«Атамекен» мен Ұлттық аккредиттеу орталығы Қазақстандағы сапа инфрақұрылымын дамыту үшін күш біріктіреді

13.11.2026
«Атамекен» мен Ұлттық аккредиттеу орталығы Қазақстандағы сапа инфрақұрылымын дамыту үшін күш біріктіреді

 «Атамекен» ҰКП мен «Ұлттық аккредиттеу орталығы» сапа инфрақұрылымын дамытуға, кәсіби өзара іс-қимылды нығайтуға және отандық кәсіпорындардың бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталған ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.

Құжатқа «Атамекен» ҰКП Басқарма Төрағасының орынбасары Жеңіс Тайшытаев пен «Ұлттық аккредиттеу орталығы» РМК бас директоры Айдар Әбілдәбеков қол қойды.

Меморандумға қол қою рәсімінің Дүниежүзілік сапа күнімен тұспа-тұс келуі ерекше мәнге ие. Бұл оқиға елімізде сапа мәдениетін дамыту, кәсіби сараптаманы нығайту және отандық кәсіпорындар арасында озық тәжірибелерді кеңінен тарату бағытындағы ортақ міндеттермен үндеседі.

Изображение

Қазіргі жағдайда өнімдер мен көрсетілетін қызметтердің сапасы бизнестің бәсекеге қабілеттілігін айқындайтын негізгі факторлардың біріне айналып отыр. Тұтынушылар талаптарының артуы, технологиялардың дамуы және нарықтағы бәсекенің күшеюі кәсіби құзыреттерді үздіксіз жетілдіруді және сапаны басқарудың тиімді тәсілдерін енгізуді талап етеді.

Салтанатты рәсім барысында Ұлттық аккредиттеу орталығының еліміздегі сапа инфрақұрылымын дамытуға қосып отырған елеулі үлесі, сондай-ақ екі ұйымның кәсіби тәжірибесі мен сарапшылық әлеуетін біріктірудің маңыздылығы атап өтілді.

«Бүгін қол қойылатын меморандум ұйымдарымыздың кәсіби құзыреттерін біріктіруге, тәжірибе алмасуға және сараптамалық өзара іс-қимылды дамытуға негіз қалайды», – деді «Атамекен» ҰКП Басқарма Төрағасының орынбасары Жеңіс Тайшытаев.

Изображение

Қол жеткізілген уағдаластықтар аясында тараптар жүйелі ынтымақтастықты дамытуға, мамандардың біліктілігін арттыруға, бірлескен оқыту іс-шараларын, семинарлар мен консультациялар өткізуге, сондай-ақ кәсіби тәжірибе және әдістемелік материалдар алмасуға ниетті.

Өзара іс-қимылдың маңызды бағыттарының бірі – Ұлттық аккредиттеу орталығы мамандарын Қазақстан Республикасы Президентінің «Алтын сапа» сыйлығына үміткерлер мен «Қазақстанның үздік тауары» республикалық конкурсына қатысушыларды сараптамалық бағалауға тарту. Тараптардың кәсіби құзыреттерін біріктіру отандық кәсіпорындардың жетістіктерін бағалау тәсілдерін одан әрі жетілдіруге ықпал етеді.

Изображение

Меморандумға қол қою «Атамекен» мен Ұлттық аккредиттеу орталығы арасындағы ұзақ мерзімді ынтымақтастыққа жаңа мүмкіндіктер ашып, ұлттық сапа инфрақұрылымын дамытуға, сарапшылар қауымдастығын нығайтуға және қазақстандық бизнестің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға ықпал етпек.