«Атамекен» Еуразиялық тізілімге енгізу үшін тауарлардың шығу тегіне сараптама жүргізуді бастайды
«Атамекен» Қазақстан Республикасы Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Еуразиялық экономикалық одаққа (ЕАЭО) мүше мемлекеттердің өнеркәсіптік тауарларының Еуразиялық тізіліміне енгізу мақсатында тауарлардың шығарылған елін айқындау бойынша сараптама жүргізуді бастайды.
2026 жылғы 24 маусымдағы Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес Палатаға тиісті өкілеттіктер берілді. Енді «Атамекен» ҰКП тауарлардың шығу тегіне сараптама жүргізіп, шарт негізінде сараптама актілерін береді, сондай-ақ олардың қолданысын жою туралы шешім қабылдайды.
Еуразиялық өнеркәсіптік тауарлар тізілімі – ЕАЭО-қа мүше мемлекеттердің өнеркәсіптік тауарлары мен оларды өндірушілер туралы мәліметтер қамтылған бірыңғай электрондық ақпараттық жүйе. Өнімді тізілімге енгізу оның шығарылған елін растауға және Одаққа мүше мемлекеттердің аумағында мемлекеттік және муниципалдық сатып алуларға қатысуға мүмкіндік береді.
Тауарлардың шығу тегін растау тетігі Еуразиялық экономикалық комиссия Кеңесінің 2020 жылғы 23 қарашадағы № 105 шешімімен реттеледі. Құжатта тауарды ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің бірінде өндірілген деп тануға мүмкіндік беретін өндірістік және технологиялық операцияларға қойылатын талаптар белгіленген.
Тауардың түрі мен тиісті тізбеде көзделген талаптарға қарай өнімнің шығу тегі екі құжаттың бірімен расталады:
Сараптама актісі – № 105 шешімге 1-қосымшаға енгізілген және белгіленген өндірістік әрі технологиялық талаптарға сәйкес келетін тауарларға беріледі.
СТ-1 сертификаты – № 105 шешімге 1.1-қосымшаға енгізілген, өндірісіне арнайы талаптар белгіленбеген тауарларға қолданылады. Бұл жағдайда тауардың шығу тегі 2009 жылғы 20 қарашадағы Келісім негізінде ТМД қағидаларына сәйкес айқындалады.
Қазақстанда сараптама жүргізу тәртібі Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрінің міндетін атқарушының 2026 жылғы 29 қазандағы № 545 бұйрығымен бекітілген. Қағидалар тауардың шығарылған елін айқындау, тауардың шығу тегі туралы сараптама актісін беру және оның қолданысын жою тәртібін реттейді.
Өтінімдер мен құжаттардың электрондық көшірмелерін қабылдау, материалдарды қарау және сараптама актілерін беру Documentolog платформасындағы «Сертификаттау» бөлімінде жүзеге асырылады. Қызмет алу үшін өндірушілер өндіріс орны орналасқан жердегі Кәсіпкерлер палатасының өңірлік филиалына жүгіне алады.
«Атамекен» ҰКП-на берілген жаңа өкілеттіктер отандық өнеркәсіп өнімдерінің шығу тегін растау рәсімінің ашықтығы мен қолжетімділігін қамтамасыз етуге, сондай-ақ қазақстандық өндірушілердің ЕАЭО елдерінің нарықтарына шығуына және сатып алуларға қатысуына қосымша мүмкіндіктер жасауға бағытталған.
Тауардың шығарылған елін айқындау, тауардың шығу тегі туралы сараптама актісін беру және оның қолданысын жою қағидаларымен сілтеме арқылы танысуға болады.