Орталық Азия сауда рәсімдерін оңайлату және Транскаспий дәлізін дамытудың жаңа қадамдары келісілді

17.11.2026
Орталық Азия сауда рәсімдерін оңайлату және Транскаспий дәлізін дамытудың жаңа қадамдары келісілді

Бішкек қаласында Орталық Азия елдерінің Сауда рәсімдерін оңайлату жөніндегі ұлттық комитеттерінің (СРОҰК) XV өңірлік кездесуі өтті. Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан және Өзбекстан өкілдері трансшекаралық сауданы дамыту, көлік және кеден рәсімдерін цифрландыру, сондай-ақ Транскаспий халықаралық көлік маршрутының тиімділігін арттыру мәселелерін талқылады.

Жиынға қазақстандық бизнестің мүддесін білдірген «Атамекен» Қазақстан Республикасы Ұлттық кәсіпкерлер палатасы да қатысты. Палата өкілдері сауда рәсімдерін жеңілдету және өңірлік көлік-логистикалық ынтымақтастықты дамыту мәселелерін талқылады.

Кездесу Еуропалық одақ пен Германия және Франция үкіметтері қаржыландыратын, Германияның халықаралық ынтымақтастық жөніндегі қоғамы (GIZ) мен Expertise France бірлесіп жүзеге асыратын «Транскаспий көлік дәлізінің әлеуетін дамыту» өңірлік бағдарламасы аясында өтті. Іс-шараға мемлекеттік органдардың, халықаралық ұйымдардың, сарапшылар қауымдастығының және жеке сектордың өкілдері қатысты.

Кездесудің негізгі мақсаты – өңірлік өзара іс-қимылды нығайту, сауда рәсімдерін оңайлату, көлік байланысын дамыту және Орталық Азия елдері арасындағы тауар қозғалысына кедергі келтіретін тосқауылдарды жою бойынша ортақ тәсілдерді келісу.

Изображение

Қатысушылар құжат айналымын цифрландыруға және сауда мен логистика саласына заманауи шешімдерді енгізуге ерекше назар аударды. Атап айтқанда, электрондық сауда және көлік құжаттарын қолдану, eCMR және eTIR жүйелерін дамыту, сондай-ақ кедендік әкімшілендіруде жасанды интеллект пен өзге де цифрлық технологияларды пайдалану мәселелері талқыланды.

Жекелеген бағыттардың бірі – 2026 жылы Орталық Азия елдері арасындағы және Транскаспий көлік дәлізі арқылы тауар экспорттау кезіндегі шығындарды, уақыт шығынын және құжаттамаға қойылатын талаптарды жедел бағалау нәтижелерін қарастыру. Алынған деректер сауда-логистикалық процестердегі негізгі проблемалық тұстарды анықтауға және оларды оңтайландыру шараларын әзірлеуге мүмкіндік береді.

Кездесу барысында өңір елдері атқарылған жұмыстардың нәтижелерін, қолданыстағы бастамалар мен сауда, көлік және транзит рәсімдерін жетілдіру жөніндегі жоспарларын таныстырды. Сондай-ақ СРОҰК өңірлік платформасының тақырыптық жұмыс топтарының қызмет нәтижелері мен мемлекетаралық ынтымақтастықты одан әрі дамыту жөніндегі ұсыныстар қаралды.

Мемлекеттік органдар мен бизнес арасындағы өзара іс-қимылды нығайту да маңызды тақырыптардың бірі болды. Қатысушылар өңірлік реформаларға жеке секторды белсенді тарту, іскерлік байланыстарды кеңейту және сауда мен логистика саласындағы жаңа шешімдерді әзірлеу кезінде кәсіпкерлердің қажеттіліктерін ескеру қажеттігін атап өтті.

XV кездесу қорытындысы бойынша СРОҰК өңірлік платформасын дамыту жөніндегі алдағы қадамдар келісілді. Бірлескен жұмыстың негізгі бағыттары қатарында сауда және көлік рәсімдерін үйлестіру, цифрлық инфрақұрылымды дамыту, электрондық құжат алмасуды кеңейту, транзиттік тасымалдардың тиімділігін арттыру және бизнестің өңірлік бастамаларға қатысуын күшейту бар.

Бұл шараларды іске асыру кәсіпкерлердің уақыт және әкімшілік шығындарын қысқартуға, трансшекаралық тасымалдардың болжамдылығын арттыруға және Орталық Азия елдері арасындағы сауда-экономикалық байланыстарды нығайтуға бағытталған.