Қазақстанның Сыртқы сауда палатасы Кубамен сауда-экономикалық ынтымақтастық мәселелерін талқылады

16.11.2026
Қазақстанның Сыртқы сауда палатасы Кубамен сауда-экономикалық ынтымақтастық мәселелерін талқылады

Қазақстанның Сыртқы сауда палатасының Басқарма төрағасы Мұрат Қарымсақов Куба Республикасының Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Оскар Сантана Леонмен және Қазақстан Республикасының Куба Республикасындағы жаңадан тағайындалған Елшісі Олжас Исабековпен кездесті.

Кездесуде тараптар Қазақстан мен Куба арасындағы сауда-экономикалық қатынастардың қазіргі жай-күйі мен даму перспективаларын, іскерлік байланыстарды кеңейту және екі ел кәсіпкерлерінің өзара іс-қимылына жаңа мүмкіндіктер жасау мәселелерін талқылады.

Қазақстан Елшісі Олжас Исабеков екіжақты ынтымақтастықтың негізгі бағыттары мен өзара сауданың құрылымы, соның ішінде экспорт пен импорт туралы айтып, тауар айналымын арттыруға мүмкіндік беретін перспективалы салаларды атап өтті. Қазақстан мен Кубаның іскер топтары арасындағы тікелей байланыстарды жандандыруға, жаңа сауда серіктестерін іздеуге және өзара тиімді жобаларды дамытуға ерекше назар аударылды.

Изображение

Куба Елшісі Оскар Сантана Леон қазақстандық компанияларды 24–26 қараша күндері «Әлемге ашық Куба» ұранымен өтетін 42-ші халықаралық Гавана жәрмеңкесіне (FIHAV 2026) қатысуға шақырды.

FIHAV — Кубадағы ең ірі көпсалалы сауда жәрмеңкесі және Кариб өңіріндегі маңызды іскерлік алаңдардың бірі. Биыл іс-шара гибридті форматта өтеді, оның негізгі бөлігі онлайн платформада ұйымдастырылады. Бұл қазақстандық компанияларға жәрмеңкеге қашықтан қатысып, өз өнімдері мен қызметтерін таныстыруға, іскерлік келіссөздер жүргізуге және жаңа серіктестік байланыстар орнатуға мүмкіндік береді.

Мұрат Қарымсақов қазақстандық бизнестің алдағы жәрмеңкеге қатысу мүмкіндіктерін қарастыруға қызығушылық білдірді. Мәселені жан-жақты пысықтау үшін ол іс-шараның бағдарламасы мен қатысу шарттарын қоса алғанда, жәрмеңке туралы толық ақпарат сұрады. Сондай-ақ ұйымдастыру жұмыстарын әрі қарай жүргізу және әлеуетті қатысушылармен жұмыс істеу үшін Кубаның Сауда-өнеркәсіп палатасымен үйлестіру тетіктерін айқындау қажеттігі атап өтілді.

Кездесуде Қазақстанның Сыртқы сауда палатасы мен Кубаның Сауда-өнеркәсіп палатасы арасында өзара түсіністік туралы меморандумға қол қою мүмкіндігі де талқыланды. Меморандум ынтымақтастықты дамытуға және екі ел кәсіпкерлерінің тікелей іскерлік байланыс орнатуына жәрдемдесуге бағытталған.

Тараптар іскерлік диалогты одан әрі дамытуға және Қазақстан мен Кубаның кәсіпкерлік қауымдастықтары арасындағы практикалық ынтымақтастықты нығайтуға мүдделі екенін білдірді.