БҚО Кәсіпкерлер палатасында мектептердегі тамақтану саласын қаржыландыру мәселелері мен алдағы өзгерістер талқыланды

13.11.2026
БҚО Кәсіпкерлер палатасында мектептердегі тамақтану саласын қаржыландыру мәселелері мен алдағы өзгерістер талқыланды

Батыс Қазақстан облысының Кәсіпкерлер палатасында Орал қаласы прокуратурасы, БҚО Қаржы басқармасы, Мемлекеттік қазынашылық департаменті, Білім басқармасы және бизнес-қауымдастық өкілдерінің қатысуымен жұмыс кеңесі өтті. Кездесудің басты тақырыптары — мектептегі тамақтануды үздіксіз қаржыландыруды қамтамасыз ету, ықтимал берешектерді өтеу және Бюджет кодексіндегі өзгерістерге байланысты өтпелі кезеңнің ерекшеліктері болды.

Тамақтануды қаржыландыру — басым бағытта

Бизнес-қауыммдастық өкілі Андрей Горбун бастаған кәсіпкерлер көтерген негізгі мәселелердің бірі — үш жыл бұрынғы жағдайдың қайталану қаупі. Ол кезде күзгі-қысқы кезеңде қаржыландырудың кешіктірілуіне байланысты қызмет көрсетушілер сот инстанцияларына жүгінуге мәжбүр болған еді.

Мемлекеттік органдардың өкілдері бүгінгі таңда жағдай тұрақты бақылауда екенін айтып, кәсіпкерлерді сендірді. БҚО Қаржы басқармасының бөлім басшысы Индира Ғазизованың түсіндіруінше, Бюджет кодексі мен «Білім туралы» Заңға енгізілген өзгерістерге сәйкес, 1–4 сынып оқушыларын, сондай-ақ аз қамтылған отбасылардан шыққан балаларды ыстық тамақпен қамту шығындары облыстық деңгейде қалады.

«Басым шығындар бойынша берешек болмауын жоспарлап отырмыз. Тамақтану саласы жалақы мен салықтармен қатар басым бағыттардың бірі болып тұр», — деп атап өтті ведомство өкілдері талқылау барысында.

БҚО Білім басқармасы мен Орал қаласы білім бөлімінің мамандары барлық қажетті құжаттар, шарттар және салыстыру актілері болған жағдайда міндеттемелер штаттық режимде орындалатынын, ал кредиторлық берешек туындаған жағдайда оны өтеу тетіктері Қаржы министрлігінің нормативтік актілерімен нақты реттелгенін растады.

Кездесуге қатысушылар қысқы кезеңде балалардың нақты сабаққа қатысуын ескере отырып, мектептер арасында қаражатты қайта бөлу мәселелерін егжей-тегжейлі талқылады. Білім басқармасы өкілдерінің айтуынша, бюджеттің игерілуіне тұрақты мониторинг жүргізілуде: бір білім беру мекемелерінде үнемделген қаражат қаржы тапшылығы туындаған мектептерге жедел түрде қайта бағытталады. Барлық қажетті түзетулер мен қосымша келісімдерді тіркеу жұмыстарын қаржы жылы ресми жабылатын 20 желтоқсанға дейін аяқтау жоспарланып отыр.

Кәсіпкерлер алдағы функциялардың бөлінуіне байланысты рұқсат беру құжаттарын қайта ресімдеу мәселесін де көтерді. Салалық басқарма өкілдері барлық әкімшілік рәсімдік мәселелер бизнеске артық бюрократиялық жүктеме түсірмей, жұмыс тәртібімен шешілетінін түсіндірді.

Кездесу сындарлы жағдайда өтті. Бизнес өкілдері диалог алаңын ұйымдастырғаны үшін Кәсіпкерлер палатасына, сондай-ақ ашық пікір алмасу мен туындаған нақты мәселелерді (атап айтқанда, қаражатты шұғыл қайта бөлуді қажет еткен қала мектептері бойынша) шешуге жедел атсалысқаны үшін ведомство өкілдеріне алғыс білдірді. Тараптар оқушыларды тамақтандыруды ұйымдастыруда іркілістерге жол бермеу мақсатында нақты уақыт режимінде тығыз өзара іс-қимылды жалғастыруға уағдаласты. #БҚОкәсіпкерлерпалатасы #палатапредпринимателейзко #максаткуланбаев #мақсатқұланбаев #батысқазақстаноблысыкәсіпкерлерпалатасы #палатапредпринимателейзападноказзахстааннскойобласти