COP31: Климаттық жобалар мен инвестициялар – «Атамекен» күн тәртібінің басты тақырыбы

13.11.2026
COP31: Климаттық жобалар мен инвестициялар – «Атамекен» күн тәртібінің басты тақырыбы

COP31 аясындағы Қазақстан Республикасының Ұлттық павильонында «Қазақстанның көміртек нарығы: ұлттық тетіктерден халықаралық ынтымақтастыққа» тақырыбында сессия өтті. Жиында мемлекеттік органдардың, бизнес, қаржы институттары мен халықаралық ұйымдардың өкілдері көміртек нарығын дамыту, инвестициялар тарту және климаттық жобаларды іске асыру шарттарын талқылады.

Іс-шараны ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігі мен Халықаралық жасыл технологиялар және инвестициялық жобалар орталығы ұйымдастырды. Талқыланған басты мәселе – Ұлттық шығарындылар саудасы жүесінің, ерікті көміртек нарығы және Париж келісімінің 6-бабы тетіктерінің өзара байланысы болды.

Сессия қатысушыларын құттықтай отырып, ҚР Экология және табиғи ресурстар министрі Әлібек Қуантыров көміртек нарығын дамыту, климаттық инвестициялар тарту және шығарындыларды қысқарту жөніндегі жобаларды жүзеге асыру үшін мемлекет, бизнес және халықаралық серіктестердің бірлескен жұмысының маңыздылығын атап өтті.

«Электр энергиясының айтарлықтай бөлігі әлі де көмірден өндірілетін энергияға тәуелді экономика үшін бұл – түбегейлі өзгеріс. Оны тек мемлекеттік қаражат есебінен ғана қаржыландыру мүмкін емес. Дәл сол себепті біз көміртек нарығын жеке инвестицияларды аз көміртекті дамуға тартудың негізгі құралы ретінде қарастырамыз», – деп атап өтті Әлібек Қуантыров.

Изображение

«Көміртек нарықтарына деген сенім сапаға негізделетінін мойындаймыз. Сондықтан, біз ашық мониторинг, есептілік пен верификация, сенімді тізілім, екі рет есепке алуға жол бермеу және халықаралық стандарттарға сәйкестікке басымдық береміз», – деді министр.

Сессияда «Атамекен» ҰКП Төралқа Төрағасы – Басқарма Төрағасы Қанат Шарлапаев сөз сөйледі. Ол бизнес үшін көміртек нарығының дамуы өлшенетін нәтижелерге әкелуге, яғни технологияларды енгізуге, өндірісті жаңғыртуға және ұзақ мерзімді инвестициялар тартуға көмектесуі қажет екенін атап өтті.

«Кәсіпкерлер үшін климаттық күн тәртібі бүгінде бәсекеге қабілеттілікпен, өндірісті жаңғыртумен және инвестицияларға қолжетімділікпен тікелей байланысты. Сондықтан, көміртек нарығының тиімділігін біз алдымен нақты жобалар арқылы бағалаймыз: қандай технологиялар енгізілді, қанша инвестиция тартылды және қаншалықты шығарындылар қысқартылды», – деп атап өтті Қанат Шарлапаев.

Изображение

Ұлттық палата жұмысының негізгі бағыттарының бірі – тұрмыстық қатты қалдықтар полигондарын газсыздандыру жобаларын сүйемелдеу. Олар қоқыс газын жинап алу және зарарсыз жоюды, метан шығарындыларын қысқартуды және электр энергиясын өндіру үшін газды пайдалануды көздейді. Бұл бір уақытта экологиялық міндеттерді шешуге және қалдықтарды басқару инфрақұрылымын дамытуға мүмкіндік береді.

«Атамекен» ұсыныстар жинағында оңтүстік кореялық инвесторлардың қатысуымен Алматы облысындағы «Қарасай» полигонындағы және Шымкенттегі «Ақтас-1» полигонындағы жобалар бар. Алдын ала есептеулер бойынша бірінші кезеңнің жиынтық инвестиция көлемі 48 миллион АҚШ долларын құрайды. Одан әрі кеңейту мүмкіндіктері қарастырылуда.

Ұлттық палата басшысының айтуынша, инвестицияларды қайтару үшін көміртекті бірліктерді сатудан түсетін табыстың маңызы зор: шығындардың едәуір бөлігі экологиялық инфрақұрылымға тиесілі. Сондықтан көміртек нарығына қатысу шарттары жобалардың қаржылық өміршеңдігіне тікелей әсер етеді.

«Атамекен» реттеуші кедергілерді пысықтауды, инвесторлардың мемлекеттік органдармен өзара іс-қимылын және жобалық тұжырымдамаларды қарастырылған рәсімдер арқылы ілгерілетуді сүйемелдейді. Сонымен қатар, алғашқы жобалардың тәжірибесі Қазақстанның басқа кәсіпорындары мен өңірлері үшін түсінікті әрі қолданыстағы жағдайларды қалыптастыруға көмектесуге тиіс.

Ұлттық палата болжамды рәсімдердің, айқын талаптардың және шығарындыларды қысқарту нәтижелерін экономикалық тұрғыдан негізделген түрде бөлудің қажеттілігін атап өтті. Мұндай шарттар ұлттық климаттық міндеттемелерді ескеріп, бизнестің ұзақ мерзімді салымдарға деген қызығушылығын сақтауға тиіс.

«Шығарындылар қысқаруының дәйектілігі, оларды тексеру сапасы және екі рет есепке алуға жол бермеу де аса маңызды. Жобалардың нәтижелеріне деген сенім халықаралық ынтымақтастық пен капитал тартудың негізін қалайды», – деп атап өтті Қанат Шарлапаев.

Жекелеген бағыт – Түркияның Өнеркәсіп және бизнес қауымдастығымен (TÜSİAD) ынтымақтастық болды. Сессия аясында «Атамекен» ҰКП мен TÜSİAD арасында өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды. Құжат декарбонизация, көміртекті реттеу мәселелері бойынша тұрақты өзара іс-қимылдың, бірлескен климаттық жобаларды пысықтаудың, сондай-ақ трансшекаралық көміртекті реттеуге бейімделудің негізін қалыптастырады.

Изображение

TÜSİAD Президенті Озан Дирен меморандумға қол қоюдың Қазақстан мен Түркияның іскерлік қоғамдастықтарының әріптестігін нығайту және декарбонизация саласындағы бірлескен жобаларды дайындау үшін аса маңызды екенін атап өтті.

Қазақстандық кәсіпорындар үшін бұл ынтымақтастық түркиялық өнеркәсіптік компаниялармен тікелей байланыс орнатуға, жасыл технологияларды енгізу және Париж келісімінің 6-бабы бойынша жобаларды дайындау мен тексеру тәжірибесін алмасу үшін серіктестер табуға жол ашады. Бірлескен сараптамалық жұмыс пен оқыту іс-шаралары бизнеске шығарындылар саудасы жүйелерінің талаптары мен ЕО-ның трансшекаралық көміртекті реттеу тетігінің (CBAM) талаптарын жақсырақ түсінуге көмектеседі.

Ұлттық палата кәсіпорындардың ұсыныстарын біріктіруге, кедергілерді жоюға жәрдемдесуге және қазақстандық бизнестің халықаралық серіктестермен ынтымақтастығын қолдауға дайын. Климаттық жобалардың инвестициялық идеядан бастап толық іске асырылуына және шығарындылардың қысқарғаны расталған сәтке дейін барлық жолдан өтуіне жағдай жасау басты басымдық болып қала бермек.