттік органдарды өтініштердегі мән-жайларды жан-жақты әрі объективті зерделеуге, негізделген шешімдер қабылдауға және толыққанды жауап беруге міндеттейді.

«Іс жүзінде кәсіпкерлер көбіне формалды жауап алады, өз құқықтарын қорғауға қол жеткізгенше мемлекеттік органдарға қайта-қайта жүгінуге және бірнеше әкімшілік сатыдан өтуге мәжбүр болады», – деді баяндамашы Гүлнара Құрбанбаева.

665 мыңнан астам өтініш: әр санның артында бизнестің нақты мәселелері тұр

e-Otinish ақпараттық жүйесінің деректеріне сәйкес, 2025 жылы заңды тұлғалардан 800 мыңнан астам өтініш тіркелген. Техникалық қайталанулар мен бірін-бірі қайталайтын өтініштер алынып тасталғаннан кейін талдауға 665 мың өтініш енгізілген.

Изображение

Өтініштердің ең көбі Қаржы министрлігіне (113 074), Үкімет Аппаратына (89 223) және Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігіне (45 164) түскен.

Негізгі мәселелер салықтық әкімшілендіруге, электрондық шот-фактураларға, қосылған құн салығын (ҚҚС) қайтаруға, мемлекеттік сатып алуға, жер қатынастары мен құрылысқа қатысты. Қайталама өтініштердің елеулі бөлігі нақты шешімдердің болмауынан және жауаптардың толық берілмеуінен туындайды.

Орындалған жұмысқа төленбеген қаражат және қайтарылмаған миллиардтаған теңге ҚҚС

Ең өзекті мәселелердің бірі – мемлекеттік сатып алу аясындағы төлемдердің кешіктірілуі.

Мәселен, «АлатауИнжСтрой» ЖШС мектепке күрделі жөндеу жүргізген, жұмыс ескертусіз қабылданған, алайда төлем 150 күннен астам уақыт бойы жасалмаған. «Тонар-Кокше» ЖШС 36 млн теңгеден астам сомаға көмір, ал «Организм» ЖШС шамамен 29 млн теңгеге медициналық жабдық жеткізгенімен, олар да төлем алуда қиындықтарға тап болған.

Мұндай жағдайлар айналым қаражатының тапшылығына, берешектің өсуіне және жалақы төлеудің кешігуіне әкеледі. Соның салдарынан мемлекеттік міндеттемелердің тиісінше орындалмауының ауыртпалығы іс жүзінде кәсіпкерлерге жүктеледі.

Изображение

ҚҚС қайтару мәселесінде де жағдай күрделі. Бизнеске миллиардтаған теңге қайтарылмай отыр. Соның нәтижесінде кәсіпорындар айналым қаражатынан қағылып, қарыз қаражатын тартуға және инвестициялық шығындарын қысқартуға мәжбүр.

Әкімшілік кедергілер бизнестің дамуын тежейді

Өтініштерді формалды қарау мәселесі басқа салаларда да байқалады.

Ақмола облысының 250-ден астам кәсіпкері электр энергиясы тарифтерінің күрт өсуіне шағымданған: тұтынушылардың жекелеген санаттары үшін баға 1 кВт·сағ үшін 48,51 теңгеден 70,18 теңгеге дейін көтерілген.

Шығыс Қазақстан облысында егжей-тегжейлі жоспарлау жобаларының болмауы сәулет-жоспарлау тапсырмаларын алуға және құрылыс жобаларын іске асыруға кедергі келтіруде.

Түркістан облысында 118 жекеменшік мектеп 2025 жылғы қыркүйек–желтоқсан айлары үшін төлем алмаған. Жалпы берешек 5,2 млрд теңгені құрайды. Бұған e-Qazyna порталындағы ақпараттық жүйелердің уақтылы интеграцияланбауы себеп болғаны айтылды.

Осылайша, кәсіпкерлер бастапқы әкімшілік кедергілермен ғана емес, оларды жедел жоюдың тиімді тетігінің жоқтығымен де бетпе-бет келіп отыр.

Изображение

Сот тәжірибесі бизнес шағымдарының негізді екенін растайды

2025 жылы салық органдарының әрекеттеріне қатысты заңды тұлғалардың қаралған 670 арызының 452-сі, яғни 67,4%-ы қанағаттандырылған. Жер даулары бойынша 1 336 арыздың 920-сы (68,8%), ал мемлекеттік қызметтер саласында мемлекеттік органдарға қойылған 393 талаптың 208-і (52,9%) қанағаттандырылған.

«Кәсіпкерлердің едәуір бөлігі мәселені әкімшілік тәртіппен шеше алмаған соң сотқа жүгінуге мәжбүр. Ал сот талқылаулары қосымша уақыт пен қаржылық шығынды талап етеді», – деп атап өтті Гүлнара Құрбанбаева.

«Атамекен» ҰКП деректеріне сәйкес, 2025 жылғы 1 қаңтар мен 2026 жылғы 30 шілде аралығында ҰКП орталық аппараты мен өңірлік кәсіпкерлер палаталарына 24 677 өтініш келіп түскен.

«Атамекен» мемлекеттік қызметшілердің жеке жауапкершілігін күшейтуді ұсынады

Кеңес әкімшілік тәртіппен шағымданудың қолданыстағы тетіктерін өтініштерді тиісінше қарамағаны үшін нақты жауапкершілік шараларымен толықтыру қажет деп есептейді.

Атап айтқанда, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексте жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау тәртібі мен мерзімдерін бұзғаны үшін лауазымды адамдардың жауапкершілігін көздеу; негізсіз шешімдер қабылдағаны, формалды, толық емес және үстірт жауаптар бергені үшін жауапкершілік белгілеу; сот лауазымды адамдардың әрекеттерін немесе әрекетсіздігін заңсыз деп таныған жағдайда, оларды заңда белгіленген тәртіппен жауапқа тарту мәселесін көтеру ұсынылады.

Заңнамалық өзгерістердің қажеттілігі ӘРПК қабылданғаннан кейін өтініштерді қарау тәртібін бұзғаны үшін Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің бұрынғы 189-бабында көзделген әкімшілік жауапкершіліктің күшін жоюымен байланысты. Қазіргі уақытта соған балама жауапкершілік тетігі жоқ.

Изображение

«Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидаты іс жүзінде жұмыс істеуі тиіс. Мемлекеттік орган кәсіпкерге жай ғана жауап беріп қоймай, мәселенің мән-жайын анықтап, заңды әрі негізделген шешім қабылдауға міндетті. Формализм мен әрекетсіздіктің нақты салдары болуы керек», – деп атап өтті Кеңес төрағасы Қайырбек Сүлейменов.

Отырыс қорытындысы бойынша Кеңес мынадай ұсынымдар берді:

  • Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі Комитетіне – өтініштерді қабылдау, тіркеу және қарау кезеңдерінде кәсіпкерлердің құқықтары мен заңды мүдделерінің қорғалуын қамтамасыз ету.

  • Әділет министрлігіне – жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау туралы заңнаманы бұзғаны үшін жауапкершілікті күшейту жөніндегі заң жобасын әзірлеу мүмкіндігін қарастыру.

Кеңес отырысының материалдары танысу үшін Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігіне, Қауіпсіздік Кеңесінің Аппаратына және Қазақстан Республикасы Үкіметінің Аппаратына жолданды.