«Атамекен» ХВҚ-мен бизнестің дамуы мен жеке инвестицияларды тартуға кедергі келтіретін мәселелерді талқылады
«Атамекен» Қазақстан Республикасы Ұлттық кәсіпкерлер палатасының алаңында Халықаралық валюта қоры (ХВҚ) өкілдерінің бизнес-қоғамдастық өкілдерімен кездесуі өтті. Кездесу барысында шағын және орта кәсіпкерліктің дамуын, жеке инвестициялардың ұлғаюын және Қазақстанда жаңа өндірістік жобалардың іске қосылуын тежейтін негізгі факторлар талқыланды.
Кездесу барысында кәсіпкерлер қауымдастығы іскерлік ортадағы бірқатар жүйелі мәселелерді көтерді. Олардың қатарында ұзақ мерзімді қаржыландырудың қымбаттығы мен қолжетімділігінің шектеулі болуы, бәсекелестік жағдайының тең болмауы, реттеу талаптарының болжамсыздығы, компаниялар арасындағы кооперацияға кедергі келтіретін салықтық шектеулер, сондай-ақ меншік құқығын қорғау және шарттық міндеттемелердің орындалуына қатысты мәселелер бар.

ШОБ субъектілерінің қаржы ресурстарына қол жеткізуіне ерекше назар аударылды. Кредит мөлшерлемелерінің жоғарылығы, кепілдік қамтамасыз етуге қойылатын талаптар және қаржыландыру мерзімдерінің қысқалығы өтелу кезеңі ұзақ жобаларды іске асыруды қиындатады. Осы мәселелерді шешу үшін Палата кепілдік беру құралдарын, лизинг пен факторингті, сондай-ақ жеке кредиторлармен тәуекелдерді бөлісу тетіктерін дамытуды ұсынады.
Тағы бір маңызды мәселе – бәсекелестікке тең жағдай жасау. Бизнес өкілдерінің пікірінше, экономикадағы мемлекеттік және квазимемлекеттік сектордың елеулі үлесі, сондай-ақ инфрақұрылым мен сатып алуларға қол жеткізу шарттарының ашық болмауы жеке компаниялардың мүмкіндіктерін шектейді. Осыған байланысты бәсекелестік бейтараптық қағидаттарын сақтау, жекешелендіру үдерістерінің ашықтығын қамтамасыз ету, кәсіпкерлердің нарықтар мен табиғи монополиялар қызметтеріне тең қол жеткізуіне жағдай жасау өзекті болып отыр.

«Маңызды міндеттердің бірі – шағын бизнестің жүйелі түрде дамып, орта кәсіпкерлік санатына өтуіне қажетті жағдай жасау. Ол үшін қаржыландыруға қолжетімділікті кеңейтумен қатар, әкімшілік кедергілерді жою, реттеу жүйесін жетілдіру және қолайлы іскерлік орта қалыптастыру қажет. «Атамекен» ҰКП бизнеске түсетін әкімшілік жүктемені азайту мәселелері бойынша Үкіметпен жүйелі жұмыс жүргізіп келеді. Сонымен қатар Палата еліміздегі іскерлік ахуалды тұрақты түрде зерделеп, проблемалық мәселелерді анықтайды және оларды шешу бойынша ұсыныстар әзірлейді. Біздің мақсатымыз – кәсіпкерлерге өз ісін сенімді дамытуға, инвестиция салуға және жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік беретін нақты өзгерістерге қол жеткізу», – деп атап өтті «Атамекен» ҚР ҰКП Басқарма мүшесі – Аппарат басшысы Нұрбек Нәлқожа.
Ұлттық палата алаңында ШОБ-ты мемлекеттік қолдау шараларының тиімділігін арттыру қажеттігі де атап өтілді. Палатаның пікірінше, субсидиялау кепілдік тетіктерін дамытумен, инвестициялық жобаларды дайындау сапасын және кәсіпкерлердің басқарушылық құзыреттерін арттырумен қатар жүргізілуі тиіс. Бұл ретте қолдау шараларының тиімділігін тартылған жеке инвестициялар мен кәсіпорындар өнімділігінің өсуін ескере отырып бағалау маңызды.
Талқылау қорытындысы бойынша «Атамекен» ҰКП жеке инвесторлар үшін тәуекелдер мен шығындарды азайтуды негізгі басымдық ретінде белгіледі. Бұл үшін реттеудің тұрақты қағидаларын қамтамасыз ету, меншік құқығын қорғау және бәсекелестік ортаны дамыту қажет.

Палата атап өткендей, жүргізіліп жатқан реформалардың нәтижелілігі нақты экономикалық көрсеткіштер арқылы бағалануы тиіс. Олардың қатарында жеке инвестициялар көлемінің ұлғаюы, жұмыс істеп тұрған кәсіпорындардың кеңеюі, жаңа өндірістердің іске қосылуы және тұрақты жұмыс орындарының құрылуы бар.